Әлемдегі экономикалық тұрғыда дамыған елдердің артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Еліміз де ғылым дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Себебі ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Саланы дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты нақты, жүйелі саясат пен оны тиімді басқаратын құзырлы құрылым әлі қалыптаспай келеді. Ғылымның әлеуетін арттыруға не кедергі?
Өткен жылы «Orda.kz» сайтында Әйгерім Қарина есімді жас ғалыммен сұхбат жарық көрді. Стокгольм университетінің PhD студенті Германиядағы зарядталған бөлшектер үдеткіші аталатын құрылғыда химиялық физика саласында зерттеулермен айналысады. Әлемде оннан астам ғана данасы бар құрылғымен жұмыс жасайтын Әйгерімнің ғылым туралы ойлары бірден назарымызды аударған.
Жас ғалым өзі таңдаған саламен айналысуға мүмкіндігі болмағандықтан, Қазақстанда қала алмағанын айтады. Әлемде бөлшектердің үдеткіштері санаулы ғана. Сондықтан ғалымдарға сондай құрылғылармен байланысы бар университетті таңдауға тура келді. Қазақстаннан мұны жасау өте қиын және қымбат. Оған қоса, халықаралық академиялық байланыстар болуы керек.
Сондай-ақ жас ғалым қазақ ғылымының басты проблемасы ретінде КСРО кезінен қалған консерватизмді атаған. Мысалы, әлемдік тәжірибеде түрлі журналдарда ағылшын тілінде мақала жазу әдетке айналған. Ал Қазақстанда мақала жергілікті басылымдарда орыс немесе қазақ, көбіне орыс тілінде жарияланады. Сондықтан елдегі ғылыми жаңалықтарды әлемде ешкім білмейді, ғалымдар танылмайды.
– Бізде жақсы ғалымдар өте аз. Ғылымда бірлесе жұмыс істеу керек, ешкім өзімен-өзі бола алмайды. Өйткені ашқан жаңалықтарыңызды ешкім білмейді. Ғылыммен айналысқан адам ел таңдамайды, ресурстар бар жерге барады. Мен Стокгольмде академияда қалғым келеді. Қазақстанға оралмайтын шығармын, ол жақта үдеткіштер жоқ, – дейді Әйгерім Қарина.
Бұл ғылымның бір ғана саласына қатысты мысал. Ал өзге салаларда жағдай мүлде басқаша деп айта аламыз ба? Өзінің саласында жетістікке жету үшін елден кетуге мәжбүр болатындар өте көп. Мысалы, «Ranking.kz» мәліметінше, 2020 жылдың өзінде еңбек тәжірибесі 15 жылдан асатын 11,4 мыңға жуық маман Қазақстаннан кеткен. Олардың арасында 561 дәрігер, 3 331 техник, 1 064 мұғалім бар.
Статистикаға қарасаңыз, жыл сайын осыншама білікті маман елден кетіп жатыр. Сонда «Қазақ ғылымының көсегесі қалай көгереді?» деген ойға келесіз. Шынымен де, қазақ ғылымын өзгелермен терезесі тең дәрежеге жеткізуге не кедергі?
Пандемия адамзаттың тағдыры ғылымның қолында екенін тағы бір дәлелдеп берді. Бүгінде оқу, білім мен ғылым – экономиканың негізі, қоғамның негізгі байлығы. Сондықтан ғылымға өте көп қаржы салынуы керек. Елімізде оқу, мектеп пен университет, тіпті зертхана бар. Бірақ қазіргі заманға сай мазмұнды, сапалы оқу жоқ. Неге?
Мәселенің бір шеті университеттік білімге барып тіреледі. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде білікті мамандардың көбі елден кетіп қалды. Осылайша саладағы сабақтастық үзілді. Оған қоса, университеттерімізде мықты ғалымдарды арнайы шақыру үрдісі жоқ. Анығында, білімді профессор береді. Ал бізде шақырылған мұғалімдер мүлде жоқ деуге болады.
Екіншіден, университеттік білімге қатысты қоғамда теріс пікір тудырып отырған тағы бір үрдіс бар. Мысалы, бір лауазымды қызметке тағайындалған адам туралы ақпарат жарық көрді делік. Оның өмірбаяны, білімі мен еңбек жолына қарасаңыз, еріксіз таңғаласыз. Екінің бірінде жаңа лауазым иесі журналист, заңгер, экономист деген секілді 4-5 мамандық бойынша диплом алған болып шығады. Бір-екеуінен магистр дәрежесі бар, тіпті ғылым докторы атанып үлгерген, яғни құжат жүзінде сол салалардың барлығын жетік біледі деген сөз. Бұл саладағы өтірікті көрсетеді. Еліміз ел болуы үшін ілім-білімге жетік, технократ болуы керек десек, мұндай жағдайлар сол ізгі мұратқа кесірін тигізеді. Сыбайлас жемқорлық түбі де осы жерден шығады.
Салалық министрлік тарапынан білім сапасы төмен университеттерге қатысты шаралар қабылданып та жатыр. Мысалы, өткен жылдың соңында осы бағытта тиісті білім сапасын қамтамасыз ете алмаған 41 университеттен 500 лицензия қайтарып алынған. Ал 15 университет толығымен жабылды. Оларда оқыған 100 мыңнан астам студент басқа оқу орындарына ауысты. Сонымен қатар колледждерден 2 мыңнан астам лицензия қайтарып алынып, 30 колледж толықтай жабылған.
Бүгінде ғылымның іргесін бекіту үшін университеттік білімде ауқымды өзгерістер керек-ақ. Ғалымдар тарапынан еліміздің әр өңірінде бір университет ұстап, олардың мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілу керегі айтылып жүр. Себебі заман талабына сай болуы үшін университет қалаға айналуы керек.
Университеттік білімнің үш сатысы бар. Бірінші – оқыту, екінші – сол оқытқанын зертханада практикалық түрде үйрету, үшінші – сол тәжірибені өмірге енгізу. Мұның барлығы университет қабырғасында жүзеге асуы керек. Адам капиталы деп жүргеніміздің өзі де – сол. Сондай-ақ бұл біздің қоғамның ең әлсіз тұсы болып отырғанын мойындауымыз керек.
Ғалымдар тарапынан саладағы проблемалар аз айтылып жүрген жоқ. Ең күрделі мәселелер – жалақының аздығы, өндіріске енгізілмей шаң басып жатқан жаңалықтар, ғалымдар дайындаудағы олқылықтар… Осылай тізбектеліп кете береді.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов 2019 жылы республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Ақылды адам еш уақытта ұрламайды, өтірік айтпайды, алдамайды. Кішіпейіл, данышпан, көреген болады. Бірақ бұл жағынан қазақ ғылымы ақсап тұр. Отандық ғылым саласында көшірмеден көз сүрінеді. Плагиатты анықтаудың әдісі бар екеніне қарамастан, жалған ғалымдар арамызда толып жүр. Алайда тағы қайталап айтамын, адал ғалым мұндай қадамға бармайды», – деген екен.
Расымен де, кейінгі уақытта «ғалым көп, бірақ ғылым жоқ» деген ой да жиі айтылады. Ал Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы ақпаратына сүйенсек, елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар. Олай болса, «Қазақ ғылымының көсегесі неге көгермейді?» деген сұрақ та орынсыз болуы керек емес пе? Мұның бір ұшы академиялық адалдыққа келіп тірелсе керек. Себебі плагиат ғылымға жасалған қиянат болып тұр. Ақиқатында, отандық ғылымды плагиаттан тазарту қиын ба?
Бір қызығы, 2020 жылы әлемдегі ең үздік 15 мың университет қолданатын «Turnitin» атты антиплагиат жүйесінің елімізде іске қосылғаны айтылған. «Turnitin» – 1997 жылы негізі қаланған АҚШ-тың антиплагиат жүйесі. Салалық министрлік алдағы уақытта барлық курстық, дипломдық жұмыстар, диссертациялар осы жүйеден өтетінін хабарлады. Дегенмен әзірге оның нәтижелері қандай болғаны белгісіз қалып отыр.
Осы тұрғыда бірнеше ғалым қазақстандық ізденушілер әдетте ресейлік жұмыстардан аударып көшіретіндіктен, «Turnitin» жүйесінен плагиат жұмыстың өтіп кетуі мүмкін екенін жазды. Мұндайда мәтін айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ал осындай қулықпен құтылып кетпес үшін жұрт мақтаған бағдарламадан кедергісіз өткендерді мазмұн жағынан тексеретін сарапшылар кеңесі қажет.
Еуропа елдерінің университеттерін айтпағанда, ресейлік белсенді ғалымдар өздері бастама көтеріп, «Диссернет» атты тәуелсіз желілік қауымдастығын құрды. Аталған қауымдастық бір кездері бұған дейін антиплагиат бағдарламасынан өтіп, ғылыми атақ алған біраз шенеуніктің жұмысын тексеріп, нәтижесінде Ресейдегі әрбір оныншы ректордың еңбегінен плагиат тапқанын жариялады. Осыдан-ақ кез келген күшті антиплагиат бағдарламасы ғылымды «академиялық ұрлықтан» тазартуға 100 пайыз кепілдік бере алмайтынына көз жеткізуге болады. Сондықтан қалайда сауатты, объективті, тәуелсіз сарапшылардан құралған ықпалды ұйым, «Диссернет» сияқты қазақ ғылымының өз қауымдастығы керек-ақ.
Әрине, ғалымдарды қолдау шаралары да жетерлік. Айталық, биыл жас ғалымдардың зерттеулеріне 1 000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Алғаш рет биыл жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі. Егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алатын болады. Бұл 85 ғылыми ұйымның 1 200-ге жуық жетекші ғалымының жағдайын жақсартады.
Сонымен қатар ғылыми жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет емес, енді жыл сайын өткізіледі. Ғылымды басқаруда мемлекеттік ғылыми институттардың аудиті, ғылыми-зерттеу институттарының басшылық құрамын қарау, бизнес пен қоғамды тартып, байқау кеңестерін құру және басқа да шаралар қолға алынбақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ресурстық менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажетін атап өтті. Жаһандық прогрестің факторлары – «білім экономикасы», еңбек өнімділігінің артуы, инновациялардың дамуы және жасанды интеллекттің енгізілуі. Ол үшін ғылым мен бизнес арасына көпір салу қажет.
Жалпы отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемаларды санамалап шығудың өзіне бір мақала көлемі жетпесі анық. Мәселе осындай кемшіліктерді тез арада түзеп, межелеп отырған ғылыми ауқымы кең экономика құруға бәріміз бел шешіп атсалысуымыз қажет. Ғылымды дамыту ел табысының кепілі екенін түсінетін уақыт жетті.
Биболат СӘТЖАН,
журналист