Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр тұрғынның мәселесі назарда болуы керек

0 478

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте аумақтық округтерде коммуналдық және санитарлық тазалық мәселелері бойынша анықталған кемшіліктер қаралды.
Аталған мәселе бойынша сөз алған тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев облыс орталығының 11 округінде тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің орындалуы жайын тілге тиек етті.

– Тараздықтар соңғы аптада 24 мәселені көтерді. Оның ішінде жол жөндеу, бағдаршам, аялдама орнату мәселелері бойынша – 9, түнгі шамдар орнату бойынша – 1, қоқыс мәселесі бойынша – 2, балалар ойын алаңшасы бойынша – 6 және арық жүйесі бойынша 6 шағым бар. Қазір уақытта көтерілген мәселелердің 13-і толық орындалды, – деген Ғабит Серғазыұлы қалғандарын қалыпқа келтіру бағытында жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы бөлімнің атқарған жұмыстарын қатаң сынға алды.

– Сіз басқарып отырған бөлімнің жұмысы тікелей тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен байланысты. Сол себепті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты шаралар тиянақты орындалуы қажет. Десе де, сіздер бұл жұмысты тек азаматтар тарапынан шағым түскеннен соң ғана жүргізесіздер.
Мәселен, шағын аудандардағы арық жүйелеріне су жіберу ісі кенжелеп қалған. Сол секілді жолдарды жөндеуден кейін қалатын асфальт қалдықтары да апталап, айлап жиналмайды. Осының барлығы жіті бақылауыңызда болуы қажетті жұмыстар. Міндеттеріңіз шағымды шешу емес, оларды болдырмау, – деген шаһар басшысы жоспар жұмыр болмай, жұмыс жүйеленбейтінін ескертті.

Келесі кезекте Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар, жаңа оқу жылы мен Конституция күніне дайындық барысы және өзге де мәселелер қаралды.

Қала әкімі күн тәртібінде қаралған тақырыптарға қатысты сын-ескертпелерін айтып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Басқосу соңында Бақытжан Орынбеков жауапты мамандарға күзгі тал егу және көктемгі абаттандыруға дайындықты осы уақыттан бастау, тазалықтың сақталуын назарда ұстау, тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоқыстың уақытылы жиналып, шығарылуын қамтамасыз ету, қала аумағында жүріп жатқан құрылыстарды сапалы жүргізіп, мерзімінде тапсыру секілді маңызды мәселелер бойынша жұмыстарды жоспарлы орындауды жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.