Қалалық қоғамдық-саяси газет

Партияішілік праймериз басталды

0 163

Қазақстанда биыл дамыған елдер тәжірибесімен тұңғыш рет праймериз өткелі жатыр. Аталмыш науқанды өңірде өткізудің жай-жапсары туралы «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баяндап берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Праймериз – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партия филиалдарының сайланбалы органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін алдын ала партияішілік іріктеу. 2019 жылғы 21 тамызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту процесі басталды. Отырыста Қазақстанның Тұңғыш Президенті ішкі партиялық іріктеудің қажетіне тоқталған болатын. Биылғы 5 наурызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Праймериз өткізу ережелерінің жобасы мақұлданды. Таяуда Елбасы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. 5 маусымда «Nur Otan» ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды. Бас партияның облыстық филиалының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев науқанды өңірде жоғары деңгейде өткізу бағыттарын ортаға салды.

– Өңірде аталған шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша кешенді жоспар әзірленген. Арнайы ережесі, күнтізбелік жоспары, ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа- жоспары бекітілген. Ұйымдастыру комитеттері мен есеп комиссияларының құрамдары жасақталған. Аудандық (қалалық) филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары, ұйымдастыру комитеті мүшелерімен праймериз тәртібін түсіндіруге бағытталған 15 семинар өтіп, тиісті нұсқаулар берілді. Өңірде 55 мыңға жуық мүшені қамтитын 266 бастауыш партия ұйымы бар. Дауыс беру тәсілі карантин жағдайы ескеріле отырып, онлайн және дәстүрлі түрде өткізу көзделген. Онлайн форматында дауыс беру 1-3 қазан аралығында, ал дәстүрлі дауыс беру тәсілі 3 қазанда өтеді. Дәстүрлі дауыс беру үшін 177 орын-жай белгіленді, – деді Балабек Жанбекұлы.

Сонымен қатар праймериздің тағы бір ерекшелігі – барлық үміткерлер жария пікірсайыстарға қатысып, өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді талқылайтын болады. Бұл үшін арнайы 44 орын-жай анықталып, нысан иелерімен келісімшарт жасасу жұмыстары аяқталды. Аталған орын-жайлар қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталуда. Маңызды мәселенің бірі – онлайн дауыс беруге қатысатын партия мүшелерінің ұялы телефон нөмірлерін өзектендіру жұмыстары толық аяқталды. Дәстүрлі дауыс беруге арналған 12905 сайлау бюллетеньдеріне келісімшарт әзірленіп, Орталық аппаратқа жолданды. Одан бөлек, барлық өңірлік филиалдарда «Қауырт желі» байланысы іске қосылған. Тұрғындардың праймеризге қатысты сұрақтарына жауап алу мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда праймеризге қатысуға облыс бойынша 33 үміткер өтініш білдірді. Үміткерлерді ұсыну «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы немесе тікелей ұйымдастыру комитеттеріне қолма-қол құжат тапсыру арқылы жүргізіледі. Үміткерлер, сондай-ақ партияішілік іріктеуге өзін-өзі немесе бастауыш партия ұйымдарының атынан ұсынылады.
– Кеше ғана Н.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты Үндеуі жарияланды. Алдағы уақытта да бұл туралы баспасөз алаңында кездесетін боламыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі партияның ресми парақшаларында мәліметтер тұрақты жарияланып отырады, – деді Балабек Нарбаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.