Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр істің маңызы ескерілуі тиіс

0 309

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай жүргізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Кеңес отырысында үкіметтік емес ұйымдардың 2019 жылы атқарылған жұмыстары мен нәтижелері тыңдалды. Алғашқы болып сөз алған «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шарапат Сүйімқұл «Жасөспірімдер және жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алын алу бойынша мақсатты іс-шаралар өткізу», «Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауға және есірткі бизнесі мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» және «Қоғамда жемқорлыққа қарсы имунитетті қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобалары аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

– «Жасөспірімдер және жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алын алу бойынша мақсатты іс-шаралар өткізу» жобасы бойынша бөлінген сома 520 мың теңге. Бұл жоба тамыз бен қазан айлары арасында жүзеге асты. Жобаның негізгі мақсаты жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу,қажетті мағлұматтар беру болып табылды. Жалпы жобаға 640 адам қамтылды. Жоба барысында жасөспірімдерге дүкен сатушыларын тексеру мақсатында шаралар жүргізіп, нәтижесінде дүкен қызметкерлерінің өз ісіне мұқият екенін, бұл мәселені жақсы білетініне куә болдық. Рейд жұмыстары қаладағы ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге жүзеге асты. Оған 40-тан аса полиция қызметкері қатысып, жасөспірімдерге, яғни кәмелетке толмағандар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаладағы оқу орындарында психолог, медицина қызметкері және әлеуметтік педагогтардың қатысуымен жасөспірімдердің құқығын түсіндіру мәселесі тереңінен талқыланды. Олардың түн ауа көшеге шығуына болмайтындықтары айтылды. Қаладағы жергілікті полиция басқармасының полиция қызметкерлерінің акт залында құқықбұзушылық мәселесі бойынша есепте тұрған жастармен кездесу ұйымдастырылды – деді Шарапат Сүйімқұл.

«Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымының баяндамасын тыңдаған қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай көңілі толмағанын айтты. Мемлекет қаражат бөлген мәселенің сапасына көңіл бөліп, нәтижесін арттыруды көздеу қажеттігін діттеп, келешектің тек кемел істермен ғана келісті екенін жеткізді. Рейд барысында нақты кім, қандай мәселемен қолға түсті, оның келешегі қалай болмағы жөнінде ендігі есеп барысында кеңінен айтып беруді көздеді.
Одан кейін сөз алған «Шамшырақ – Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрсынбике Бакирова «Экскурсиялық туристік қызметтері» жобасы туралы есеп берді. Бірлестік төрайымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жергілікті көрікті жерлер» жобасы барысында балалар Жамбыл облысындағы «Топ Ағаш» бірегей тоғайын, тарихи ескерткіштер мен Шымкент және Алматы қаласының көрікті жерлерін аралағандығын жеткізді. Экскурсияға есту кемістігі бар және естуінде ақауы бар балаларға арналған «Мейірім» арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, сонымен қатар көру кемістігі бар «Болашақ» мектеп-интернатының балалары мен үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызмет алушы балалары да қатысқан.

– Экскурсияны жүргізу үшін балалардың ерекшеліктері мен физикалық мүмкіндіктері ескеріліп, барлық жағдайы жасалды. Балаларды толық ақпараттандыру мақсатында ым-ишара мамандары мен кәсіби экскурсия нұсқаушылары қатысты. Балалар мен олардың сүйемелдеушілері ыңғайлы қонақ үйге орналастырылды. Қамтылған балалардың саны 59 болса, оларға 26 сүйемелдеуші қатысты. Бұл шараға 1 млн. 200 мың теңге қаражат бөлінді, – деді Тұрсынбике Бакирова.

«Қазақ психологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Тараз қалалық филиалының басшысы Фатима Бизақова «Радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, халықтың діни сауаттылық деңгейін арттыру, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттау», «Мүмкіндігі шектеулі жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді іс-шаралар өткізу», «Ұйымдастырылмаған жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялық және насихаттық жұмыстар және олармен түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастыру туралы» әлеуметтік жоба аясында атқарылған жұмыстары туралы айтты.

Отырысты қорытындылай келе Кеңес мүшелері 2020 жылға арналған лоттармен танысты. Сонымен қатар әр істің маңызын ескеріп, іс-шаралардың сапасына мән беру керектігі баса айтылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.