Қалалық қоғамдық-саяси газет

Павлодарда шу шығармау туралы өтініштің соңы қанды төбелеске ұласқан (видео)

0 911

Павлодарда түнгі уақытта шу шығармау туралы өтініштің соңы қанды төбелеске ұласты. Нәтижесінде оқиғаның екі қатысушысы пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Төбелес Павлова көшесінің бойындағы тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Оқиға орнынан түсірілген «Шок типичного Павлодара» телеграм-арнасында жарияланған видеодан бірнеше адамның алғашында ерегісіп, кейіннен төбелеске жалғасқанын көруге болады. Келесі кадрларда белгісіз ер азаматтың екінші ер адамды құлатып, тепкінің астына алғанын аңғаруға болады. Осы уақытта полиция қызметкерлері келіп, төбелес ұйымдастырғандарды ажыратып алады.

Бейнежазбаның түсіндірмесінде оқиғаның басы түн ортасында гитара тартып, кіре берісте қоқыс тастаған жастарға үй тұрғыны ескерту жасағаннан басталғаны айтылады.

Бұл нұсқаны Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растайды.

«Түн ортасында тыныштықты бұзған жастар спирттік ішімдіктерді қолданған. Үй тұрғындарының бірі өзінің досымен жиналған қауымға ескерту айтады. Алайда олар агрессивті түрде жауап береді. Қатысушылар арасында жанжал туып, төбелеске жалғасқан, оның нәтижесінде екі адам пышақ жарақатын алған», – деді полиция баспасөз қызметі.

Түрлі жарақат алған екі жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Төбелеске қатысушылардың бірі 34 жастағы ер адам болып шықты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында мәлімдегендей, ер адам ауруханаға іш қуысының пышақ және кесілген жарақатымен, беті мен сол жақ иығынан алған пышақ жарақатымен түскен. Оған шұғыл түрде ота жасалған.

Аталған факті бойынша «Екі адамға қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Онда 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.