Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көпшілік күткен көпір көп кешікпей салынады

0 319

Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, келер жылы шаһар аумағына Байзақ пен Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен мен екі саяжай қосылып, тұрғындардың саны 570 мыңнан асып жығылады деп жоспарлануда. Осының әсерінен шаһарда көлік қозғалысы көбейері сөзсіз. Сондықтан ел аузында «За линией» аталып кеткен аумақ пен орталықты байланыстыратын жол өткелі салынбақ. Бұл өз кезегінде бірқатар үйді сүру қажеттілігін туындатып отыр.

Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сүрілетін үйлердің тұрғындарымен және кәсіпкерлермен арнайы кездесті.
Әуелі шаһар басшысы көпір құрылысының жап-жапсарына кеңінен тоқталды.
– Ағымдағы жылы Абай даңғылы бойында екі жол өткелін салуға жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, конкурс нәтижесі бойынша жобалаушы мекеме «ДЭН-Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда жобалаушы мекемемен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Құжаттар толығымен әзірленгеннен кейін мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
Бүгін біз сөз етіп отырған Абай көшесінің аяғындағы көпір құрылысын жүргізу үшін барлығы 68 нысанды мемлекет меншігіне қайтару қажет. Оның 43-і жеке тұрғын үй, 25-і бизнес нысаны. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асса, көпір құрылысы 2024 жылдың екінші жартыжылдығында басталады деп жоспарлануда. Жалпы салынатын көпірдің ұзындығы бір шақырымға жақын, ені 17 метр болады, – деген қала әкімі бұл тұрғыда тұрғындардың тілегі ескерілетінін, барлық мәселе заң аясында шешімі табылатындығын баса айтты.
– Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік туралы Заңының 62-1 бабының 3 тармағының 2 тармақшасына сәйкес, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алуға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құны өтеледі. Алайда бұл бағаны әкімдік емес, арнайы конкурстың нәтижесінде жеңімпаз болып танылған компания белгілейді. Егер сіздер белгіленген бағамен келіспейтін болсаңыздар, сотқа жүгінуге толықтай хақыларыңыз бар. Осы орайда біз үшін әрбір тұрғынның ой-пікірі маңызды екенін баса айтқым келеді. Сондықтан да сіздермен бүгін бас қосып отырмыз. Қазір тұрғын үйлердің, бизнес нысандарының иелерімен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары барысында бизнес нысандарының кәсібіне еш кедергі келмеуін де басты назарда ұстаймыз. Сондықтан тұрғындар да бұл жағдайда түсіністікпен қарағандары жөн, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменов жер учаскелерін мемлекетке қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баян етіп, сүрілетін нысандарды жіпке тізді.
Тұрғындар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі бұл мәселені байбаламға салмай, байыппен шешу керегін, сондықтан алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғасын табатынын жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.