Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отбасы құндылығы неге құлдырап барады?

0 179

Отбасы қоғамдық институт, мемлекет ішіндегі «мемлекет», бала тәрбиесінің бастау-бұлағы, адам капиталының құрушы факторы екені анық. «Ұл өсіре отырып жердің, елдің иесін, қыз өсіріп ұлтты тәрбиелейтін» дана халқымызда отбасы мәселесін әрқашан бірінші орынға қойған. Алайда бүгінгі таңда қоғамда отбасы құндылықтарының әлсіреп, тіпті жойылып бара жатқандай әсер қалдыруы алаңдатарлық күйге жеткізді. Бұған не себеп? Қоғам ба, әлде…

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық даналығы. Сондықтан отбасыдағы дұрыс тәрбие ұл мен қыздың болашақта ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасу қажеттігінен туындайды. Алайда соңғы уақытта отбасыларда тәлім-тәрбие құлдырап бара жатқан сияқты. Ажырасу, ішкілікке салыну, материалдық жағдайдың төмендеуі, жалғызбасты аналардың көбеюі, әке сыйламау, ата-аналардың қараусыз қалуы − мұның барлығы отбасылардың құлдырауына алып келуде. Заманауи қоғамда материалдық байлық пен жеке бас бостандығына басымдық беріліп келеді. Бұрынғы ұрпақ үшін «отбасы – қасиетті, ортақ жауапкершілік» болса, бүгінгі буын үшін «өзіңді табу, еркін болу» бірінші орынға шыққан. Осыған байланысты отбасын құру, бала тәрбиелеу, өзара міндет пен төзімділік сияқты ұғымдар екінші қатарға ығысып жатыр. Желіде ақыл айтатын түрлі коучтар, трендтен қалғысы келмейтін ата-аналар бала тәрбиесін екінші орынға ысырып қойғандай.
– Мен көпбалалы анамын, Құдай берген алты балам бар. Бүгінде төрт немере бағып отырмын. Отбасы дегеніміз – екі адамның бір-біріне серік болуы, дүниеге ұрпақ әкелуі, сол ұрпақтың иманды болып өсіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруы екенін әрбір адам ұмытпауы керек. «Отан отбасыдан басталады» емес пе? Қазір ақыл айтатын, көрген-түйгені көп ақсақалдар жоқ. Үлкен жастағы қариялардың жиын-тойларда жастарға ұқсап, билеп жүргені, әлеуметтік желіде трендтен қалмай «тик-токқа» түсуі біртүрлі көрінеді. Сонда, судың бұлақтан бастау алатыны секілді, «біз кімнен, қайдан өнеге аламыз?» деген орынды уайым келеді. Еліктегіш болып барамыз, қазір орысты қойып, еуропалықтардың мәдениетіне еліктеуді шығардық. Көп әйелдер дене бітімі сұлу, өзі жас көрінетін әйелді «нағыз әйел», яғни, «идеал» деп қабылдайды. Ал шын мәнінде «нағыз әйел» дегеніміз ер азаматын риза қылып, отбасының сәнін келтіріп, бала-шағасына жылу сыйлаған әйел. Ал нағыз ер азамат өзінің отбасына алған жауапкершілігін мойнымен көтеретін, өмірдің қиын-қыстауында бала-шағасының жанында болып, қолдау көрсететін жан. Ал қазір қит етсе ажырасуға, отбасын тастап кетуге «құмар» жастар көбейді, – дейді «Күміс алқа» иесі Эльмира Құламанова.

Қазіргі жастардың дүниетанымына әсер ететін басты құрал – әлеуметтік желілер. Ондағы «жылтырақ өмір», «оңай табыс», «өз өміріңді ғана ойла» деген көзқарастар адамдардың шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа, жауапкершілікке деген көзқарасын өзгертті. Отбасындағы қиындықтарды шешудің орнына, кейбіреулер ажырасуды жеңіл жол деп қабылдайды. Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу деңгейі күрт артқан. Статистика бойынша, әрбір екінші некенің соңы ажырасумен аяқталады. Ал қала бойынша өткен жылы 2 237 неке тіркелсе, оның 307-і жұбы ажырасқан. Ал биыл 2041 некенің 299-ы бұзылған. Бұл – отбасы институтының әлсірегенінің айғағы. Ажырасу тек екі адамның қарым-қатынасының үзілуі емес, ол балалардың психикасына, қоғамның тұрақтылығына да әсер ететін фактор.
– Үйлену – адамзат ұрпағының көбеюіне, жер бетінде сақталуына әкелетін табиғи құбылыс. Дініміз Ислам әйел баласына үйленгеннен кейін ерінің аманатына жатқызады, оған құрметпен қарауды бұйырады. Ал ажырасудың (талақ) қоғамға тигізер зияны өте көп. Ол тек екі адамның сөзі жараспағаны үшін екі жаққа кету ғана емес, ортадағы ұрпақтың психологиясына, тәрбиесіне, тіпті болашағына зиян тигізу екенін ұмытпау керек. Осындай сәтті пайдаланған ібіліс көңілін мұң басып, жарынан ажырасқан жанның жүрегін алдамшы нәрсемен басу үшін алдымен құмар-ойындарға қызықтырып, кейін арақ-шарап сынды неше түрлі масайрататын, ақылынан адастыратын күнәлі амалдарға итермелейді. Мұндай істің ақыры қылмыспен аяқталу қаупі басым болады. Отбасы бұзылып, шаңырағы шайқалған адам осындай арсыз істерге баруы әбден мүмкін. Сондай-ақ отбасының бұзылмауына тек ер кісі ғана емес, бәлкім әйел адамның да, екеуінің бірдей жауапкершілігі тұру керек. Мұсылман талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісінің әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы мен шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған. Сондай-ақ Ислам діні келгенге дейін әйелдерді қалаған кезде талақ етіп, қалаған уақытта қайта алатын болған. Отау құруды ойыншыққа айналдырған осы әрекетке Хақ дін тыйым салу мақсатында үш талақпен қасиетті Құранның «Бақара сүресінің, 229-230 аяттарында» шектеген. Аятта: «Талақ екі рет…», «Егер ер әйелін үшінші мәрте талақ етсе, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды» делінген. Жалпы қай жағынан алсақ та ажырасу Алла сүймейтін іс, – дейді облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Асқар Сатылғанов.
Дана халқымыз «Әйел – ерімен, диқан жерімен» – деп бекер айтпаған. Қазақ халқының өткен тарихында ажырасу өте сирек кездескен. Ал қазіргі таңдағы статистикаға қарасақ, адам шошырлық. Бұл дініміз бен салт-дәстүріміздің ұмытылып бара жатқаны ма? Бұрынғылар ер балаға «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп, қыз балаға «Барған жеріңе тастай батып судай сің», «Ерге жаққан әйел, елге жағады» деп ақыл айтатын еді. Осындай тәрбие көрген ұрпақ үйленген кезде жауапкершілікті сезініп, ажырасуды ар санайтын.
– Кеңестік кезеңде орысша білім алдық, алайда үйдегі тәрбие қазақша еді. Ата-әженің әңгімесін, ертегілерін тыңдап өстік. Қазір ондай жанын үзіп беретін ата-әжелер жоқ. Бар болса да, өте аз. Біздің отасқанымызға 60 жылдан асты. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп, өмірде көрген-түйгенімізді бала-шағамызға айтып, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бүгінгі мен бұрынғыны салыстыра алмайсың, бірақ отбасы құндылығы ылқым заманнан сақталып келе жатқан үлкен мектеп. Десе де қазір көз көріп, құлақ естіп отырған отбасындағы түрлі оқиғалар адамды ойландырмай қоймайды. Көптеген жастардың отбасын құруға шешім қабылдамауының бір себебі – тұрақсыз экономикалық жағдай. Тұрақты жұмыстың, баспананың жоқтығы, материалдық қиындықтар – отбасы өміріне кері әсер ететін басты факторлар. Бұған қоса, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі де әсер етуде. Қазіргі таңда жастар арасында отбасы құндылықтары туралы терең білім мен түсінік жеткіліксіз. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да «отбасылық өмірге даярлық» деген тәрбие бағыты әлсіз. Жастар психологиялық, рухани жағынан отбасылық өмірдің ауыртпалығына дайын емес. Соның салдарынан да көтерілген шаңырақ ортасына түсуде. Оған қоса бүгінде статистикасы жан шошытатын тұрмыстық-зорлық зомбылық та бар, – дейді қария Нұрмахамбет Достанбеков.
Бүгінде облысымызда 338,9 мың отбасы бар (1,2 миллион адам). Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық арнайы комиссия жұмыс істейді. Биылғы жылдың 1 жарты жылдығында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 102 іс тіркелген. Оның 3-еуі адам өлтіру, 5-еуі денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 8-і денсаулыққа орта дәрежедегі зиян келтіру, 30-ы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 52-сі ұрып-соғу, 1-еуі өзінше билік ету, 1-еуі денсаулыққа абайсызда зиян келтіру, 1-еуі қорлау, 1-еуі қорқыту фактілерін құрап отыр. Талдау көрсеткендей, отбасындағы қылмыстардың 66,7 пайызы жұмыссыздармен жасалса, оның 88,2 пайызы ер азаматтардың қолымен жасалған. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң шығарылса да бұл көрсеткіш азаймай тұр. Осы орайда үйден қашып, пана іздеген нәзікжандылар баласын құшақтап туыстарын жағалайды, болмаса әлеуметтік көмек көрсету орталығының есігін қағады.
– Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орталыққа келушілерге жағдай жасау мақсатында өткен жылдың наурыз айынан бастап бюджеттік бағдарламаға негізделіп орталық 27 төсек орыннан 51 төсек орынға ұлғайтылды. Бүгінде орталықтағы қызмет алушылар саны – 42, оның ішінде 11 әйел, 31 кәмелетке толмаған жасөспірім балалар. Жыл басынан мекемеге – 252 қызмет алушы қабылданды, оның ішінде (62 – әйел, 1-ер адам, 189-бала), шыққан қызмет алушылар саны-232. Жалпы бізге қайрылған азаматтарға барынша психологиялық, құқықтық, материалдық көмектер көрсетіледі. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өз үйіне оралған азаматшалар да бар. Барынша мекемеде аналар мен балаларға жағдай жасап, алдағы өмірлеріне бағыт-бағдар беруде сан түрлі саланың мамандары қолғабыс етіп отыр, – дейді «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ директоры Айдана Биғабылова.
Айта кету керек өңірімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 2 әлеуметтік дағдарыс (Тараз қ., Қордай ауданы) және 7 «Отбасын қолдау» (Тараз қаласы-2, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Меркі, Мойынқұм), «Анаға тағзым» орталығы (Тараз қ.), 5 кеңес беру кабинеттері (Шу, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм) жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 5 отбасын қолдау орталықтарын Қордай, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында ашу жоспарланып отыр екен.
Отбасының тек ата-анадан ғана тұрмайтынын ескерсек, бұл тұста бала тәрбиесі үлкен жауапкершілік. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, өзіне-өзі қол салу сынды жаға ұстатар фактілердің облысымызда жиілегенін статистика аңғартып отыр. Бұл тұста баланың психикалық-эмоционалдық жағдайы отбасында қалыптасатынын ескеруіміз керек.
– Жалпы отбасы құндылығының жоғалуына ең бірінші адамдардың қатыгездігі, мейірімділіктің жоқтығы, уақыттың аздығы, әлеуметтік желілердің дұрыс жолды бағыттамауы, экономикалық қиындықтар жатады. Себебі ата-аналардың көбісі жұмыс басты кісілер, баланың қарны тоқ болсын, ешкімнен кем болмасын деп, азаннан кешке дейін жұмыста, ал баланың тәрбиесіне уақыт жоқ. Жұмыстан шаршап келген ата-ана баланың амандығын көрсе болды, оның жан дүниесіне үңіліп, сырласпайды. Ал бала отбасынан алмаған жылулықты сырттан, әлеуметтік желілерден және де ортасынан іздейді. Жастар арасында құқық бұзушылық, ерте жүктілік, ажырасу сияқты мәселелердің көбеюі – бұл кешенді, көп қырлы мәселе. Әлеуметтік желідегі зорлық-зомбылықты, жауапсыз қарым-қатынасты насихаттайтын контенттер – мінез-құлыққа әсер етеді. Жұмыссыздық, тұрмыстық қиындықтар, болашағына сенімсіздік. Жастар арасындағы бұл проблемалар – тек жеке адамның емес, қоғамның ортақ мәселесі. Бұл орайда жасалып жатқан іс шаралар өте көп. Айта кететін болсақ, қазіргі оқу орындарда қыздар клубы бар. Жамбыл жоғары медициналық колледжінде де «Балауса» қыздар клубы жұмыс істейді. Жоспар бойынша әр айда қыздарға арналған тақырыптар бойынша, кездесулер, дәрістер, мамандармен кездесу, дөңгелек үстелдер, ашық есік күні, тренингтер, кеңестер де беріледі. Қыз тәрбиесіне байланысты бейнероликтер көрсетіледі. Жамбыл облысының беделді азаматтардың аналарымен, алтын алқа, күміс алқа иегерлерімен, спортшы, әнші балалардың аналарымен кездесіп, кеңестерін тыңдайды. Біз өзіміз Жастар денсаулық орталығымен, «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығымен, жастар ресурстық орталығымен келісіп, кездесулер, семинарларға барамыз. Негізгі мақсатымыз бұл жерде, қыздарға дұрыс жолды таңдап, болашақ ана, жар екенін ұмытпау, отбасының ұйытқысы екенін ұғындыру. Бала жас өскін сияқты оның қисаймай өсуі ата-ана мен ұстаздардың бірлесіп жұмыс жасауының нәтижесінде болады деп ойлаймын, – дейді Жамбыл жоғары медициналық колледжінің психологы Әсел Оскенбаева.
Иә, қоғам дамыған сайын отбасы құрылымы мен оған деген көзқарас та өзгереді. Бұрынғы отбасы – дәстүр мен тұрақтылықтың үлгісі болса, қазіргі отбасы – еркіндік пен өзін-өзі дамытуға негізделген. Екі дәуірдің де өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Маңыздысы – отбасылық құндылықтарды заманға сай жаңғыртып, рухани негізін жоғалтпай сақтау.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.