Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Озат оқушылар топ жарды

0 424

Сәуір айының 22-23 күндері Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында 9-11 сынып оқушылары арасында Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті. Аталмыш білім бәйгесіне Жамбыл облысынан тоғыз оқушы қатысып, сегізі жеңімпаз атанды.

Республикалық олимпиаданың ұйымдастырушысы – «Дарын» РҒПО, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы. Білім додасы  екі кезең бойынша өткен болатын. Алғашқы айналымда қатысушылар эссе жазса, екінші айналымда қатысушылар қазақ әдебиеті, Қ. Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми мұрасы мен публицистикалық еңбектерін білу бойынша бақ сынады.

Республика бойынша дарынды оқушыларды анықтап, оларды қолдап, білімін дамытуды көздеген сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 180-ге жуық мектеп оқушылары қатысты. Ойы озық, қиялы ұшқыр, білімі терең оқушыларды анықтауды көздеген білім бәйгесінің негізгі міндеті –  оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімін жетілдіріп, ұлтшылдыққа тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен асыл дәстүрлерімізге деген құрметін арттыру.

Қанипа Бітібаева – академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері.  Тәуелсіз Қазақ елінде ұлттық сөз өнерін оқыту мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізудің үздігі атанған жаңашыл ұстаз. Оқыту жүйесінде  баланың рухани жан-дүниесін, ой еңбегінің күрделі процесінің заңдылықтарын, жеке адамның қалыптасу ерекшеліктерін зерттеуші педагог.

Жарыс қорытындысы бойынша Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Әлдина Марат және Т.Рысқұлов ауданы, №6 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Кәусар Қашқынбай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломымен марапатталды. Тараз қаласы, Төле би атындағы №8 гимназиясының 9-сынып оқушысы Айару Қанатбек, Тараз қаласы, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Еркежан Қазбек және Тараз қаласы, Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Саяна Манас жүлделі II орынды жеңіп алды. Ал Сарысу ауданы,  Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Мадина Есжан, Қордай ауданы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сабина Измаханова мен Тараз қаласы, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Гүлназ Агасердар III орынға ие болды.

Жүлдемен оралған сегіз оқушымызға дипломдар табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дарынды оқушыларды анықтап, оларды қолдауды мақсат еткен орталық алдағы уақытта да түрлі бағытта білім бәйгелерін ұйымдастыратын болады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушыларымыз осындай білім додаларынан шабыт, тәжірибе алып, қанаттанады деп сенеміз. Жинаған білімі мен тәжірибесін, ойға түйгенін, санасына құйғанын еліміздің өсу мен өркендеу жолына арнайды деген сенім бар.

Айғаным КЕҢЕС,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының
«Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық
орталығының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.