Қалалық қоғамдық-саяси газет

Озған заманда тозған әдетке орын жоқ

0 1  457

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыз күні Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында насыбай ататын азаматтар туралы тоқталған болатын.

– Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар, – деген еді Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр.
– Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара? Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Оның сөзінше, жалпы насыбай өндіріп, таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
– Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді, – деп ұсынды Президент.
Мемлекет басшысы арнайы тоқталған бұл көк дақылға Еуропада сонау 90-жылдары тыйым салынған болса, Түрікменстан мемлекетінде жасырын сату былай тұрсын, он жылдан бері елге кіргізілмейді. Біздің елде тыйым салынғанына он жылға жуық уақыт болғанымен, заң салтанат құрмаған. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі ересектердің 10 пайызы насыбайды тұрақты тұтынады екен.
Жалпы насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалатын, құмарлық үшін ататын (пайдаланылатын) зат. Отарлаушы орыс мемлекетімен, Қытаймен етене араласып, сауда-саттық жасаудың нәтижесінде қазақ даласына темекі келіп, насыбай жасау, оны ату етек жайған. Темекінің құрғатылған жапырағынан мүштікке папирос салып тартудың пайда болуы тәрізді, темекіні ұнтақтап, оған түрлі заттар қосып насыбай дайындауды далада мал бағып, көшіп-қонып жүрген қазақтардың әу баста өзгелерден үйренгені хақ.
Ұлттық болмысымызға жат насыбай ату әдетінің ел арасында кеңінен тарағаны соншалықты, біздің тілімізде «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген де мәтел бар. Осылайша насыбайдың зияндылығы естен шығып, оны негізінен қариялар атқандықтан, елімізде насыбай атуға тыйым салынбаған.
Бұрынғы қазақтар насыбайды темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып жасаған. Ол ащы, күшті иісті зат болған. Насыбайды құмарлық үшін ату – көп адамның жаман әдеті.
Жалпы насыбайды былай әзірлейді: келіге темекі жапырағын салады, оны әбден ұнтақтайды. Оған арша немесе сексеуіл, қайың, тобылғы, қылша күлін қосады, үстіне су себеді. Ал бүгінгі насыбай жасаудың жолы тым қарабайыр. Оны көбінде оңтүстік өңірінің жұрты кәсіпке айналдырған. Темекінің жапырағын өсіреді. Оны кептіріп, ұнтақтайды. Сексеуілдің күлін не қара ағаштың шайырын қосады. Ұнтақталған қоспа бір күн тұрған соң, әктің суын араластырады. Мұнымен настың настығы шектелмейді. Бас айналдырып, ессіз етуі үшін тауықтың қиын да салады екен.
Ол туралы «химиялық құрамында катьми, бензопирин, никель, нитраттар және мышьяк қорғасыны бар» дейді ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшысы Дана Әбілдинова.
Тауықтың қиы – малдың тезегіндей емес, өте улы. Абайсызда жеген ешкі де, қой да сол мезетте қырылып қалады. Ал әктің тиген жеріңді күйдіретін құдіреті бар. Ағаштың күлі болса – кәдімгі қоқыс. Еріннің астына атып, сілекейін жұтып, былш-былш түкіргендер осыны түсінсе дейді дәрігерлер. Өйткені бір атым насыбайдан көңілі қалатын қазақтың бір атым насыбайдан ұрпақсыз қалуы әбден мүмкін деп дабыл қағуда.
Жалпы дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Біріншіден, насыбай ату темекі тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырына ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады. Әрі насыбай ату адамның жасын қысқартады. Ас қорыту жүйесі қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді.
Белгілі онколог Мұрат Қайбаровтың айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі. Ал оның медициналық тәжірибесінде мұндай жағдайлар аз емес.
– Насыбайды әдетте тіл астына қояды. Насыбайдың құрамында әртүрлі химиялық заттар, соның ішінде әк бар, бұл шырышты қабықтың жарасына әкеледі, яғни ауыз қуысының шырышты қабаты зақымдалады. Ауыз қуысының түбі өте нәзік шырышты қабық, ол қанмен өте жақсы қамтамасыз етілген және заттарды өте жақсы сіңіреді, сондықтан бұл насыбайды тіл астына салады. Бірақ тіл астындағы химиялық заттың ұзақ мерзімді болуы уақыт өте келе эрозияға және ойық жараға әкеледі. Насыбайды ұзақ уақыт тұтыну – ауыз қуысының қатерлі ісігінің себебі, – дейді Мұрат Қайбаров.
Сондай-ақ дәрігер бас және мойынның қатерлі ісіктері онкологиядағы ең қиын локализациялардың бірі екенін айтады.
– Ауыз қуысының алдыңғы үштен бір бөлігі – өте күрделі локализация, ол маңда төменгі жақ орналасқан, тілмен шектелген, бұл өте кішкентай кеңістік. Сөйте тұра тамақтануға, сөйлеуге қатысады. Бұл жағдайда ота жасау кезінде лимфа түйіндерін алып тастау керек. Пластикалық хирургиясыз адам сөйлей және жұтына алмайды. Бұл – үлкен мәселе, оған қоса тек хирургиялық жолмен емдеу мүмкін емес. Мұнда емдеудің комбинациясы қажет, – дейді онколог.
Маманның пайымынша, қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастар көп.
– Ең қорқыныштысы, жастар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар көп. Оларға қатерлі ісікті осылай ғана емдеу керек екенін айтсаң, үрейлене қарап, кетуге тырысады, шетелде жақсы емдейді деп ойлайды. Бірақ әлемде операциялардың бәрі бірдей. Қазақстанда қандай болса, барлық жерде де солай жасалады, – дейді ол.
Бұл жаман ұнтаққа жастар неге құмар? Себебі насыбайдың бір орамының бағасы ап-арзан. Оны бірнеше рет бөліп атып, елтуге қолайлы. Ал оның орнына темекі сатып алып тартайын десе, насыбай сатып алған тиын-тебен темекінің бағасына жетпейді әрі насыбайды одан кім көрінген сұрай бермейді. Көшеде темекі тартып келе жатса, шылым сұрайтындар көп.
Ал бұл насыбай туралы шариғаттың үкімі қандай? Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін назарға ала отырып бекітілген мынадай фиқһ қағидалары бар. Біріншісі – «Әр зиянды нәрсенің үкімі – харамға байланған» деген қағида. Екіншісі – «Жаманы мен жақсысы қатар тұрғанда, әуелі жаманынан құтылудың қамын ойлау». Бұл дегеніміз, насыбайдың жаппай атқан адамға тиетін зардабы анықталып жатса және оның зияны пайдасынан асып түссе немесе пайдасы мен зардабы қатар келсе, онда оған харам деген пәтуа беріледі. Мұсылман кісі насыбайға әуестенуден бойын аулақ ұстауы шарт. Өйткені Жаратушы Иеміз өзінің қасиетті аятында былай деп бұйырады: «(Пайғамбар) Сендерге таза нәрселерді халал етіп, жаман нәрселерді арам қылды», – дейді.
Насыбайдың құрамы ғылыми зерттеу арқылы енді белгілі болып жатқанымен, оның зияндылығы әлдеқашан дәлелденген. Ол – ауыз қуысы, өңеш, асқазан обырына себепкер бірден-бір зиянды зат. Көбіне аталған дертке насыбай ататын ер-азаматтар шалдығып жатады. Мамандардың айтуынша, диагнозды тап насыбайдан деп қою мүмкін емес. Өйткені науқастар да насыбай аттым деп мойындай бермейді. Онкологиялық аурулардың басты қоздырғышы арақ, темекі, насыбай болып келеді. Аталған зиянды заттар адам ағзасындағы жасушалардың қалыпты жағдайын бұзады. Осылардың ішінде ең қауіптісі – насыбай. Бір қарағанда, арзанқол заттың залалы өте зор. Насыбайға қосылған ауыр металдардың салдарынан бүйрек және бауырдың улануы тез байқалады. Осы себепті мамандар насыбайдың зияндылығын айтып дабыл қағып отыр.
Темекі халықаралық стандарттарға сай, құрамы көрсетіліп жасалатын болса, насыбайдың құрамы да, жасалу жолы мен өндіріс орны да құпия. Ресми түрде насыбайдың жасалуын ешкім мойнына алған емес. Мемлекетімізде есірткі, арақ-шарап, темекінің алдын алу шаралары жүргізілуде. Арнайы бейнероликтер мен түсіндірме парақшалары таратылуда. Тіпті темекінің сыртында залалды зардаптардың да суреттері бейнеленген. Сондықтан да құзырлы органдар тез арада насыбайды ноқталауды қолға алғандары абзал.
Әрине, адамның ұзақ, мәнді де сәнді өмір сүруінің негізгі – оның денсаулығы. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, нашар әдеттен аулақ болайық!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.