Қалалық қоғамдық-саяси газет

Педагогикалық білімі жоқ мамандар мектепте сабақ бере ала ма?

0 586

Енді педагогикалық білімі жоқ мамандар да мектептерде сабақ бере алады. Бұл үшін олар арнайы курстан өтуі керек. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. «Мемлекет басшысының «2025 жылға дейін 1000 мектеп салу керек» деген тапсырмасы бар. Жалпы қоғам мен сарапшылар көбінесе мектеп салудың күрделілігін ғана айтады. Мәселе мектеп салуда емес, осы білім ордаларында жұмыс істейтін 150 мың педагог даярлауда. Яғни проблеманы шешудің басты кілті – мұғалімдер даярлау», – деді министр.

Мұнымен қатар министр кадр тапшылығы мәселесін шешуде дүниежүзілік тәжірибе ескерілгенін де айтты. Яғни биылдан бастап белгілі бір сала мамандары арнайы курс оқыған соң, мектепте сабақ бере алады. Мұны ведомство басшысы: «Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. Осы рәсім бойынша мектепке сапалы мұғалімдерді тартамыз. Педагог болуы керек деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу», – деп түсіндірді.
Аталған өзгеріс қоғамда қызу пікірталас тудыруда. Солардың бірқатарына біз де құлақ түрген едік. Мәселен, «Болашақ» мектеп-интернатының директоры Гүлзира Тойшыманова бұл бастаманы қолдамайтынын жеткізді.
– Бұл өзгеріске біржақты қарамау керек. Мысалы, университетте «Қолданбалы математика» деген мамандық бар. Мұны тәмамдағандар мектепте сабақ бере алмайды. Бір жағынан, осы тақылеттес маман иелеріне мүмкіндік бергісі келген шығар. Дегенмен педагогиканы, әдістемені меңгермеген мамандардың мектепте тәлім беруін құптамаймын. Әрине, химия пәнінің мұғалімі биологиядан қосымша курс оқып алып, сабақ берсе, онда сөз басқа. Себебі бұл екеуі – өте жақын пәндер. Содан соң бұл өзгерісті педагог тапшылығымен байланыстыру да ақылға қонымсыз. Өйткені ұстаздыққа ұмтылып жүрген жастардың қарасы соңғы жылдары едәуір артуда. Оның орнына жоғары оқу орындарының оқытушыларын мектептерге тартып, соған бейімдеген жөн. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Сол секілді әр пәнді өзінің маманы бергені дұрыс. Бұл балаларымыздың келешегі үшін де аса маңызды. Мұғалім тапшылығы туындап жатса, ұстаздарға 2 жүктемемен жұмыс істеуге мүмкіндік берсін. Бос орынға мемлекеттік қызметтегідей конкурс жарияласын. Ал педагогикалық білімі жоқтардан мұғалім даярлау мәселені шешпейді, – дейді Гүлзира Жақсыбекқызы.
Қордай ауданындағы М.Ломоносов атындағы №2 орта мектеп директорының ғылыми-әдіс- темелік ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Қонбаеваның да пікірі осыған саяды. Ол бұл өзгеріс «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қарсы әрекет деп санайды.
– Еліміздің Бас ұстазының бұл сөзі көңілге қонымсыз деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл толыққанды орындала қоймаған «Педагог мәртебесі» Заңына да қарсы келмек. Жалпы педагогикадан білім алып, 4 жыл бойы университетте оқыған жас маманның өзіне кем дегенде үш жыл бойы тәлімгер-жетекші бекітіп, осы салада машықтандырамыз. Өзімнің 17 жылдық тәжірибемде хореография саласын бітіріп, мектепке келген маманның алдындағы 6 оқушыны игере алмай абдырағанының куәсі болғанмын. Сондықтан ел ертеңін тәрбиелейтін кез келген ұстаз өз ісінің шебері болуы шарт. Соған сай ұстаздарға қойылатын талапты күшейту қажет. Қазір еңбекақысына бола мұғалім болуға жанталасып жүрген біліксіз мамандар жетерлік. Бұл өз кезегінде білім мен тәрбиенің құлдырауына әкеліп соқтырады. Сондықтан кеш болмай тұрғанда, білім саласының басшылары бұған тосқауыл қояды деп сенемін, – деп өз ойымен бөлісті Ақмарал Макседқызы.
Ал облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Ләззат Өтеулиева болса, осы арқылы сапалы ұстаздардың жаңа легін қалыптастыруға мүмкіндік туатындығына сенімді.
– Қазіргі уақытта білім саласында көптеген мәселелер ұшырасуда. Соның ең өзектісі – кадр тапшылығы екені белгілі. Бұл бір кездері педагогика деген қызығушылықтың төмендеуі салдарынан ұстаздықты тәмамдаған жастардың басқа салаға бет бұруына тікелей байланысты. Әсіресе бұл жаратылыстану бағытындағы және ағылшын, орыс тілдері пәндерінде айқын көрініс табуда. Сол себепті министр бұл мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Адамның тұлға болып қалыптасуы, саналы тәрбие, сапалы біліммен қарулануы мектептен басталатындықтан, пән мұғалімдерінің де әлеуеті заманға сай болуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Осы бағытта егемендік жылдары ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, аталған түйткілдің түйіні әлі күнге толық тарқатылмай келеді. Әсіресе өз пәнін жетік білмейтін мұғалімдердің саны әлі де көп екенін де атап өту керек. Ал бұл өзгеріс жүйелі түрде жүзеге асса, білімді ұстаздардың жаңа толқыны қалыптасады. Дегенмен солай екен деп «көлденең көк аттыны» білім саласына әкелуге тағы болмайды. Сондықтан әуелі мұның нақты механизмдері жасалуы тиіс. Бір саланы жан-жақты меңгерген, алайда жұмыстың жоқтығынан бизнеске кетіп қалған азаматтар да аз емес. Соларды да педагогикаға бейімдеп, бағыт-бағдар беріп, ауылдық мектептерге орналастырса нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, ҰБТ-да төмен ұпай жинап, ақысы аздау мамандыққа түскен жастар да бар. Олардың арасында ІТ саласын білетін, өте сауаттылары да кездесетіні сөзсіз. Міне, осындай жастарды іріктеп, педагогика мен әдістемені меңгертіп, қабілеттерін неге шыңдамасқа?! Содан соң оларды информатика, физика сынды пәндерден маман тапшылығы сезілетін білім ордаларына жіберу керек. Бірақ бұған атүсті қарамай, көптің талқысына салып, ұсыныс-пікірлерді ескеріп қана жүзеге асырған жөн. Өйткені бала тәрбиесі – зор жауапкершілікті талап ететін маңызды іс, – дейді Ләззат Шакуалықызы.
Байзақ ауданы, Түймекент орта мектебінің директоры Индира Спаналиеваның пікірінше, бұл шешім тек даму пәндеріне ғана оң серпін бере алады екен.
– Ел ішінде небір он саусағынан өнер тамған ұсталар бар. Соларға арнайы курс жүргізіп, мектепке орналастырса, септігі тиері сөзсіз. Олар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, қарым-қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар жеті нотадан хабары бар өнер иелері де музыка пәнінің мұғалімдерін алмастыра алады. Бұдан бөлек, спорт майталмандары да сабақ берсе, ұтылмас едік. Қазіргі білім жүйесінде логикалық ойлау басты орынға қойылған. Сондықтан бұл өзгерістерден негізгі пәндерге келер ешқандай пайда жоқ, – дейді Индира Әбілханқызы.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, облыс бойынша 100-ден астам мектепте мұғалім тапшы көрінеді. Министр ұсынған өзгеріс осы олқылықтың орнын толтырып, салаға серпін бере ала ма, әлде білім саласының дамуына тежеу бола ма? Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.