Қалалық қоғамдық-саяси газет

Пәтер бизнесі: онымен айналысатындар салыққа неге салғырт қарайды?

0 228

Қай қалаға барсаңыз да, белгілі бір орындарда қолдарына кілт ұстаған немесе мойындарына «квартира» деген жазу тақтайшаларын ілген жарнамашыларды кезіктіруге болады. Түнеуге пана іздегендер, әрине, сондай жерлерді паналайды. Бұл бизнестің көлеңкелі тұсы екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Арайлым Шабденова

Бүгінгі таңда қазақстандық тұрғындар арасында өзекті сұрақтардың бірі – жылжымайтын мүлікті бөтен адамға жалға берген кезде қандай салықтық міндеттемелердің орындалатыны. Яғни тұрғындардың көп бөлігі баспананы жалға бергенде қалай салық төлеу керектігін білмейді немесе мүлдем салықтан жалтарады. Жалпы жылжымайтын мүлікті жалға беруге кәсіпкерлер де және жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген тұлғалар да құқылы. Мысалы, жеке тұлға пәтерін жалға бергені үшін айына 60 мың теңге алады делік. Ол бұл жағдайда кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент негізіндегі арнайы салық режимін таңдайды. Яғни кіріс сомасының 1 пайызын төлейді. 60 мың теңгенің бір пайызы 600 теңгені құрайды. Мұнда негізгі талап – жалдамалы жұмысшылардың болмауы және салықтың алдын ала төленуі. Яғни патент алғанға дейін. Сондай-ақ салықты оңайлатылған режимде төлеуге де болады екен. Бұл кезде азамат салықты алты айда бір рет төлейді. Жарты жылда алынған табыс сомасы көрсетіліп, кейін осы соманың 3 пайызын салық ретінде төлейді. Бір ерекшелігі – мұндай салық табысқа қол жеткізген соң төленеді.
Иә, салықтың негізгі заң талаптарын білмейтін азаматтар заңды белінен басып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жүргені жасырын емес. Өзге қалалардағыдай жарнамасы жер жармаса да, біздің қалада пәтерді жалға берушілерді «OLX» мобильді қосымшасы арқылы немесе көшедегі жабайы жарнамалар арқылы табуға болады. Мақаланы жазу барысында пәтер іздеген сыңай танытып бірнеше хабарландыру бойынша хабарласып, жалға үй беретін азаматтармен кездесіп, тілдескен едік. Біздің білгеніміз, қала бойынша жалға пәтер беретіндердің ең қымбаты орталықта екен. Әр сағаты 700 бен 1000 теңгенің арасы болса, дәл темір жол бекетінде бұл бағаны саудаласып түсіруге болады. Сондай-ақ мөлтек аудандарда жалға берілетін пәтерлер өте көп және арзан екен. Тек иесімен келіссеңіз болғаны. Ал пәтерді түндігіне жалға алатын болсаңыз, пәтерге 3 мың мен 5 мың теңге аралығында шығынданасыз. Жалға беретін азаматтармен тілдесу барысында олардың басым бөлігі бұл бизнес үшін салық төлеу керектігінен бейхабар болып шықты. Сондай жанның бірімен телефон арқылы тілдескен едік. Өзін Гуля деп таныстырған азаматша 3 бөлмелі пәтерін жалға береді екен. Бұл бизнеспен айналысып жүргеніне біраз жыл болыпты. Дейтұрғанмен ол арнайы патент алмаған, тіпті алу керектігін де білмейді екен. Бұл тек бір жалға берушінің сауатсыздығы емес. Салық төлеу керектігін білмейтін қаншама жалға беруші бар десеңші. Бұл орайда, «салық төлеуді міндеттемейтін сала мамандары кінәлі ме, жоқ әлде өз бизнесінің көлеңкелі екенін білмейтін азамат кінәлі ме?» деген заңды сауал туады.
Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, жеке табыс салығы сомаларын төлемей, тұрғын үйді жалға беретін барлығы 1117 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Оның ішінде жеке тұлғаларды анықтап, тіркеуге қою жұмыстары аясында жыл басынан бері 131 жеке кәсіпкер тіркелсе, 34 жеке тұлға 240.00 салық нысаны бойынша жеке табыс салығы сомалары бойынша 2020 жылдың 31 наурызына дейін салықтық декларация тапсырады екен.
– Жеке табыс салығы сомаларын төлемей, тұрғын үйді жалға беретін және тұлғаларды анықтау бойынша мемлекеттік кірістер органдары мен ішкі істер органдарының өзара іс-қимыл тәртібі бойынша бірлескен жұмысы нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы тұрғын үйлерді жалға беру фактісін анықтаған жағдайда өз құзыретінің шегінде іс-әрекет жасайды. Қала аумағында бұл іс қолға алынған, жүйелі жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 117 салық төлеуші анықталып, оларға арнайы хабарлама жіберілді. 117 салық төлеушінің 105-і жеке тұлға болғандықтан, оларға дара кәсіпкер ретінде тіркеуге тұру керектігі ескертілді. Одан басқа, МКБ-да тіркеуде тұрған 71 салық төлеушіге тиісті шаралар қолдану мақсатында кіріс басқармаларына хаттар жолданды. Жалпы тұрғындармен жүйелі жұмыс одан әрі де жалғасын табады, – Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Бекнар Аязбаев.
Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде немесе өзі мекемеге барып, дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталуы жайлы хабарламаны мекеме қызметкерлеріне ұсынуы қажет. Қала бойынша заңсыз жалға берушілерді анықтайтын – учаскелік полиция инспекторлары. Бүгінгі таңда қала бойынша 29 учаскелік полиция пунктінде 123 учаскелік инспектор қызмет етеді. Дегенмен әр бекітілген аймақ бойынша учаскелік полиция қай үйде, қай пәтер жалға берілетіндігі туралы, қай азамат тұрғылықты мекенжайсыз тұрып жатқандығы туралы өз жұмысына қосымша міндеттеме ретінде жүктеп алған.
– Біздің учаскелік полиция өзінің аумағында қандай тұрғындар тұратындығынан хабардар. Сонымен қатар олар әр үйді аралау барысында қай үйдің жалға берілетіндігі, қай үйде тұрғын тұрмайтындығы жөнінде мәліметтерді толық жинайды. Мәселен, ІІ жартыжылдықтың нәтижесінде учаскелік инспекторлар 84 жалға беретін тұлғаны анықтаған. Бұл факті бойынша арнайы құжаттар толтырылып, кірістер департаментіне жіберілді. Одан арғы жұмыстарды, яғни оның қайсысы жеке тұлға, қанша салық төлеу керектігін сала мамандары өздері шешеді. Жұмыс барысында тұрғындардың арасында тұрғылықты мекенжайы жоқ, еш жерде тіркелмеген азаматтарға Әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша құжаттар толтырып, айыппұл саламыз. Негізінде қала бойынша жалға беретін үйлердің ошағы – көпқабатты тұрғын үйлер. Олар орталық пен Байзақ батыр көшесінде және мөлтек аудандарда көптеп кездеседі, – дейді Тараз қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Сәбит Мамытбеков.
Баспананы жалға беріп, табыс табатындар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес, әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері жеке тұлға үшін – 15 айлық есептік көрсеткіш. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері, лауазымды тұлғалар үшін – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК. Бір жыл ішінде заңсыз жалға беру қайталанатын болса, онда әкімшілік айыппұл мөлшері екі есе артады, ал ірі бизнес субъектілері үшін 500 АЕК-ке дейін артады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.