Қалалық қоғамдық-саяси газет

Q-Pop жастарға қаншалықты қауіпті?

0 384

Жас шыбықтай иіліп тұрған жастар кімге жүгініп, қай тұлғаны үлгі тұтып, кімнен сүйеніш іздейді? Монитордың ар жағындағы әкәку-сәкәкуге толы көңілді күй, әуезді ән, көркем фильм, қалып, пішіннің ішінен жастар өзіне нені үлгі санайды? Елді аузына қаратып қойып, жұлдыз атанып, ән салып жүргендердің бәрі есті ме? Біле білсеңіз, бүгінгі таңда жасөспірімдер «Q-pop» жанрына баспен қойып кетті. Жеткіншектердің жүрегін жаулаған стиль жастардың тәрбиесіне қалай әсер етеді?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Бүгінгі ұяның кескін-келбеті – ұялы телефонның жетегінде кеткелі қашан. Бұрын үлкендер «теледидар қандай болса, қоғам сондай» дейді екен. Ал бүгінгі таңда әркімнің ақылшысы өз қалтасында. Яғни қалта телефоныңа үңіле қалсаң болғаны, үлгі тұтатын адамыңды да, қажетті ақпаратыңды да ала қоясың. Сахна саңлақтарының өнері мен өмірі, тіпті күнделікті тұрмыс-тіршілігі насихатталып қана қоймай, адамдардың киген киімі, ішкен асы – барлық көрген-баққаны монитордың артындағы тыныс-тіршілікке сыйып тұр.

Жастардың денінің көңілі ауып жүрген «K-pop» деген қандай жанр, осыған тоқтала кетсек. Бұл – Оңтүстік Кореяда 1990-шы жылдардың ортасында батыстың электропоп, заманауи R&B, хип-хоп сынды музыкалық жанрларының элементтерін бойына жинаған жаңа музыкалық жанр. Ол тек ән ғана емес, бүкіләлемдік би мен Оңтүстік Кореяның киіну ерекшелігін біріктіретін, жастар арасындағы субмәдениет. Оны идолдар деп аталатын танымал жастар тобы әншілер мен бишілер болып орындайды. Олар блюз бен рэпті араластыра отырып, тек Кореяның ғана емес, ағылшын өлеңін де қосып айтады. 2006 жылы «Rolling Stone» журналында: «Сәнге кірген батыс әні мен жоғарғы энергетикалық жапондық әндердің қосындысы болған, ерекше дауыс шығарып, адамдарға бірден әсер етеді», – делінген болатын. Әлем бойынша өте белсенді дамып жатқандығына таң қалған бейжіңдік журналис-тер бұл кореялық музыкалық жанрды «K-pop» деп атаған екен. Хош делік. Бұл – Корея елінің жаңа әуені, стилі. Ал соңғы уақытта жастар кәріс сериалдарын тамашалап, музыкасын тыңдап қана қоймай, тілін үйренуге деген құлшыныс білдіріп жүр. Сондай-ақ қазақстандық жастар кореялық танымал әншілердің, әртістердің елімізге келулерін сұрап, оларға түрлі хаттар жолдап, кореялықтар ұйымдастырған түрлі байқауларға белсенді қатысудан алдына жан салмайды екен. Әлеуметтік желілерде түрлі пабликтер мен блогтар ғана ашылып қоймай, байқап қарасаңыз, қазақстандық интернет контент біртіндеп «Q-pop» жанрына арналған сайттармен де толығып келеді.

Қазіргі қазақ жастары «Q-pop – энергияға, жастыққа, би мен көңіл көтеруге, жақсылық пен өжеттілікке толы әлем» деп бағалайтын көрінеді. Тіпті әлемге танымал болып жатқан кореялық толқын қазақстандық бірнеше өнер жұлдызына да тікелей әсер еткені жасырын емес. Олардың айтуынша, Q-pop жұлдыздары өздерінің киім киісімен, биімен, стилімен бүгінгі топтарға кішігірім әрі ерекше бастау жасап берді, әрі шоу бизнеске де ерекшелік алып келген көрінеді.

Сонымен, Q-pop дүние жүзіндегі интернеттің, жаңа технологиялардың дами түсуімен байланыстырылған, терең тарихы мен керемет ерекшелігі бар, ән тарихына зор үлес қосқан туынды делік. Бірақ мұның біздің қазақ қоғамы шошитындай не кемшілігі бар? Әрине, бар! Егер жігіттер құлағына сырға салып, кореялықтарға еліктеп, шашын бояп, қас теріп жүрсе, оғаш көрінбей қайтсін?!

Байқап қарасам, бұл бағыттың жанкүйерлерінің басым көпшілігі қаракөз қыздар мен жігіттер екеніне көз жетті. Осы тұста біздің жастар неге еліктегіш деген сұрақ туады. Негізінен қыздардың табиғатына жақын дүние деп түйгенмін. Өйткені қыздар табиғатына не сәйкес келсе, соны жасайды. Ал жігіттер көбіне мұндай нәрселерге сабырлық танытады. Бірақ бұл жанрға еліктейтін жігіттер сабырдан ада екендерін ашық дәлелдеп жүр. Бір қызығы, мұндай еліктегіш жігіттер табиғатынан қыз сияқты болып келеді екен. Олардың түр-сипатына, нәзік келбетіне қарап, ұлттық намыс, жігер, қайрат дегеннен жұрдай көрінетін сияқтанады да тұрады. Себебі қай жағынан алып қарасақ та, бұл – қазақ қоғамына, менталитетіне жат ұғым, бөтен түсінік. «Q-pop» жанрын үлгі тұтқан ер азаматтар қуаты жоқ, әлсіз көрінсе, ел еңсесі қалай тіктелсін? Осы орайда бұл жанрмен киім киіп, қызғылт түске шашын бояп, қасын теріп жүрген Нұрәлі есімді жігітпен тілдестім. Ол өз тегін жасырып қалуды жөн көрді. Көшеде, мейлі жұмыста болсын көп сынға ұшырайтынын, тіпті жұрт оны көрген жерден «қызтеке» деп кекетіп, текетіресетіндердің көп кездесетінін, өзіне қоғамның күліп қарайтынын, тіпті кейде ер адам деп мойындамайтындардың да кездесетінін айтты.

– Маған өзім таңдаған стиль қатты ұнайды. Әркім өз киім үлгісіне өзі жауапты. Маған қалай ыңғайлы, солай киінемін. Қалай ұнайды, солай жүремін. Қысқа ғұмырда өзіме не ұнайды, соны жасағым келеді. Ата-анам жалпы құлағымды тестіруіме басында қарсы болғанымен, «Адам өз қолын өзі кеспейді» демекші, уақыт өте келе менің таңдауыма көндікті. Мүмкін көздері үйренген шығар. Бірақ көшеде әжелер мен аталар, үлкен кісілер жақтырмай қарайтынын білемін. Сырға таққаным да ерсі көрінетінін де сеземін. Бірақ мен біреуге ұнау үшін өмір сүрмеймін ғой. Бұл менің жүрегімнің қалауы болғандықтан, стилім осындай. Бүгінгі жастарды кінәлай бермей, қалай бар, солай қабылдау қажет деп ойлаймын. Кезінде біздің ата-анамыз да жас кезінде жұлдыздарға немесе тағы біреулерге еліктеп өсті деп ойлаймын, – дейді Нұрәлі.

Қазіргі таңда жасөспірімдердің альбом-дарындағы суреттер, әлеуметтік желіге қойған фотолары, көрген фильмдеріне дейін осы жанрдың табынушысы екенінен хабар береді. Осы материалды дайындауыма да өзімнің 12 жасар қызымның талғамы себепші болды. Әрине, 12 жасар жасөспірім әлі толық жетіле қоймаса да, тыңдаған музыкасы, көрген киносы, шаш қою үлгісі осы түсінікке ұқсайтындығын байқадым. «WhatsApp» желісіндегі статусына қойған суреттері де тек кәріс ұлтының ұл-қыздарының бет-бейнесі. Тіпті өзге тіл үйрену мәселесіне келгенде таңдауы да корей тіліне түсті. Қыз баланың таңдауы аса назар аударарлықтай көрінбегенімен, туысымыздың 20 жасар егіз ұлының стилі оғаш көрінгені рас. Бір үйдің егіз ұлының екеуі де шаштарын желкесіне дейін өсіріп, төбесіне буып алған. Одан бөлек, құлақ тестірді. Қолдарына білезік тағып, кеудесіне жабысқақ жейде мен шалбар киіп алуды әдетке айналдырды. Достары да өздеріне ұқсас. Келбетіне, нәзік тұлғасына қарасаң, сыртынан құдды қыз дерсің. Міне, бұл – «Q-pop» бағытының жетістігі, жемісі.
Осы сәт өзімнің жасөспірім кезім ойға оралды. Ол 1997 жылдың тұсы еді. Үнді фильмдерін көріп, әртістерінің фотоларын қиып, үлкейтіп, қабырғаға жапсырып, үнділердің фанаты болып жүріп өстік. Бірақ біз одан үнді болып кетпедік. Иә, әр кезеңнің өзіне тән еліктейтін тұлғалары болады. Мәселен, алдыңғы толқын өкілдері өздерін батырлар бейнесіне ұқсатып жатса, бүгінгі жасөспірімдердің ұлы қайсысы, қызы қайсысы, айыруға келмейтін үлгісі ойландырады-ақ.

Жастарға құр айқаймен ештеңе ұқтырмасың анық. Түсіндіремін дегеніңнен санасына бермесе, ақыл тоқтатпаса, құр айқаймен түк шықпайтыны анық. Енді бір ғана мәселе бұл болашақ әкелерге қаншалықты қауіпті? Оның себебі қызыл-жасыл түске боялған шаштың арғы жағында қызыл-жасыл әлемді сіңіріп, ұлтқа тән қасиеттеріміз тұрмақ, оған қоса ер азаматқа тән қадірімізді жойып алмаймыз ба деген қауіп тұрған жоқ па екен? Бұл мәселе жайлы психолог мамандар не айтар екен деген оймен «Үміт» мамандандырылған балалар үйінің психологы Ләззат Өтеғалиевамен тілдескен едік.

– Қазақ қоғамы музыка жанрына келсек, бұрын рэпке еліктегендерге үрке қарайтын. Себебі рэпті айтқанда, оның ішінде мәдениетсіз сөздер өріп жүретін. Қазіргі күннің өзінде де Ресей, Батыс әндерін көп тыңдайтын қазақ жасөспірімдері сол басқа мемлекеттерге ұқсап кететін болды деген де пікір бар. Бүгінде Q-pop көпшіліктің көңілін ерекше аударды. Яғни «қазақ-поп» деп те айтып жүр. «91» сияқты топтар пайда болды еліктеудің нәтижесінде. Бірақ біз бұған қарсы тұра алмаймыз. Себебі бұл – әлемдік деңгейге шығып кеткен жанр. Қазақ ұлтына, менталитетіне қауіпті деп ойламаймын. Бұл жай ғана жасөспірімдердің жүрегінен орын алды. Сын, әсіресе, жаңа бағытқа көбірек айтылады. Өзін-өзі іздеп жүрген жастарда мұндай еліктеушіліктің болуы заңдылық. Егер толық осы бағытқа беріліп кетсе, әрине, проблема. Тек бір ғана көзқарасқа бейімделсе ғана қорқуға тұрарлық. Бірақ жастардың өмірінде түрлі бағыт кездесетіндіктен, бұл уақытша ғана еліктеушілік. Ал негізінен баланың ес-түссіз өзін жоғалтып еліктеп кетуіне отбасы жауапты. Бұл әркімнің өз отбасындағы тәрбиеге байланысты, – дейді Ләззат Төлегенқызы.

Иә, бала үлгі тұтарлық адамды алыстан емес, үйден іздегені дұрыс. Ал бәрінен де әкеге қарап оқ жонып, шешеге қарап тон пішуді үйренгендердің ғана өмірде жолы болмақ. Сондықтан өзіңнен кейінгіге үлгі бол. Сонда ғана өзіңе-өзің ұқсайсың, өзіңнен-өзің кетпейсің.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.