Қалалық қоғамдық-саяси газет

Парасаттың шуағына бөленген, Білгір басшы, дара ұстаз кемеңгер!

0 832

Болат Бекжановтың есімі тек Жамбыл ғана емес күллі қазақ руханиятының айбыны мен абыройы іспетті. Арды найза, намысты қалқан етіп, әділдіктің ақ туын желбіреткен қара нардай қайраткердің жүріп өткен жолы кейінгі буынға зор үлгі, таусылмас тағылым. Оның ұлтымыздың рухын асқақтату жолындағы еңбегі еш өлшемге сыймайды. 

Республикадағы тұңғыш әрі бірегей жастар басылымының іргесін бекітіп, оған арлары да жүректері де айдай таза болсын деп «Ар-Ай» деген атауды шегелеп берді. Қаншама жастың томағасын сыпырып, қияға самғатты, бағыт-бағдар сілтеді. Оның ұстаздық ақыл-кеңесі талай жастың өмірде өз орнын табуына септігін тигізіп, алдағы күндеріне шуақ шашты. Содан болар бүгінде ел ішінде «Болаттың бешпентінен шыққан» деген тіркес қалыптасты. Сан өнердің басы қосылған театрда да Болат Үмбетәліұлының жарқын ізі сайрап жатыр. Міне биыл білікті басшы, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер ретінде жұрт жадында сақталған дара тұлғаның бақиға бет түзегеніне де жылға жуықтады.

Осыған орай оның тәлімін алып, өнегесін санаға құйған аяулы шәкірттерінің бірі, «Ақпарат саласының үздігі», белгілі журналист Ерман Әбдиевтің құрастыруымен «Біздің Болат» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Кітапта Болат Бекжановтың болмысы достарының, әріптестерінің, шәкірттерінің, ұл-қыздары, жары мен бауырларының жарқын естеліктері арқылы одан әрі айшықтала түскен. Әрине, саналы ғұмырын ұлт мәдениеті мен баспасөзінің дамуына арнаған тұлғаның болмысы бір кітапқа сыймайтыны сөзсіз.

Бұдан бөлек, қаламгердің «Абай-Ақмай» атты бір романға жүк боларлық туындылар жинағы да оқырманға жол тартты. Кестелі сөз, өрнекті ойлар арқылы драматург-жазушының шығармашылық қуаты осы кітапта толықтай көрініс тапқан. Бұл келешекте қазақ әдебиетіне олжа салып, қазынасын молайтатын жауһар дүние боларына еш күмән жоқ.
Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді жылдар жылжыған сайын Болат Үмбетәліұлының да жарқын бейнесі шоқ жұлдыздай жарқырай түспек. Біз де өзі неше жыл еңбек еткен осы басылым арқылы «Біздің Болат» жинағынан бірқатар естеліктерді оқырмандар назарына ұсынып, ұстаз рухына тағзым етуді жөн санадық.

Редакциядан

 

Болат қимас сезімін, сазды сағынышын қалдырды

Болаттың бала кезіндегі бейнесі менің есімде алыстағы ауыл мектебінің оқушысы кейпінде елес береді. Жамбыл облысы, Талас ауданында Талас өзенінің орта ағысы бойында Амангелді ауылы тұр. Сулы, нулы жер. Жаз бен күзде басқа ауылдардың айналасы сарғайып кеткенде, Амангелдінің айналасындағы шабындық жер, жайылым күзге дейін көгеріп жатады. Ауылдың астында жерасты теңізі бар деседі. Ортасында алып құдығы бар. Суы тұщы. Шығысындағы ауылдар суды сол құдықтан су құбыры арқылы алады. Батысында – Ойық ауылы, шығысында – Шәкіров ауылы. Ауылдың маңдай алдын ала солтүстік батысқа қарай Талас өзені өтеді. Арқасында құм мен шөл, Бетпақ дала. Ауылдың арқалығында Амангелді газ кеніші бар. Амангелді газы аймақтағы бүкіл елді мекенге от беріп, жылу мен қызу таратады. Амангелді кезінде дәулеті асып-тасыған бірнеше колхоздың бірігуі нәтижесінде құрылған: Талды ауыл, Ынтымақ, Шаруашылық, Амангелді. Ынтымақ пен Шаруашылықтың орнында ерте замандарда үлкен қалалар болған. Ынтымақтың түбіндегі Тайтөбеге байланысты ертеден жеткен түрлі аңыздар бар. Тайтөбенің солтүстік-шығыс іргесіндегі Шаруашылықтың орнында болған көне қала Кенжек деп аталған. Осы өлкемен ХІІІ ғасырда Француз королі Людовик ІХ жіберген елші Гильом де Рубрук жүріп өтіп, жазбаша деректер қалдырған. Талас пен Кенжек арасындағы байтақ далада 568 жылы Естімі (Ыстымы) қаған Византия елшісі мен Парсы елшісін қабылдап, әскери көрініс өткізген…
1968 жылы мен осы өңірдегі іргелі ауыл Амангелді мектебіне бастауыш cынып мұғалімі болып келдім. Алғашқы жылы екінші сынып оқушыларын, екінші жылы бірінші сынып оқушыларын оқыттым. Мен мұғалім болып келген жылы Болат 4-сыныпта оқитын сияқты еді. 10 жас шамасында болу керек. Ата-анасының байырғы мекені – Ынтымақ, Тайтөбе. Оқу жылының басынан аты-жөні де, түр-түсі де мұғалімдердің көзі мен көңілінде жатталып қалған оқушылар болды. Солардың бірі Болат еді. Ойлауында да, сөйлеуінде де, түр-түсі мен жүріс-тұрысында да еркіндік, ерекшелік бар. Онысы өзінің бойына жарасымды. Мұғалімі – бізден аздаған үлкендігі бар кісі. Болат мектепте сол мұғалімін тыңдайды, басқа мұғалімдердің сөзіне құлақ аса қоймайды.
Ауылда екі жыл мұғалім болып, Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне оқуға кеттім. Оқу бітірген соң, сонда қалдым. Жылдар өтіп жатты. Көп жылдардан кейін Болатты осы университетте көрдім. Жазғы сессияның кезі. Журналистика факультетінде сырттай оқитын студенттерден «Әдебиет теориясы» пәнінен емтихан қабылдап отырғанмын. Алдыма бір сырбаз жігіт келді. Фамилиясы Болат Бекжан. Емтиханын жақсы тапсырды. Емтиханын тапсырған соң білгенім: Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітірген, актер, режиссер, мәдениет үйінің директоры, ақын, жазушы, драматург, журналист, сатирик, сазгер екен. Аздан соң бұл жігіттің Амангелді мектебінің баяғы ерекше, еркін оқушысы Болат екенін білдім. Мектепте менің есімде қалған аты-жөні Болат Үмбеталиев болатын. Мектептегі аты-жөнін Болат Бекжан деп өзгертіпті. Алдымдағы студенттің өзім ұстаздық еңбек жолымды бастаған Амангелді мектебінің бір кездегі кекілі желбіреген, құлындай шапқан елгезек оқушысы екенін білгенде, емтиханда көрсеткен білімі үшін «Жақсы» емес, «Өте жақсы» деген баға қоймағаныма өкінгендей едім. Студентім «Жақсы» деген бағаға разы екенін айтып, отырған орнынан жадырап көтерілді. Сонда бойына, ойына қарап: «Жайсаң жігіт болып өскен екен», – деп сүйінген қалыпта қалып едім.
Болат университетті ойдағыдай бітіріп, ұлттық университеттің классикалық білім бағдарламасын меңгерген білікті журналист, шығармашылық тұлға, азамат ретінде Тараз өлкесінің, Жамбыл облысының мәдени, рухани түлеуі, әлеуметтің қоғамдық санасының жаңғыруы, шығармашылық әлеуетінің өсуі жолында аянбай еңбек етті. Еңбек жолын Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрында актерлік өнерден бастап, өмірдің түрлі сыны мен сынағынан өтті. Ауылға барып, мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып, ауыл мәдениетін өсірді. Облыстық теле-радио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор бола жүріп, теле-радио журналистиканың аузымен құс тістеген мықты майталманына айналды. Облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық-этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз жөніндегі хатшысы, облыстық «Ар-Ай» қоғамдық-саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарып, қоғамдық ұйымдармен, шығармашылық ұжымдармен, халықпен, әкімдік билік жүйесімен бірлесе қызмет етудің үлкен мектебінен өтті, өмірдің ыстығына да, суығына да төзді, шығармашылық еңбектің қыры мен сырына қанықты, өлкедегі белгілі шығармашылық тұлға, мәдениет қайраткері болып қалыптасты. Көптеген жылдар Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрының директоры болып қызмет етті. Облыстық драма театры – мемлекеттік мекеме, мекеме болғанда – мәдениет пен өнер орталығы. Театр сахнасындағы әр спектакль – ұжымдық өнер үлгісі. Ол синкретті. Онда сөз өнерінің, саз өнерінің, сурет өнерінің, ән өнерінің, би өнерінің алатын орны да, атқаратын қызметі де маңызды. Оларды театр өнерінің заңдылықтарымен ұштастырудың тылсым сырлары мен қырлары да аз емес. Ондағы әр актер – өзінше бір тұлға, өзгеше бір әлем. Оның тілін түсіну қиын, оған түсіндіру де оңай емес, оны алған бағытынан қайтару немесе дұрыс бағыт сілтеу – қиынның қиыны. Болат театр директоры ретінде осы қиындықтардың қилы кезеңдерінен өтті, әрқайсысы бір әлем болып жүрген өнер саңлақтарын бір кеңістікте бір мақсат жолында біріктірді, мәдениет, өнер саласындағы ұйымдастырушы әрі басқарушы, санаткер әрі қайраткер тұлға болып дараланды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауына сүйене отырып, театр ұжымын үлкен шығармашылық жетістіктерге жеткізді. Театр сахнасына шығарылған спектакль тасбұлақтың суындай сылдыраған керемет келісіммен жарасатын болды. Театр өнерлі, өнерпаз шығармашылық ұжым болып тұтасты, өзіндік болмысы бөлек, мақсаты биік, табиғаты таза бірбүтін өнер ордасына айналды. Өнер ұжымын мұндай биікке көтеру, мұндай бірегей тұлғаға айналдыру, театр сахнасын рухани жаңғыру, жаңару сахнасы деңгейіне көтеру өнерпаз өреннің, жан-жақты шығармашылық тұлғаның, мұраты биік, бағыты оң, мақсаты зор қайраткер азаматтың ғана қолынан келетін еді. Болат театр ұжымын бірегей шығармашылық тұлғаға айналдырды, театр сахнасын рухани жаңғыру мен жаңару сахнасы, арылу мен тазару сахнасы деңгейіне көтерді.
Болаттың алғашқы жинағы «Шымылдықтың арғы жағы» деп аталды. Сатиралық сарындағы жинаққа енген шығармалар оқиғасының шыншылдығымен, құрылым-жүйесінің шымырлығымен, кейіпкерлер бейнесінің анықтығымен, тіпті ірілігімен ерекшеленетін. Одан беріде оқырмандарына «Құс қанатындағы сағыныш» атты өлеңдер жинағын, «Бізбіз» және басқа кітаптарын ұсынды. Осыдан аз бұрын, алпысқа толған, алпыстың асқарына шыққан шағына орай «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен шығармашылық кешін өткізіп, алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін жасады. Өңірдің белгілі ақын, жазушылары, журналистері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысып, ыстық лебіздерін білдірді.
Шығармашылық кешке Алматыдан Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын, фиололгия ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып, Шешеннің батыры, қазақтың ақыны, түркі әлемінің атақты азаматы Рафаэль Ниязбек ағасы, Қазақстанның халық әртісі, театр өнерінің көрнекті қайраткері, өнертану профессоры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов және мен келіп, игі тілектерімізді айттық. Шығармашылық кештің өн бойында құс қанатындағы сағыныштай бір әдемі, қимас сезімсазы тербеліп тұрды. «Құс қанатындағы сағыныш» ойландырды, толғандырды. Менің есіме ел аузында сақталған «Құс жолы» деген аңыз түсті. Тараз өлкесінің өзім жинап алған тау мен дала туралы мың аңызының бірі. «Ерте-ерте, ертеде», – деп басталады.
Ерте-ерте, ертеде Талас өзенінің арнасы айдын шалқар көлдей шалқиды екен. Беті аққу-қазға толы екен. Кезі келгенде аққулар басқа жаққа ұшатын болыпты. Сонда алысқа ұшуға жарайтындары ұшып, алысқа ұшуға жарамайтындары қалмақ екен. Аққулардың ішінде көмекейінен күй төгілген бір өнерпазы болыпты. Күзде ол бір лек аққуларды бастап, алыс сапарға ұшады. Өзеннің үстін айнала ұшып, су бетінде қалғандармен қоштасып, ән салады, күй төгеді. Көктегілердің әні мен күйі өзен бетіндегілердің бойын балқытып, көңілін толқытады. Сонда өзен бетіндегі аққулар көктегі аққулармен бірге ән салып, күй төгіп, би билейді. Өзеннің бетіндегі аққулар мен көктегі аққулар бір-бірін қимайды. Аққулардың бір-бірін қимай қоштасып салған әні мен күйінің сазы Жаратушыға жетеді. Жаратушы аққулардың бір-біріне деген қимастығының ән мен күй, би болып төгілген сазынан өзінің қасиетін танып, көктегі аққуларды түгелдей жұлдызға айналдырыпты. Құс жолы осылай жаратылыпты.
Құс жолы Таластың төбесінен төніп тұрады екен. Одан құлағы түрік, көңіл көзі ашық жандар аққулардың салған әнінің сазын естиді екен.
Бір сәті түскенде, Таластың жағасында тұрып, түнгі аспанға, Құс жолына қарадым. Құс жолы шынында да Таластың төбесінен төніп тұрғандай екен.
Қайтқан құстардың, қайта оралған құстардың қанатында қимастық, сағыныш сезімі болатыны туралы түсінік – образды ойлаудан туған терең, бейнелі, астарлы түсінік. Онда шығармашылық тұлғаның өз сағынышының лебі, өзінің қимас сезімі бар. Болат «Құс қанатындағы сағыныш» кітабында, «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен өткізген шығармашылық кешінде осы сағынышын, осы қимас сезімін толғағанын және қандай күйде толғағанын енді, өзі құс болып ұшып кеткеннен кейін, түсінгендей болдым.
Шынайы шығармашылық тұлға көз жетер кеңістікке сыя алмайды, көңіл жетер кеңістікке шыға алмайды. Болаттың сағынышы да, қимас сезімі де өмірдің осы заңдылығының өзегінен өнді-ау деп ойлаймын.
Астанадан телефон соқты. Асқазаны ауырып, Астанадағы дәрігерлерге көрінбек болып келгенін айтты. Асықпай, сабырмен сөйледі. Үні ашық. Көңіл-аспаны таза көрінді. Көңілі жаздай жадырағанда немесе терең ойда отырғанда айтатын бір сөзі бар еді «Жан аға» деген. Осы сөзін айтып, Таразға келген соң хабарласатынын ескертті. Таразға келген соң хабарласпады, хабары жетті.
Болат інім құс жолымен ұшып кетті, ұшпағандар үшін қанатындағы сағыныш сазын, қимас сезімін қалдырды.
Артында қимас сезімін, сазды сағынышын қалдарған жанды өлді деуге сыя ма…
Алла алдынан жарылқасын!

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Театр әлемінің білгірі

Біздің Болат театрды бүге-шігесіне дейін білетін мықты азамат еді. Көптеген тамаша пьеса жазып, талғампаз көрермендерінің назарына ұсынды. Өзінің ойлау жүйесінің, талғамының бөлектігімен театр көрермендерін баурады. Облыстық театрға Асқар Тоқпановтың есімінің берілуіне менімен бір қатарда аянбай еңбек еткен абзал азаматтардың бірі. Ол өзі еңбек еткен театр ұжымының барлық жағдайын жасауға күш салды. Жас, жас болғанда да талантты мамандарды қасына жиды. Үлкен актерлардың батасын алып жүрді. Кісілігі мен кішілігін ешқашан жоғалтпады.
«Театр.KZ» журналына редактор болған кезде басылымды оқырманның көзайымына айналдырды. Республикалық журналды түрлендіріп, өнер адамдары, театр ұжымдарымен өте тығыз жұмыс жасады. Ол театр әлемінің білгірі еді.
Қаламгер ретінде де, жастардың «Ар-Ай» деп аталған газетін алғаш шығарған журналист ретінде де Бөкеңнің жарқын жүзі жадымызда сақталады. Ол сол «Ар-Ай» жастар газетін басқарған уақытта да, театрда жүрген соңғы жылдарында да жастардың жанашыры болды. Жастар да біздің Болатымызды ұмытпайды деген ойдамын.

Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның Халық артисі

 

Ауыл мәдениетін көтерген азамат

Уақытында атақ, даңқы алысқа кеткен, рес-публика көлемінде кеңінен танылған «Ойық» совхозын Әнуарбек Тәжімбетов басқарды. Ол кісі білікті, сауатты, өте көреген, Д.Қонаевпен пікірлес, замандас болған тұлға еді. Әнекең совхозды басқарған жылдары расында шаруашылықтың өркендеу кезеңі болды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында совхозда 600 орындық үлкен мәдениет үйі бой көтерді. Шындығында басқа совхоздарда мұндай мәдениет үйі жоқтың қасы-тұғын. Мен ол кезде совхоз жұмысшылар комитетінің төрағасымын. Оған дейін совхоз комсомол ұйымын басқардым. Әрине, ауыл жұмысшыларының демалысын, спорт, мәдениет шараларын ұйымдастыру жұмысшылар комитетінің мойынында болатын. Совхозда жаңадан бой көтерген мәдениет үйінің жұмысын бастау, жолға қою, арнайы кадрлар дайындау мәселесі тұрды. Болат ол кезде облыстық драма театрында кәдімгідей өзін таныта бастаған жан-жақты актер болатын.
Болатты кішкентай кезінен білемін. Өзі жіңішке, қатарларын, өзінен үлкендерді ілестіріп алып, ауылды шулатып жүретін. Сол Болат драма театрда белді актер болып жүр. Содан ойлана, әрі Әнуарбек Тәжімбетов ағамен ақылдаса келе, жаңадан ашылған мәдениет үйінің тізгінін ұстатпақ үшін Болатқа баратын болып шештік. Әнуарбек аға да бұл шешімді дұрыс деп қолдады. Содан Жамбылға келіп, Болатқа жолықтым. «Болат әлі де актерлік жұмысыңа ораларсың. Бірақ туған ауылыңның мәдениетін көтеруге атсалыс. Ауылға жүр. Сенен басқа сенетін ешкім болмай тұр. Бүкіл ауыл саған сеніп отыр» – дедім. Болат та азамат екен. Келісімін берді. Қаланы тастап, ауылға келді. Тұрғын үйін дайындап қойғанмын. Өзім көшіріп алып келдім. Келе сала Болат бел шеше жұмысқа кірісті. Маман – жалғыз өзі. Жалғат келін де маман. Бірақ қолында кішкентай сәбиі бар. Болат ауылдағы өнерпаздарды жанына жинай білді. Шеберліктерін шыңдады. Шынын айту керек, Болат келісімен ауыл көркемөнерпаздарына жаңа серпін пайда болды.
Тіпті, ауыл жастары ғана емес, ересектер де жұмыстан тыс уақытын мәдениет үйінде өткізетін болды. Болаттың талантты ғой. Ол келе салысымен драма үйірмесі араға екі-үш ай салып, спектакьдерімен көрермен көзайымына айнала бастады. «Қамшы» атты әзіл-ысқақ театры ашылып, қатардағы жұмысшылар мен қызметкерлер жаңа қырынан таныла бастады. Біздің жұмысшылардың актерлік шеберлігі ауылға ғана емес, ауданға танылды.
Совхоз директоры Әнуарбек Тәжімбетов зейнетке шығып, орнына Ералы Дадабаев директор болып келгеннен соң да бұл жұмыстар жалғасын тапты. Ерекең де нағыз мәдениет, өнер жанашыры екенін көрсете білді. Мәдениет үйінің материалдық базасына үлкен көңіл бөлініп, бұған дейін өте тапшы болып келген музыкалық аспаптар, дыбыс күшейткіш аппаратурасы алынды. Болаттың бастамасымен ел ішіне іздеу салынып, сирек кездесетін музыкалық аспаптар да жеткізілді. Сахна толық жабдықталды.
Әртістердің киімдері республикалық театрлар қоғамының шеберханаларында тігілетіндей жағдайға қол жеткіздік. Маман тартуда Болаттың ұсынысымен ауылға музыканттар, көркемсурет мамандарын шақырып, олардың жемісті жұмыс жасауына жағдай жасадық. Соның арқасында мәдениет үйі облысқа, республикаға таныла бастады. 1982-1985 жылдары Респуб-ликада Кәсіподақ мәдениет қызметкерлерінің байқауында жүлделі І орынды иелендік. Тіпті, сол кездегі мәдениет саласының өрлеу дәуірі болды десем артық айтқандық емес.
Болаттың адамгершілігі жоғары еді. Ол кейін Таразға қоныс аударған соң да ауыл жаққа елеңдеп отыратын. Қандай да бір жаңалық болса қуанып, өзіндегі жаңалықты ауылға жеткізуге асығып жүретін. Ағайыншыл, бауырмал болды.
Қалай дегенде де, Болаттың қазақ мәдениеті, әдебиеті, журналистика саласына сіңірген еңбегі орасан. Осындай айтулы азаматтың біздің ауылдан шыққанын жерлестері де мақтан етіп жүреді.

Досмұрат ШАХЗАДАЕВ,
Талас ауданының Құрметті азаматы

 

Ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті

Алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деген ғой. Мен кейде ойлаймын Болат аға расында ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Қазақ десе жаны бөлек, ал ағайын, туыс, бауырға келгенде түн ұйқысын төрт бөліп, аяғынан тік тұрып қызмет ететін. Жалпы, Жамбыл өңіріндегі қандай да бір ауқымды мәдени шаралар болатын болса, сондай игі істің басында Болат ағамыз жүрді. Кешегі ағалардан алған өнегесін кейінгі буынға үлгі етіп, сабақтастығын үзбеді.
Естеріңізде болса, 2015 жылы Тараздың төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығы өтті. Ол шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп қатысты. Жоғары бағасын берді. Тіпті, шет елдерден 500-ге жуық қонақ келіп, Әулиеата өңіріндегі ауқымды шараға қатысып, қазақтың рухын сезгендей болды. Ал осы істің басында Бөкең жүрді. Бүкіл сценарий ағамыздың қолынан өтті.
Біз «Ысты» ағайындар қауымдастығы жыл сайын сәуір айының 14-15 күндері Наурыз мерекесін ұйымдастырамыз. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облысы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облысынан ағайындар шақырылады. Бұл шара Д.Қонаевтай асыл тұлғаның еңбегі мен парасатты сара жолын насихаттау бойынша да ұйымдастырылады. Бұған дейін тек Алматы қаласында өткізіліп келген Наурыз мерекесін 2017 жылы Таразда ұйымдастыру жөнінде Болат аға ұсыныс айтты. Қолдай кеттік. Барлық іс-шараның басында Бөкең жүрді. Ағайындар қолдады, келіп қатысты, жоғары бағасын беріп кетті.
Болат ағаның ойында әрдайым тың идеялар жүретін. Ол кісі Талас ауданы, Ойық ауылдық округі, Сейілбек ауылы (Бестам) маңындағы бір ғасырлық тарихы бар «Қарақожа» мешіті мен осындағы Бөлтірік шешен кесенесі аумағын абаттандыру бойынша жақсы бастама көтеріп жүр еді. Бірақ, өкінішке орай сұм ажал ортамыздан ертерек алып кетті.
Жоғарыда айтқанымдай, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп жүретін Бөкеңнің қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Алла панасына алсын, асыл ағамызды!

Балабек НАРБАЕВ,
бауыры

 

Інілердің іздеушісі

Қайран, Болат ағай! Ағалардың ішіндегі жүрегі жылы, адам жанын жазбай түсінетін ардақтысы едіңіз. Сізге бұлай өткен шақпен сөйлеуге әрине ертелеу еді ғой. Алланың қалауымен сіздің бізге жасаған жақсылығыңызды қанша рет естелік жазылса да айтып тауысу мүмкін емес. Өмірде басқа да кісілердің шапағатын көрдік қой. Бірақ, сіздің жанашырлығыңыз есімізде тайға таңба басқандай қалды. Оның бір себебі, сіздің сол жақсылықты «Мынау інім кейін айтып жүрсін» деп есеппен жасамайтыныңызда, шынайы болмысыңызда жатқан болар, жан аға!
Осы күні мен ойлаймын, журналист болсам деген арманыма егер сіздің қамқорлығыңыз болмаса жетер ме едім, жетпес пе едім. Сіз бізге басшы ғана болған жоқсыз, шыңдайтын ұстахана болдыңыз. Әкеміздей жанашыр, әкеміздей қатал сыншы болдыңыз. Оның арғы жағында: «Піссін, шынықсын, үйренсін» деген үлкен тілектестік жатқанын біз кейінірек түсіндік қой. Мен де ол ниетіңізді дер кезінде ұғына қоймағандардың қатарындамын.
«Ар-Ай» газетіне алғаш келген жылдары менің жазбаларымды сүйсініп оқитын едіңіз. Маған: «Көшеде абайлап, байқап жүр» деп ескертетінсіз. Ол: «Мақтағанға масайрап, аспанға ұшып кетпе» деген ескертуіңіз екен ғой. Өзіңіз басқаратын газетке «Ақтөс» деген әңгімем жарияланғанда керемет қуанып: «Осы бетіңнен танбасаң, кәдімгі үлкен жазушы боласың» деп үміт артушы едіңіз. Оны қалай ұмытайын. Ауыл адамдары туралы жазылған алақандай әңгімелерімді «Ар-Айдың» соңғы түрлі түсті бетіне қуана-қуана жариялаушы едіңіз. Оны ауыл халқы оқып мәз. Ауылдастардың оқығанына мен мәз болушы едім.
«Ар-Айда» істегеніме 4 жылдай болған кезде: «Аудандық газетке бас редактор болуға қалам-қабілетің жетті. Ондай жұмысқа жіберсе, оқырманды жалықтырып алма. Түрлі айдарлар аш. Тынбай ізден» деп ақылыңызды айтқаныңыз күні бүгінгідей құлағымда тұр. Сондай тілеулес көңіліңізге разы болушы едім. Мен әйгілі жазушы болмасам да, тәрбиеңізді көрген Ерлан Жүніс пен Хамит Есаман үлкен деңгейдегі ақын болды. Мен бас редактор болмасам да шәкірттеріңіз Гүлнұр Ембердиева, Азамат Есалы, Дәулет Төленді бас редактор болды. Ол жағынан ойыңыздан шықпасақ та, жақсы мақала, ой-толғаныс, қаз-қалпындағы әсерлерді жазудан ешкімнен қалған жеріміз жоқ. Сол жағынан алғанда үмітіңізді ақтадым деп ойлаймын.


Сіз менің бойымдағы өнерімді де сыйлап, айтыс атаулыға қай кезде де сәт сапар тілеп, жіберіп тұрушы едіңіз. Талай айтыстан жүлдемен оралып, оның хабары «Ар-Ай» арқылы елге тарап, мәз-мейрам болып жатушы едік. Бірде сізбен айтыстың бір мәселесін ақылдасқанмын. Сонда: «Ағай, мені «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Аламан» телеайтысына аттай қалап шақырып жатыр. Ол жерде кемі үш рет айтысамын. Сондай жоба. Оған қатыссам, Жүрсін Ерман өткізген айтыстарға қатыса алмайды екенмін. Жүкең: «Аламан» телеайтысына қатысқандар, менен аулақ жүрсін» депті. Осыған не ақыл бересіз аға?» – дегенімде, сіз сәл ойланып: «Жүрсіннің айтысынан кетпе. Бәлкім жеңімпаз болып та кетерсің. Оқта-текте болса да Жүкең шақырып жүр екен. Сол кісіден айырылма» деп ақыл бердіңіз. Мен солай еттім. Бірақ, содан кейін бірнеше жыл Жүкең мені айтысқа шақыра қойған жоқ. Бірақ, сіздің: «Жүрген ортаңды тастап кетпе, сатпа» деген ақылыңыз санада сақталып қалды.
Бір жолы сізді «Жамбыл-Тараз» редакциясына іздеп барып едім. «Есет, ауылдан бір жас студент бала бір әңгіме жазып келіпті. Қайтып таппай қалдым. Келмей кетті. Оны табу керек, тәрбиелеу қажет» деп сонша алаңдап отырдыңыз. Кейіннен білдік қой, ол іздеген балаңыз – Талғат Нұрханов екен. Талғатты көп ұзамай Жаңабай Миллионовқа айтып жүріп, «Ғұмыр–Дария» газетіне жұмысқа алдырған да өзіңіз. Сол Талғат Нұрханов қазір облыстық «Ар-Ай» газетінің білдей бөлім меңгерушісі.
«Абай-Ақмай» драмалық шығарамаңыз жазылғанда сізден сұхбат алып, «Аq jol» газетінде жарияланғаны есімде. Бас редактор Оралхан Дәуіт те таршылық жасамай, беттің көлемін аямады. Ертеңіне маған қуанып телефон шалып: «Еска, сұхбат әдемі шығыпты. Оралхан бастығыңа да рақмет. Бұл дұрыс болды» деп риза болғаныңыз есте. Түлкібас тарихына қатысты поэма жазып бастап, оны маған шабыттана оқып бергеніңіз есімде. Шүкір етерлігі сол поэманы да аяқтап, Ерман Әбдиевке аманттап кетіпсіз. «Абай-Ақмай» атты шығармаңыз, «Қазақтар» деген (Түлкібас тарихына арналған) поэмаңыз кітап болып шықты аға. Ерман ініңіз жарады.
Жаза берсем, қаза берсем сіз жайлы айтарымыз таусылмайды аға. Өмір болса, алдағы уақыттарда да айта берерміз. Бір іздеушіңізбін ғой ағатай! Жарыңыз Жалғат жеңгеме, ұл-қыздарыңызға рахмет. Олардан да сізге деген толассыз құрметті көремін. Перзенттеріңіз басыңызды жақсылап қарайтты.
Уақыт неткен жүйрік. Сіздің жылдық асыңыз өтетін уақытта келіп қалған екен. Жаныңыз Жаннатта, топырағыңыз торқа болсын, жан аға!

Есет ДОСАЛЫ,
айтыскер ақын,
облыстық «Аq jol» газетінің тілшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.