Ғалымдар сөнген жұлдыздардың өзінің жарығы миллион жылдарға жететінін айтады. Батыр Баукеңнің артында ұрпағы барда оның мұралары мәңгілік болмақ. Халық қаһарманының туған күні жыл басталғалы аталып келеді. Ал биылғы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – Бауыржан Момышұлының поэзиясына арналған кітаптың тұсаукесері.
Арайлым Шабденова
Бауыржан Момышұлы поэзиясы туралы «Сардардың жыр сарбаздары» атты зерттеу 500 данамен жарыққа шықты. Аталмыш кітапта қазақтың даңқты ұлт қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының өлеңдері зерттеліп, олардың ұлт мүддесіне қызметі айқын ашылады. Зерттеуде Б.Момышұлы жырларындағы адам болмысының жан-жақты сипаттары бейнеленетіні, сонымен қатар патриотизм мен ұлттық рух пафосы ғылыми зерделенеді. Сондай-ақ оқырмандарды Бауыржан Момышұлы поэзиясымен бетпе-бет табыстыру мақсатында қосымша ретінде ақынның таңдамалы жырлары бірге ұсынылған. Кітаптың жас-тар тәрбиесінде және әрбір адамның өзін-өзі тұлғалық жетілдіруде пайдаланылу мүмкіндігі жоғары. Рухани жаңғыруымызды жүзеге асыруда, жаңа қоғам үшін ұлт сапасын арттыруда пайдаланылатын идеологиялық құндылықтарымыздың қатарындағы құрал ретінде ұсынылған еңбектің авторлары – Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі Сәбит Дүйсебаев пен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сейсегүл Исматова.
Екі автор да Халық қаһарманының жерлестері.
Монографияны жарыққа шығарған авторлардың бірі Сейсегүл Исматова батыр Бауыржанның жерлесі екенін мақтан ететіндігін және кітап шығару идеясы табан астында туған ой еместігін жеткізді.
– Шыны керек, маған кітап жазу идеясы бірден келмеді. Мен Жуалыда ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып қызмет еттім. Бауыржан мен Шер-ағаның туған жерінде мен де дүниеге келгенмін. Содан ауылда тұлғаларға арналған не музейдің, не орталықтың, тіпті ескерткіштің жоқтығы жаныма батып жүрді. Мені терең ойға салғаны да сол еді. Ішкі жан дүниемде жүрген бір алып күшті сыртқа шығардым. Ол өзім қызмет етіп жүрген мектепте қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның музейі етіп ашып, онда өз қаржыма қаһарманның үлкен портретін салып, қасына Шер-ағамды қосып іліп қойдым. Сосын М.Әуезовтің Жуалы жеріне келіп, тамсана айтқан сөзін тауып алып, оны да жаздырып ілдім. Сондай-ақ журналист Амангелді Ормантаевтың портреті де музейден орын алды. Ал төменгі стеллажға батырдың шығармаларын, еңбектерін орналас-тырдым. Келіні Зейнеп Ахметовадан Баукеңнің көзі кеткеннен кейін жеке заттарын сұрап алдым, сондай-ақ жерлестерімнен де бұл тұста көмек болып, батырдың қолданған заттары кабинетімнің төрінен табылды. Ал оқушыларымның шығармаларына арнап арнайы бұрыш жасап, онда қаһарманға арналған өлеңдер мен шығармалар апта сайын ауысып тұратындай етіп жасап, жастардың қызығушылығын, әдебиет пен бауыржантануға деген махаббатын ояттым. Сонымен кабинетіміз әп-сәтте музейге айналып шықты. Бұл тұста маған қолдау білдірген мектеп басшылығы мен осы кітаптың авторы Сәбит Дүйсебаевқа алғысым шексіз. Музей ашылған соң мұнда келушілер де, қызығушылар да көбейді. Тіпті Сәбит Райысұлымен Бауыржан Момышұлының 90 жылдық тойының тізгінін ұстау бақыты бұйырған болатын. Міне, содан бері қаншама жылдар өтті. Тіпті Баукеңнің аруағы қолдап айтысқа шығып, суырыпсалмалығыммен Бүкілодақтық халықтар шығармашылығы фестивалінің лауреаты да атанғанмын.
Кітап шығару идеясына келер болсақ, Баукең туралы жазба да, еңбек те өте көп. Бірақ ол кісінің поэзиясына ешкім қалам тербетпеген екен. Менің идеямды Сәбит Дүйсебаев қолдап, жан-жақтан материалдар жинап, әдеби зерттеу монографиясы жарыққа шықты. Біз кітапқа батырдың поэзиясының бір бөлігін ғана зерттеп, талдадық. Ал ашылмаған дүние қаншама. Жастар бұл тақырыпты одан ары іліп алып, келер ұрпаққа мұраға қалар әлі талай кітаптың жарыққа шығатынына сенімім мол. Осы тұста кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігінен бастап барлық азаматтарға алғыс білдіремін, – дейді Сейсегүл Молдабекқызы.
Кітаптың тұсауы кесілген соң, халықтың берген бағасы жоғары. Ақын-жазушылар, сыншылар монографияның жастарға берері мол екенін жарыса айтуда.
– Бұл кітаптан ерлік пен елдіктің рухы аңқиды. Халық қаһарманы Бауыржанды және оның шығармашылығын жақсы білем десем де болғандай. Әлденеше кездестім. Өзін көріп, сөзін тыңдадым. Егер жаңылмасам, алғаш рет аңыз адаммен 1976 жылы қыста «Лениншіл жаста» жүргенде жүздестім. Араласып-құраласып кеткеніміз аян. Б.Момышұлы тағдыры халық өмірінің алтын қайнарымен ұштасып жатыр. Ол тақырып таппай, тығырыққа тірелген талант емес. Ол өзінің көзімен көрмегенін жазатын қаламгер емес. Әскери әдебиеттің негізін салып, шаңырағына шабыт ұялатты. Панфилов дивизиясының шежіресі бола жүріп, Кеңес жауынгерлерінің қиын-қыстаудағы тұрмыс-тіршілігін терең зерттеп-зерделеді. Баукеңнің шығармаларын зерттеу қиын да оңай. Жеңіл болатыны – әскери хикаяттары мен әңгімелері айнаға қарағандай бәрі көрініп тұрады. Қиындығы – тамыршыдай тап басу, өзіндік мәнер-ерекшелігі мен баяндауларын барынша ашып беру болып табылады. Біздің білуімізше, Бауыржан Момышұлының прозасы туралы жылы лебіздер жетеді. Ал оның поэзиясы туралы зерттеу ісі әлі қолға алуды керек етеді. Менің жоғарыда айтылған ойларым Баукеңнің поэзиясына да қатысты деп ойлаймын. Ол халық қаһармандығының мұрагері. Өр мінез, өршіл өлеңдерден рауандап атқан таңдай рух күші сезіліп, намыс найзағайы ойнайды. Сәбит Дүйсебаев пен Сейсегүл Исматованың бұл еңбегі – соған жасалған тұңғыш қадам, тырнақалды ізденіс. Ол алдағы келешек зерттеулерге жолашардай. Зерттеуде Бауыржан Момышұлының поэзиясы жан-жақты талданған, өзіндік даралық ерекшеліктері әділетті түрде анықталып, нанымды мәртебеленген. Оны зерттеу нысанына қарай қазақ әдебиеттануында басталған жаңа бет ретінде тану абзал. Оқырман қауымды Бауыржан Момышұлының жырларының мән-мағынасымен, ізгіліктігі айқын өзгешеліктерімен кеңірек таныстырудағы талаптары – өнегелі іс. Аталып отырған еңбек жалпы жас ұрпақ тәрбиесінде де пайдалы құрал бола алады деп білемін. «Бауыржан Момышұлының поэзиясы» атты монографияда аталған зерттеумен бірге Бауыржан Момышұлының өлеңдерінің таңдамалы үлгілерінің берілуі – құштарлық һәм құптарлық, – деп ақын, сыншы Аян-Сейітхан Нысаналин кітаптың алғысөзінде туындыға жоғары баға берген.
Бұл зерттеуде Бауыржан Момышұлы өлеңдерінің бәрі түгел талданбаған. Мұнда ақынның өзекті ойлары мен идеялары айтылған өлеңдері ғана сарапқа салынған. Бұл зерттеу – қоғамдық ақыл-ойдың, жалпы әлеуметтің және де әдебиет әлемінің назарын Баукеңнің поэтикасына аударуды көздеген алғашқы туындылардың бірі. Сондықтан оның әлі де кеңірек, тереңірек зерттелер тұстары бар. Бұл еңбекте Бауыржан Момышұлының поэзиясындағы өзіндік тыныс, өзіндік реңк, өзіндік сарынның бар екені, олардың қазақ поэзиясына қосар үлес-ерекшеліктері едәуір екені сенімді көрініс тапқан. Әлі толық зерттелмеген ізденістің жалғасы болатынына сеніміміз мол.