Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отбасы – қос жүректің одағы

0 353

Бақытты отбасы атанудың өз ережесі бар. Ол сызып қойған қоршау, қатырып қойған қалып немесе бекітіп қойған шеңбер емес. Ол түйсік, сана, ой деген ұғымнан тамыр жайып, сый-құрмет деген ерекше қасиеттен бастау алған кіші мемлекеттің жазылмаған заңдары.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Отбасы – қос жүректің одағы. Ал ол одақтың орындалуға тиіс қағидасы, үнсіз ұғысатын үрдісі бар. Жылда үй мүшелерінің туған күні. Себепсіз айтылатын сұлу сөздер. Айтқызбай орындалатын ережелер. Ортақ келісім мен ортақ шешім. Мұның барлығы әр үйде әртүрлі жолмен өрбиді, толығады, толықтырылады. Содан барып, толыққанды толайым отбасының ережесі тамыр жаяды. Қиын-қыстау кездерден бірге шығу, ақылдасу мен бір-бірінің ойына құлақ асу, көзқарасымен санасу одақтың орнықты, орынды болуына, тұғырының берік болуына алып келеді. Жалпы отбасылық ережелер – бұл отбасы мүшелеріне қалай қарауды және қалай қарау дұрыстығын қалыптастыратын жағымды пікірлердің жиынтығы.

Иә, әр отбасы өзінің белгілі бір ережелерімен өмір сүреді. Сарапшылардың пікірінше, отбасылық ережелер кем дегенде бір-біріне қамқорлық жасаудың ең жақсы тәсілдерін білуге мүмкіндік беретіндей болуы керек. Мұндай ереже жүйесіне көбіне үй шаруаларын бөлу, күнделікті жұмыс, сондай-ақ заманауи талғамға салсақ, осы ғасырда гаджеттерді қолдану да кіреді. Гаджетті дастарқан басында, жалпы қонақта отырғанда және басқа да маңызды әңгіме үстінде қолына алуға тыйым салатын отбасылар бүгінде көбейіп келеді. Оның себебі – адамның телефонға «бауыр басқаны» соншалық, көз алмай тесіліп отыруында. Сондықтан бүгінде көп отбасының ортақ ережесі деп тоқталар болсақ, ол – ұялыларды дастарқан басында немесе басқа да ортада үнсіз режимге қосып қою мәселесі. Бұл қазіргі таңда талқыланбайтын ережелердің біріне жатады.

Әр шаңырақтың өзіне тән ережесіне орай бірнеше отбасымен тілдескен едік. Ең алдымен өз ортасында озық үлгісімен көзге түсіп, жұбайы Қиял мақтаулы келін атанса, өмірлік жары Батырбек қайын жұртының қадірлі күйеубаласы.Жұбы жарасқан екеудің бүгінде алты перзенті бар. Мақтаулы Кулибаевтардың жанұясына бас сұқтық. Отбасы құрғандарына жиырма жылдан асса да, Қиял әлі ұяңдығын жоғалтпағаны көрініп тұр. Жанарын бір көтермеген күйі, биязы жымиып, даусы естілер-естілмес қана сыңғырлап сөйлей жөнелді.

– Келін болып осы шаңырақтың табалдырығын аттағалы осы үйдің бір адамымен сөзге келіп көрмеппін. Маған да бұл отбасында ешкім дауыс көтермепті. Күйеуімді келін болып түскен күннен атын атамадым. Оның шын есімі – Батырбек. Мен ерімді «Бәке» әрі «сіз» деймін. Ол кісінің әлі күнге көзіне қарап сөйлеуге именіп тұрамын. Ал енем мен қайын іні, қайын ағаларымның жөні бір бөлек. Олардың әрқайсысы – мен үшін бір биік, бір тау. Менің қайныларым көбіне «жаңа түскен келіндей сызылған жеңешем» деп күледі. Негізі мен әдейі осылай көрінейін деп істемеймін. Бұл – менің табиғи болмысым, туа біткен нәзіктігім. Бұл шаңырақта қыздар ағаларының алдында артық сөз айтпайды. Ешқайда сұранбайды. Бұл үйдің тірегі отағасы бір-ақ рет айтады. Ол өз сөзін ешқашан қайталап ескерткен емес. Бір айтқанын құлағымызға құйып аламыз да, екінші рет айтқызбауға тырысамыз. Бала-шағамыз әкелері үйде болмаса, әжелерімен ақылдасады. Менің енем – менің анам. Ол кісі де алпыстан асса да, әлі инабаты мен ибасы жарасып тұрады. Біреуге дауыс көтергенін әлі көрмеппін, – дейді Қиял.

Көп сөйлегенді ұната қоймайтын, мінезі біртоға Батырбек те ойымен бөлісіп, өз пікірін білдірді.

– Әйелімді ешқашан мақтаған емеспін. Ішімнен ғана сүйсініп тұрамын. Үйленгенімізге жиырма жылдан асса да, жолымды кескен емес. Алдымнан кесе-көлденең шықпайды. Әлі күнге «сіз» деп сызылып тұрады. Біздің үйдің бірінші ережесі бойынша ешкім көп сөйлемейді. Екінші, бір рет шешілген нәрсе талқыланбайды. Яғни қайталап ескертілмейді. Балаларды әлеуметтік желіге жолатпаймыз. Әркім өзінің шаруасына жауап береді. Әпкесі інісінің, інісі ағасының ісіне араласпайды. Қаталдық жоқ жерде тәртіп те болмайды, – деді отағасы.

Осы орайда отбасылық ережеге сай ғұмыр кешкен тағы да бірнеше отбасымен тілдестік. Орынтай Нұрғалиева апайдың шаттыққа толы шаңырағындағы қайталанбас қағидаларымен бөлістік.

– Бұрын біз кішкентай кезімізде әкемізді түскі және кешкі асқа әрдайым күтіп отыратынбыз. Әкем кешігіп қалса, үстел жайылмайды. Сонымен қатар қонақ келгенде, дастарқанға жоламау туралы жазылмаған ереже болды. Қазір немерелерім мен шөберелерім бар. Бірақ мен бүгінде өз немерелеріме мұндай ережелерді алға тартпаймын және ақыл айтып, «сабақ беруден» аулақпын. Қазір уақыт басқаша, ережелер де өзгерді. Ал ең өзгермейтін бір ереже – демалыс күндері үлкен шаңыраққа, яғни қара шаңыраққа жиналу, – дейді Орынтай апай.

Ал көпбалалы Нұрбек пен Айтжанның үйінде жазылмаған қағида өте көп.

– Біз көпбалалы отбасы болғандықтан, ережесіз жол жоқ. Біз балалардың сабағына аптасына бір рет қана тексеріс жүргіземіз. Қалған уақытта үлкендері кішілерін оқытады. Қай-қайсысының сабағы нашарласа, үлкендері кінәлі болады. Олар өзін жөнге келтіріп, кішіге үлгі болмай, өздері оңалмайтынын осылай ұқтырғымыз келді. Көп уақыттарын еңбекке жұмсаймыз. Тал отырғызып, бақша егіп, біздің үйдің балаларына шаршағаннан басқаға уақыт тапшы. Ал шығармашылық қабілетін дамытамын дейтін балаларыма бәріміз бір кісідей жұмыла жүріп, қандай болса да қолдау көрсетуге тырысамыз, – дейді ерлі-зайыптылар.

Осы орайда «Отбасы бақытты болуы үшін және де балаларға дұрыс тәрбие беру мақсатында қандай да бір ереже немесе заңдылық қажет пе?» деген сұрақты психологтарға жолдаған едік. Одан түйгеніміз бойынша ой түзер болсақ:

– Отбасылық ережелерді талқылаудың соңы жиі жанжалға айналып тұрады. Сондықтан отбасылық ережелерді қалыптастыру барысында татулықты сақтап қалу үшін өз қажеттіліктеріңіз бен сезімдеріңізді барынша шынайы жеткізіп, жүрегінің тереңіне бойлап, бұл қағиданың өмірлік маңызы бар екенін түсіндірген жөн. Отбасының ең басты мәселесі – біреуді кінәлау емес, кінәні жою. Ереже баланың өзіне сенімді болуына, ең бастысы, өзін сүйікті сезінуіне мүмкіндік береді. Қандай да бір шекараны сақтау және құрметтеу керектігін ұғады. Ережеде өскен ересек бала айналасындағы қақтығыстарды азайтады. Әр бала ережеге сүйене отырып, өзін қолдайтын жандарға сенеді және нақты нұсқаулыққа сүйенгендіктен, әр нәрсенің шектеуі, шегі бар екенін ұғынып өседі. Ереже деген ультиматум, қорқыту немесе жазалау емес. Ешкімнің құқығын таптамай, ешкімге тиіспей, ешкімнің көңілін қалдырмаған күйі қиындықтың алдын алу ғана бұл, – дейді бүгінде отбасын сақтап қалу үшін кеңес беруші психолог Айгүл Қамзина.
Осы орайда отбасы жылуын сақтап, бақытты ғұмыр кешіп жатқан бірнеше жанұямен бірлесіп, кез келген отбасыға арналған ережелерді талқылап, дайындап, бірнешеуін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Отбасы ережелері

  1. Бір-бірінің бөлмесіне кірмес бұрын есікті қағу;
  2. Әңгімені аяғына дейін тыңдау, бөлмеу;
  3. Бір-бірінің пікіріне құрметпен қарап, өз пікірін де жасырып қалмау;
  4. Жақсы көретінін жиі ескерту;
  5. Бір-біріне қуаныш сыйлауға ұмтылу;
  6. Отбасылық міндеттерді бөлісу;
  7. Өзге шаңырақтың ерлі-зайыптыларын өз отбасымен салыстырмау;
  8. Отбасы мүшелерінің ортақ қызығушылығына мән беру.
    Сіздің отбасыңызда өзіңізге тән қағида, өзіңізге тән үндеу мен болашаққа жол сілтер бағыт бар. Сол бағыттың бағдары дұрыс болғай!
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.