Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отбасы банк Ақтауда бизнес өкілдеріне жаңа өнімдерін таныстырды

0 121

Отбасы банк Ақтауда «Біздің өңір – 2022» бизнес-форумын өткізіп, өңірдегі ірі компанияларға  «корпоративтік» өнімінің таныстырылымын жасады,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Отбасы банкінің “корпоративтік” өнімі жеке компаниялар, кәсіпорындар мен коммуналдық ұйымдарға өз қызметкерлерін жеңіл шартпен баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни бұл өнім арқылы компания немесе ұйым қызметкерлерінің несиесін өзі қаржыландыру керек. Осылайша мұндай өнімді қолданатын компания қызметкерлері алғашқы жарнаны банкке төлемей-ақ баспаналы бола алады. Егер жұмыс беруші тұрғын үй сомасының 100 пайызын өтесе, қызметкер үшін несие мөлшерлемесі 5 пайыз болады.

Жалпы тұрғын үйді “корпоративтік” өнімі бойынша 5-8 пайыз жылдық мөлшерлемемен 0-10 пайыз аралығындағы бастапқы жарнамен алуға мүмкіндік бар.

“Корпоративтік” өнім – бұл қазақстандық компаниялар үшін өз қызметкерлерін қолдау мүмкіндігі. Өйткені кез келген кәсіпорынның құнды ресурсы – негізгі кіріс әкелетін қызметкерлері. Сондықтан біздің өнім арқылы жалақысы аз қарапайым қызметкерлер жұмыс берушінің қолдауымен баспанаға қол жеткізе алады. Сондай-ақ “корпоративтік” өнімі компанияда білікті мамандарды ұстап қалудың себебі болады. Осылайша кәсіпорындар тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, болашаққа сенімді  жоғары білікті мамандар корпусын қалыптастырады”, – дейді “Отбасы банк” АҚ Басқарма төрайымы орынбасары Нұрлан Ақшанов.

“Корпоративтік” өнімнің көмегімен «Қаражанбасмұнай», «ERG», Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері және Қарағанды облысының кеншілері мен металлургтері баспаналы болып, қоныс тойын тойлап үлгерген.

“2019 жылы өз басшыларымның қолдауымен “корпоративтік” өнімімен үй алдым. Бұл өнім бойынша біздің компанияда жас мамандарға, жас отбасыларға және көпбалалы ата-аналарға үй алу мүмкіндігі болды. Мен бұл бағдарламаға көпбалалы отбасы ретінде іліктім. Ол уақытта менің бұл компаниядағы тәжірибем 10 жылдан көп еді. Әрі жолдасым екеуміз 6 баламен  пәтер жалдап жүрген едік. Бізге максималды сома 15 миллион теңгеге дейін берілді. Осылайша, Отбасы банк мен компания басшыларының ынтымақтастығының арқасында 3 бөлмелі пәтер алдық. Бұл бағдарлама өте тиімді дер едім. Қазіргі заманға сай әр жұмыс орны осындай бағдарламаны ұсынып, өз қызметкерлеріне мүмкіндік берсе өңірдегі баспана жағдайы шешілер еді. Үйімізді алған кезде жетекші инженер болып жұмыс істесем, қазір басшы орынбасарының қызметін атқарып жүрмін”, – дейді “Қаражанбасмұнай” компаниясының қызметкері Жұмажан Илясов.

Сондай-ақ бизнес-форумда банктің “МТ 102” серіктестік бағдарламасы туралы айтылды. Бұл бағдарлама арқылы тұрақты жұмысы бар әр азамат жалақысынан тікелей банктегі депозитіне қаражат жинай алады. Яғни кәсіпорын жұмысының еңбекақысынан Отбасы банкіндегі депозитіне ақшаны автоматты түрде аударып отырады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының тұрғындары осы тәсілді белсенді қолданып, өз үйіне қаражат жинап жатыр.

“Біздің миссиямыз – әр қазақстандықты баспаналы етіп, Отанға сүйіспеншілігін арттыру. Біз әрбір ниетті азаматқа тиімді әрі жеңіл пайызбен тұрғын үй алуға көмектесеміз. Маңғыстау облысында “корпоративтік” өнімінің көмегімен “Қаражанбасмұнай”  компаниясынан 99 адам, Назарбаев Зияткерлік мектебінен 8 адам баспаналы болды”, – деді Медет Әбуғалиев  Отбасы банк Маңғыстау облыстық филиалының басшысы.

Сондай-ақ бизнес-форум барысында Отбасы банк “ӨзенМұнайГаз”, “МАЭК-Казатомпром» компанияларымен “МТ 102” серіктестік бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, бүгінге дейін Отбасы банкінің “корпоративтік” өнімі 700 қазақстандықтың баспаналы болуына ықпал еткен. Ал қазіргі уақытта Маңғыстау облысында әрбір алтыншы тұрғын Отбасы банкінде өз үйіне қаражат жинау үстінде. Банк арқылы күн сайын Ақтаудағы 15 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.