Қалалық қоғамдық-саяси газет

Полиция бекеттері сала мамандарының тынығуы үшін ғана керек пе?

0 345

Қай өңірде болмасын тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі басты орында тұратыны даусыз. Осы мақсатта жұртшылық бір мезгіл серуендеп, тынығатын көптеген демалыс орындарында модульдік полиция бекеттері ашылған болатын. Нысандар жұмысын бастаған кезде тұрғындардың дені мұны жаңашылдық һәм қауіпсіздік кепілі деп қабылдаған. Алайда бүгінде аталған бекеттердің қаңырап бос тұрғанын жиі байқаймыз. Ішіндегі жұмыс үстелдері мен жабдықтар да қазір текке тұр. Қараусыз қалғандықтан, кейбірінің сырты да тоза бастаған. Енді бірінің іші тазалық көрмегеніне біраз айдың жүзі болғандай. Бұған саябақтарда орналасқан модульдік бекеттерді аралау барысында көзіміз жетті. Мәселенің мәнісіне үңілмек болып, қалалық полиция басқармасына арнайы сауал жолдадық.

– Бүгінде шаһар аумағында 5 бекет ашылған. Сондай-ақ криминогендік жағдайларға байланысты автопатрульдерден бөлек, жаяу жасақтар да қойылды. Олар көбіне саябақтарды бақылайды. Мәселен, бір жасақтың патрульдеу уақытын 60 минутқа бөлер болсақ, жасақ соның 40 минутын бекітілген аумақты барлауға жұмсаса, қалған 20 минутын бекетте өткізеді. Сондықтан олар бос тұрмайды, тек арнайы уақыттарда қолданыста болады, – деді басқарма бастығы Асылхан Заурбеков бізге берген жауабында.
Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта «Родничок» және «Барысхан» алқаптарында да дәл осындай бекеттер пайдалануға берілмек екен. Ресми мәлімет осылай сөйлегенімен, бүгін қыруар қаржыға салынған нысандар ертең қаңырап бос қалып, соңы қирап қалмай ма деген ой қылаң береді.
Қазіргі таңда демалыс орындарында қысы-жазы адам үзілмейтіні белгілі. Сондай-ақ бір-бірімен жарыса құйғытып жүрген велосипедшілер мен самокат мінген жастар да көп. Олар балалар түгілі, ересектердің өзін қағып кетуі ықтимал. Бұл аз десеңіз, күні кеше ғана бұзақылардың «Таразға тарту» жобасы аясында ел игілігіне берілген бірнеше нысанды бүлдіріп, жарық шамдарын сындырып кеткені көпшіліктің есінде. Сол үшін адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындарды осы бекет арқылы полиция үнемі бақылап отыратын болса, басқалардың қылмыс жасамақ тұрмақ, бүтін дүниені бүлдіруге дәті бармайтын еді.
– Облыс орталығында көпшіліктің сейіл құрып, бой жазатын жерлерінің көбейгені – өте қуанарлық іс. Мен өзім №5 ықшам ауданда тұрамын. Үйімнің дәл маңында «Денсаулық» саябағы бой көтерді. Қазір ықшам аудан тұрғындарының барлығы дерлік сонда серуендейді. Адам көп жиналған орындарда түрлі жағдайлар да болып тұрады. Әркімнің сана-сезімі әртүрлі ғой, біреуі орындықтарға сағыз жабыстырып, енді бірі күл-қоқыс тастап кетеді. Көзіміз көріп тұрған соң ескерту жасаймыз, біреуі тыңдайды, екіншісі елемейді. Сондықтан полиция бекеттерін осы саябаққа да орналастырса деген ойым бар. Бірақ ашылған соң, оның бос тұрмағаны да жөн. Бір жағынан, бекеттің ішінде полиция қызметкерінің отырғаны жастардың тентектік әрекеттеріне тоқтам салар еді. Мен кейде балаларымды ертіп, өзге саябақтарға да бас сұғамын. Қыстыгүні мұндай бекеттердің қаңырап тұрғанын жылу жүйесіне қосылмауынан шығар деп топшылағанмын. Бірақ жаздыгүні де олардың бос тұратынын аңғарып, санам сан саққа жүгірді. Саябақтардан осындай арнайы орын ашылғаннан кейін құзырлы органдар тиімді пайдаланып, бекеттер орталықтандырылған базалар жүйесіне қосылса, онда полицейлер кезектесіп жұмыс істесе нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе бұл тұрғындардың түнде алаңсыз қыдыруына қолайлы жағдай туғызатыны белгілі. Тым болмаса кеш батқан соң жарығын жағып қойса, өзгелер сескенер ме еді?! – дейді қала тұрғыны Зәуре Қалматаева.
Қалалық полиция басқармасының дерегінше, ағымдағы жылдың 8 айында 184 қылмыс учаскелік полиция инспекторларының көмегімен ашылған. Өте жақсы көрсеткіш-ақ. Дегенмен қаңырап тұрған бекеттер қылмыс санының одан әрі көбеюіне жол ашпай ма деген күдік те жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігін айтқан болатын. «Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», – деген еді Президент маңызды құжатта. Сондықтан көпшілік орындардағы модульдік бекеттердің қойылуы осы тапсырманың орындалу көрінісі деп бағалауға болар еді, алайда олардың қаңырап бос тұруы бұл ойымызды су сепкендей басуда.

Қалай қарасақ та, бекеттердің сала қызметкерлерінің шамалы уақыт аялдап, аяқ босататын орнына айналуы еш ақылға сыймайды. Облысымызда вандалдық әрекеттердің тыйылмай тұрғаны «айдаладағы ақ отау» сынды босқа тұрған бекеттерде сес те, маңыз да қалмағанын көрсететіндей. Бұлай жалғаса берсе, қараусыз нысан тек қаңғыбастардың түнеп, ит пен құстың саңғып кететін жеріне айналуы бек мүмкін. Бұл реформаға бет түзеген ішкі істер саласына да, тотыдай түрленген Таразымызға да үлкен сын болмақ.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.