Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рүстем Жаныаманов: Анам «Мәскеуге барма, өлтіріп кетеді» деді

0 1  524

Актер Рүстем Жаныаманов кинодан кету туралы ойы туралы ашық айтты. Халықтың көзайымына айналған «Келінжан» сериалында Қылышбектің рөлін сомдаған ол 4-ші маусымның болатынын хабарлады. Жаныаманов Qasqa Jol арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде жұлдызы жанып, сұранысқа ие актер болғанымен, Жаныаманов кинодан кету туралы жиі ойлайды.

«Менсіз де актерлер жетеді. Кей кезде қарным ашады. Бұрын өнер қандай сапасыз болса, әлі сондай болып келеді. Баяғыда телеарналарымыз өзге ұлттың сериалына толып тұрса, әлі де солай. Осы нәрсе мені ойландырады, толғандырады. Басқа да мәселелер көп.

Неге біз тарихи тұлғаларды алып, 15-ақ сериялы кино түсіреміз? Неге түріктер сияқты нақышына келтіріп, мықтап ойластырып, 100 серия етіп түсірмеске?» – деді Рүстем.

Оның пікірінше, актер кинодағы рөлінен өзге ештеңеге алаңдамауы тиіс. Алайда сайып келгенде қаражаттың аздығынан түрлі мәселелер туындайды, дейді Жаныаманов.

«Кинодан кетуге дайынмын», – деп мәлімдеді ол.

Халық Жаныамановты жақында танығанымен, оның талантын кезінде Мәскеудегі білікті мамандар жоғары бағалаған. Тіпті, сол жақта қалуға тиімді ұсыныс жасағандары да бар екен.

«Академияда оқып жүргенде Мәскеуде фестиваль ұйымдастырған болатын. Бардық, қатыстық. Мен моно-спектакльдің үзіндісін ойнадым. Шыққаннан кейін, сол жақтағы мықты профессорлар келіп, шақырды.
«Гитеске грантқа келіңіз, тегін оқисыз, жатақханадан орын береміз. Екі-ақ адам тұрасыздар бөлмеде, мазаңызды ешкім алмайды. Вахтангов театрында қосымша жұмыс істеп, ақша да тапсаң болады», деді. Мен анамнан сұрап келейін, дедім. Олар күлді.

Анам: «Басты ауыртпа, қайтесің, бармай-ақ қой, басқа ұлттар өлтіріп кетеді» деді. Сөйтіп қалдым», – дейді Жаныаманов.

Өзі бармаса да, актер Ресейді бағындырған Назима, Скриптонит сынды отандастары үшін қуанатынын, мақтанатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Рүстем халықтың жүрегіне жол тапқан «Келінжан» сериалының төртінші маусымы келесі жылы түсірілетінін айтып, қуантты.

«Бірақ қанша серия болатынын айтуға болмайды. Келесі жылы түсіріледі.

Халық жақсы көріп тұрса, неге оны тоқтатады? Ол жерде мықты, отбасылық тақырыптар қозғалды. Сабақ болатын, ой түйетін нәрселер бар. Апамыздың айтатын сөздері қандай?! Осындай сериалдар түсірілу керек. «Келінжанды» кішкентай балалардан бастап, үлкен ата-апаларымызға дейін көреді екен. Менің кейіпкерім үшін уайымдап, «Айсараны бір перші» деп отыратын адамдар бар екен. Дайректке де хат көп келіп жатады. «Сіз сияқты актердің бар екенін білмеппіз» деп жазады», – деген актер бұл үшін сериалдың бас продюсері Гүлнұр Мамасариповаға қарыздар екенін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.