Қалалық қоғамдық-саяси газет

Партияның облыстық конференциясына делегаттар сайланды

0 492

«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтті. Басқосуға партия Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхамед Жұмабек, қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев пен бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.
Кезектен тыс конференцияның күн тәртібінде Партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасы талқыланды. Жиында күн тәртібіне шығарылған мәселе туралы «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Уалихан Байдуанов баяндама жасап, тұғырнаманың бағыт-бағдарына кеңінен тоқталды. Партияның жаңа Саяси тұғырнамасы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған толық ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі болып табылатынын тілге тиек еткен ол құжатта Қазақстанның басты қоғамдық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылғанын жеткізді.
– Саяси тұғырнама партия мүшелері, сарапшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, азаматтық белсенділер қатысып бірлесе жасаған пікірталастың нәтижесінде пайда болғанын айта кеткен жөн. Саяси тұғырнаманы жаңарту жұмысы тек «халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілуде. Әрбір партия мүшесі Саяси тұғырнаманы біліп қана қоймай, ондағы құндылықтармен бөлісе отырып оны күнделікті жұмысында басшылыққа алғаны қазіргі уақытта маңызды деп санау керек. Тұғырнама Адамның, Қоғамның және мемлекеттің үйлесімді дамуы, олардың өзара қарым-қатынасы принципіне құрылған, – деді Уалихан Боларбекұлы.
Сонымен қатар конференцияда «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Жанар Орынбаева, «AMANAT» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Бердалиев, «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Медет Нұрділлаұлы сөз тізгіндеп, Саяси тұғырнама турасында ойларымен бөлісті. Спикерлер Саяси құжаттың «Адам – басты байлық», ал «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» ретінде және «Мемлекет пен халық» тарауларына кеңінен тоқталып өтті.
Жиын соңында конференцияның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Партияның облыстық конференциясына делегаттар сайланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.