Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отбасы – мейірім мекені

0 217

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Тараз қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Отбасы – бақыт мекені» атты ата-аналар форумы өткізіліп, онда бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылықтары мен тәрбие мәселелері кеңінен талқыланды.

Форум жұмысына қала мектептерінің басшылары, ұстаздар, педагог-психологтар, ата-аналар комитетінің және қомқоршылық кеңестің мүшелері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – ата-аналар мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты арттыру, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті күшейту, отбасының тәрбиелік әлеуетін нығайту.
Форум барысында ата-аналар мен қатысушыларға арналған «Балалар үшін маңызды» алаңы ұйымдастырылды. Мұнда №46,53,56 мектептердің «Бір мақал, бір жұмбақ» тақырыбында «Әжелер даналығы» клубының мүшелері мақал-мәтел, жұмбақ жасырған жандарға ұлттық дәм тарту етті. Ал №26 орта мектеп ұлттық ойындардан шеру ұйымдастырса, №39, 49 мектеп-гимназиясының «Даналық мектеп» клубы «Әжемнің ертегілері» атты қуыршақ театрын көпшілікке паш етті. Сондай-ақ «Отбасымен оқуға арналған 100 кітап» шығармашылық көрмесі, «Ата өсиеті» клубы «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» көрмесі, «Үйірменің үйретері көп» шығармашылық көрмелері форум қатысушыларының көңілінен шықты.
Жалпы шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, қалалық аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, облыстық ата-ана комитетінің төрағасы Назым Жұбандықова және білім саласының ардагері Жарылқасын Жақсыбеков қатысты. Алдымен сөз алған білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы тәрбие бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен ортақ міндеттерді атап өтті.
– Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез құлқындағы ерекшеліктерді жете білген жөн. Баланың бойына балалық жақсы қасиеттерді дарыту, жанында жүрген достарына дейін мән беру, бойында дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы. Балаға сапалы білім, саналы тәрбие берудегі басты тұлға мұғалім болса, ал, бала үшін бас ұстаз – ата-ана.
Облысымызда соңғы уақытта буллинг, өзіне өзі қол жұмсау сынды фактілерге байланысты жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, осы уақытқа дейін 400-ден астам кездесу ұйымдастырылып, оған 70 мыңнан астам білім алушы қатысты. Мұнда түрлі сала мамандары оқушылармен еркін форматта кездесіп, қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды талқыға салды. Қылмыстың басым көпшілігі мектептен тыс, түнгі уақыттарда орын алады. Бүгінде қала бойынша түнгі рейттер жүргізіліп жатыр. Соның бітқатарына өзім де қатыстым. Рейд барысында 900 бала ұсталып, оның 473-інде суық қару табылған. Ал ата-аналарын іздеу барысында олар үйінде болмау фактісі, болмаса баласының түнгі уақытта сыртта жүргенінен хабарсыз екендіктері анықталып жатты.
Жалпы баланың бос уақытын тиімді өткізу бойынша мектеп тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Үйірмелер, мектептен тыс шаралар соның ішінде былтырғы жылы пилоттық жоба ретінде №53 мектепте енгізілген «Жас сақшы» клубы да балалар үшін жасалып жатыр. Бұл жоба құқықтық білімді артыру, баланың өз құқығын білу мақсатында биылғы жылы №25, 42, 38, 5, 46, 47, 49, 45, 51, 68, 69 мектептерде іске асыру жоспарда.
Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана сөз бар. Әрбір отбасы тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Өйткені, ата-ана отбасының негізгі діңгегі. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. Сондықтан екі жақты жұмыс жасап, баламыздың болашағына немқұрайлы қарамауға барлық ата-ананы шақырамын, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева.
Жиын барысында отбасы тәрбиесіндегі заманауи тәсілдер, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатудың тиімді жолдары, өскелең ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке, ұлтжандылыққа баулу мәселелері сөз болды. Психологтар ата-аналарға баланың эмоционалдық дамуын қолдау, қиын мінез-құлықты түзету, цифрлық ортадағы қауіпсіздік жөнінде пайдалы кеңестер ұсынды. Форум барысында «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.

Арайлым Бақытжанқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.