Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Питомник» ашпай, қаңғыбас иттердің мәселесі шешілмейді

0 628

Халқымыз әлімсақтан үй жануарларын өзінің бесінші түлігіндей бағалайды. Сондықтан да оларды жеті қазынаның қатарына жатқызып, досындай көрген. Десе де, қоғам қатыгезденіп бара ма, әлде адамдардың мейірімі тарылды ма, соңғы кездері қараусыз қалған үй жануарлар көбейіп келеді.

Әсіресе ми қайнатар ыстықта көлеңке, сақылдаған сары аязда бас сауғалар жер таппай жүрген ит-мысықтарды жиі байқаймыз. Дегенмен олардың барлығы бірдей сап-сау деуге келмейді. Арасында түрлі жұқпалы дерттерді таратып, адамдарға шабуыл жасайтындары да жоқ емес. Дамыған мемлекеттерде осындай жайттардың алдын алу үшін арнайы ереже қабылдап, шара қолданады. Бұл мәселе елімізде 2002 жылы қабылданған «Ветеринария» туралы арнайы Заңмен реттелген. Осы құжатқа сүйенсек облыстың елді мекендерінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сондай-ақ қараусыз қалған жануарлар арнайы белгіленген орындарда қамап ұсталып, талапқа сай жабдықталуы тиіс. Дегенмен, бұл мәселе облыс орталығында әлі күнге оң шешімін таппай тұр. Қоғам белсенділері тарапынан бұл жағдай сан мәрте көтерілгенімен әзірге нүктесі қойылмай келеді.
Тараз қаласы ветеринариялық станциясының басшысы Қанатбек Қартабаевтың айтуынша, қолданыстағы қараусыз ит-мысықтарды уақытша ұстайтын орын ешқандай талапқа сай келмейді екен.

– Арнайы питомник болмағандықтан бір кәсіпкердің мал бордақылауға арналған қорасын жалға алып отырмыз. Сондықтан да нысанды кеңейту, жөндеу жүргізу мүмкін болмай тұр. Бұл өз кезегінде қараусыз жануарлардың барлығын қамтуға да кедергі келтіріп отыр. Мәселен бізге кей адамдар «біз біраз күнге қала сыртына кетіп бара жатыр едік, соған орай үйіміздегі итімізді уақытша қарауға аласыздар ма» деп өтініш жасайды. Оған әлеуетіміз жетпегендіктен бас тартамыз. Қазіргі уақытша орында ешқандай жағдай жасалмаған. Талап бойынша, мұндай орындарда жануарлардың жататын, ем жасайтын жері, тіпті оларға тамақ әзірлейтін асханасы да болуы керек. Бұл жоқ болғандықтан қызметкерлеріміз өздерінен қалған тағам қалдықтарын, қатқан нандарды әкеледі, ит-мысықтарды солармен тамақтандырып, амалдап жүрген жа- йымыз бар. Питомник салынса ветеринарлық клиника ашуға да мүмкіндік туар еді. Қазір тұрғындар жекеменшік ветклиникаларға жүгінеді. Егер өзімізде осындай нысан бой көтерсе, ақылы қызмет көрсетіп, одан түскен қаржыға материалдық-техникалық базамызды жабдықтап, қызметкерлеріміздің еңбекақысының артуына да сеп болар едік. Тағы бір айта кетерлігі, Заңда «қараусыз қалған жануарларды аулау және жою» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ал облыстық мәслихаттың осыған қатысты шешімінде мұндай ит-мысықтарды уақытша 5 күн ұстауға рұқсат берілген. Ал Заңда бұл жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Демек, шешім мен Заң бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Басты құжатқа сенсек, біздің уақытша ұстап отыруымыздың өзі заңсыз болып саналады. Сондықтан да осыны да ретке келтіріп, оңтайландырған жөн. Қазір питомник салуға Асқаров көшесінің аяқ жағында арнайы жер бөлінген, бірақ құрылыс жұмыстары әлі күнге басталған жоқ, – дейді мекеме басшысы.

Питомник құрылысының жай-жапсарын білу мақсатында облыс әкімідігі ветеринария басқармасына қайырылдық. Басқарманың ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергеновтың сөзінше, арнайы жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгенімен, қазынадан қаржы бөлу жағы белгісіз себептермен кешеуілдеп тұрған көрінеді.

– Бүгінде шаһарда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін 4 бригада құрылып, жұмыс істеуде. Жыл басынан бері облыс аумағында 22192 қаңғыбас ит пен 466 мысық ауланып, жойылса, оның 10414 иті мен 334 мысығы Тараз қаласына тиесілі. Соңғы аптаның өзінде қала аумағынан 29 ересек ит пен 30 күшік ауланып, уақытша ұстау орнына орналас- тырылды. Жеке «Ақтөс» қоғамдық ұйымы 30 күшікті өз қамқорлығына алды. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі көбінесе иелерінің жауапсыздығынан туындап отыр. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында жануарлар иелерінің міндеттері белгіленген. Соған сай иттерін тіркеу иелері тарапынан жүргізілуі тиіс.Тұрғындардың басым көпшілігі сол міндеттерін атқармайды. Соның салдарынан қараусыз жүрген үй жануарларының саны көбеюде. Ал осындай ит-мысықтарға арналған питомниктің мемлекеттік актісі рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс құны 76 млн 951 мың теңгені құрап отыр. Әйткенмен, бюджеттен қаржы бөлу жағы кешеуілдеуде. Облыс орталығы ғана емес аудандарға да осындай орындар ауадай қажет. Қазіргі уақытша ұстау орнының аумағы тар болғандықтан ит-мысықтың барлығын қамту мүмкін емес. Мысалы, iKomek – 109 бірыңғай байланыс орталығына қараусыз жануарларды ұстау үшін күніне кем дегенде 30-40 өтінім түседі. Кей күндері одан да көп. Ал, орын жеткіліксіз болғандықтан барлығын аулай алмаймыз. Ертеңгі күні құрыққа ілінбеген қараусыз ит-мысықтар біреуге зақым келтірсе, наразылық туындап, оның сұрауы бізден болады, – деген пікірде Талғат Ермекұлы.

Ал «АРСМИ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Мамашеваның ойы мүлде басқа. Ол қыруар қаржыны питомник салуға жұмсағанша «Ақтөс» секілді заңды түрде тіркелген қоғамдық ұйымдардың жұмысын жетілдіру қажет деп санайды.

– Бар мәселе тұрғындардың жауапсыздығында болып отыр. Ең алдымен адамдардың жануарларға деген жауапкершілігін арттыру қажет. Біз секілді дотацияда отырған облыс үшін қазынадан 76 млн.теңгені питонмик салуға жұмсау көп салмақ түсіреді. Одан да сол қаржының жартысын «Ақтөс» сынды ұйымдарға беріп, солардың жұмысын жетілдіріп, қоян-қолтық байланыс орнатқан абзал. Мысалы, қаңғыбас жануарларды аулау мақсатында жыл сайын қазынадан кем дегенде 20-30 млн бөлінеді. Бірақ ол мәселені түбегейлі шешіп отырған жоқ қой. Себебі, 10 итті ұстап әкетсеңіз, келесі жолы қаңғып жүрген тағы 20 итті кезіктіресіз. Қазір қаланың ішінде ит пен мысық тұрмақ сиыр да, жылқы да емін-еркін кезіп жүреді. Адамның баспанада тұратыны тәрізді жануарлардың да өмір сүретін жері болуы керек. Бірақ кей адамдардың жауапсыздығынан осындай салғырттыққа жол беріліп отыр. Сол үшін ең әуелі жануарларын қараусыз қалдырған тұрғындарға айыппұл арқалатып, түсіндіру жұмыстарын мейлінше жиі-жиі жүргізіп отыру қажет. Сонда ғана бұл мәселенің шешімі табылады деген ойдамын – дейді қоғам белсендісі.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері бір ғана Тараз қаласының өзінде 975 адамды ит тістеу фактісі тіркеліп, денсаулық сақтау ұйымдарына қайырылған. Олардың ішінде иесі бар иттер саны – 427, ал иесіз жүргендері 548-ді құрап отыр. Аталған сандар мәселенің күрделі екендігін айғақтай түсетіндей. Бұдан бөлек осыдан 2 жыл бұрын иесін талап өлтірген иттің жан шошырлық әрекеті көптің жағасын ұстатқаны мәлім. Демек, қараусыз жануарларға питомник салу осындай жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың көшеде алаңсыз жүруіне де септігін тигізбек. Бұл жалпы әлемде бар тәжірибе. Алдағы уақытта осы мәселе күн тәртібіне қойылып, басты назарға алынады деген үміттеміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.