Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отанды қорғау – перзенттік парыз

0 438

Кез келген егемен ел үшін ең маңызды нәрсе – қауіпсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен өлшенетіні мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде: «Мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын. Айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Бүгінде әскеріміз тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді», – деген болатын.

Егемендіктің 30 жылында қорғаныс саласына қыруар қаржы бөлініп, кең қолдау жасалып келеді.
Жалпы ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Алайда соған қарамастан, еліміз әскер саны бойынша 133 елдің ішінен 57-орында тұр екен. Мұны елдегі адам санының аздығымен түсіндіруге болады. Онымен қоса әскерге барушылардың да қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқаны жасырын емес. Алайда әскери борышын өтеуден жалтарудың ақыры жақсылыққа апармайтынын да түсінген абзал. Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 17-бабы 3-тармағы ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асыруға міндетті екен. Ал азаматтардың әскери есепке қою жөніндегі комиссиясының немесе сол комиссияның жолдамасымен медициналық куәландырудан немесе тексерілуден бас тарту әкімшілік құқық бұзушылық болып саналғандықтан, бұл адамға күштеп әкелу жазасы қолданылуы мүмкін. Өкінішке қарай, Тараз қаласында да осындай жағдайлар кездесіп отырған көрінеді. Сондықтан қазіргі таңда басқарма «Ұлттық ұлан» және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқаруда.
Әскер қатарында сержант-инструктор болған, бүгінде «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов кей жастардың борышын өтеуден жалтаруын елге деген сүйіспеншіліктің жоқтығымен байланыстырады.
– Бұрын Кеңес өкіметі кезінде жас буынның бойында отаншылдық рухы тасып, әскери борышын өтеуді зор абырой санайтын. Әскерден қашу жігіттікке сын болатын кездер еді. Содан болар, олар өздері сұранып, армияға аттанатын. Ал қазір соның ұшқыны да қалмағандай. Әрбір адам бала кезінен ел шетіне жау тигенде Отанды қорғаймын деп өскені жөн. Сонда бұл мәселені сәл де болса шеше алар едік. Әрине, қазір әскердегі түрлі әлімжеттік, тіпті сарбаздардың қыршынынан қиылуы ата-аналардың үрейін тудырып отырғаны жасырын емес. Сол үшін әскери бөлімдерде бақылауды күшейтіп, заң үстемдік құруы қажет.
Мен өзім әскерге бармас бұрын медицина саласында білім алдым. Кейін осы мамандығым армия қатарында да іске жарады. Бір жағынан, жастардың әскерге бара алмауына осы денсаулығының жарамсыз болуы да көп кедергі тудырады. Маман ретінде айта кеткім келеді, әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы әлсіз. Бұрын майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері байқалса, қазір көбінің көру қабілеті төмендеп кеткен. Компьютер мен телефон сынды технологиялардың тигізіп жатқан зардабы орасан. Сонымен қатар бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, семіздік сынды дерттер де дендеп тұр. Асқазан-ішек ауруларымен де алысып жүргендер аз емес. Мұның себебі дұрыс тамақтанбауда жатыр. Тепсе темір үзетін жігіттердің 20-25 пайызының әскерге жарамсыз болуы – өте қиын жағдай, – дейді Исмаил Хаджимуратов.
Осы орайда психология ғылымдарының магистрі Сандуғаш Үсенованың да пікіріне құлақ түріп көрген едік.
– «Ата-аналар баласын әскерге жібергісі келмейді» деген қоғамдағы теріс пікірмен мүлде келіспеймін. Себебі олар қанша жерден алаңдағанымен, ішкі жан дүниесінде «балам Отан алдындағы борышын атқарып келсе» деген ниеттің жатқандығы сөзсіз. Өз перзентінің елін қорғап жатқаны оларға да мақтаныш. Рас, жастардың денсаулығының сыр беруі бұл мәселені ушықтырып тұр. Мұның бір ұшы экологияға тіреледі. Тағы, бір жағынан, елімізде рухани тәрбие мүлде ақсап қалды. Барлығының ойы ақша табу, материалдық жағдайын жасау болып кеткені белгілі. Сондықтан әскерге баратындарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса, олардың ынтасын оятуға болады деп ойлаймын, – дейді Сандуғаш Мейрамбекқызы.
Әлбетте, жастардың барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Олардың арасында Қарулы Күштердің сапында өз азаматтық борыштарын абыройлы өтеп келгендер де аз емес. Солардың бірі – Бәйдібек Қуатбай. Ол өз борышын Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
– Мектеп қабырғасынан тентектігім басым болды. Әскери борышымды өтеуге 20 жасымда аттандым. Ол жерде тура бір жыл болдым. Әскерге барғанға дейін бұзықтау болғанмын. Кез келген іске байыппен қарамайтын, жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кезім еді. Әскерге барғанға дейінгі және келгеннен кейінгі Бәйдібектің арасы жер мен көктей. Өйткені әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге үлкендерше қарай бастадым. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Себебі кейде ата-анамыздың қадірін түсінбей кететін сәт болады. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Осылай өмірден біраз нәрсені түйдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Әскерден келіп, бұзықтығым да басылды. Сондықтан әскерге барғаныма қатты қуанамын, – дейді ол.
Ал күні кеше әскерден оралған Мақсат Сағынбаев үшін әскердің тәртібі мен жүйесі аса қиындық туғызбаған. Керісінше, ол бұл талаптарды оңай еңсерген.
– Ол жақта кейде ұйқыдан қиналғанымыз болмаса, айтарлықтай ауыртпалық болған жоқ. Әскерде «наряд» деген тәуліктік кезекшілік бар. Сол күні түнге дейін кезекшілікте тұрып, тек төрт сағат қана ұйықтайсың. Сол кезде шамалы қиындықтар болғанымен, кейін үйреніп кеттім. Ал басқа спорттық жаттығуларды, тапсырмаларды оңай еңсердім. Қиналған жоқпын. Тағы бір айта кетерлігі, онда сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Киім-кешек, тамақ – барлығы мемлекет тарапынан беріледі. Көп жағдайда ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Бірі әскери тәртіптен қорқады, енді бірі әлімжеттікті алға тартады. Алғашында шақырту қағазы келгенде, өзім не істерімді білмей қалдым. Алайда сол сәтте әкем: «Азаматтық борышыңды өтеп келесің, артыңнан ерген інілеріңе де үлгі боласың», – деп ақылын айтып, батасын берген соң ойланбастан аттанып кеттім. Сол сөз маған үлкен қолдау берді. Әскерде ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландым. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізуді де үйрендім. Әскердің кемшілігін көрмедім. Қазір бір жыл деген ештеңе емес. Кезінде әкелеріміз бір емес, екі-үш жыл әскери борышын өтеп келген, тіпті ол кезде тәртіп те қатаң болған. Көпшілік әскерге барған адам физикалық, психологиялық зақым алады деп үрейленеді. Дегенмен бұл әр адамның өзіне байланысты. Оның кедергілерге төтеп беруі үйде алған тәрбиесіне және мінезіне байланысты болады. Менде мұндай жағдайлардың бірі де кездескен жоқ, – дейді Мақсат Азатұлы.
Әскерге өз еркімен барып, сарбаз атанып қайтқан Қыран Еркінбекұлының пікірі де осыған саяды. Ол Отан алдындағы борышын өтеу арқылы жастардың өмірге деген көзқарасы өзгереді деп санайды.
– Мен Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы 66/99 әскери бөлімінде болдым. Әрине, өзіне тән қызықтары мен қиындықтары да кездесті. Ондағы әрбір күнің мазмұнсыз өтпейді. Үйіңе оралатын күнді тағатсыздана күтудің өзі бір бақыт. Ата-ананың, бауырлардың қадірін жете түсіну үшін берілетін зор мүмкіндік деп те санаймын. Уақыттың да қадірін ұғынасың. Болашағыңа айқын мақсаттар қойып, өміріңді өзгертуге тырысасың. Кей жігіттер өмірлік жолдары Отан қорғау екенін түсініп, келісімшарт бойынша әскери қызметші болуға бел байлайды. Қазіргі таңда әскер жайында жаман пікірлер қаптап жүр. Сарбаздардың өз бөлімшелерінен қашып кетуі де үлкен дау туғызуда. Әрине, Отан қорғауға ант бергеннен кейін қасық қаның қалғанша қызмет ету – әр сарбаздың міндеті. Десе де, көп ата-ана өз балаларын әскерге жіберуге қорқады. Бірақ әскер қатарында болған азамат ретінде мен бұл ұстанымға келіспеймін. Ол жақта да барлық жағдай жасалған. Бөлім командирлері де ұстазың секілді білмегеніңді үйретіп, көп нәрсені санаңа құяды. Бір жағынан, жаңа достар тауып, олармен әлі күнге хат-хабар алмасып тұрамын, – дейді Қыран.
Бүгінде Қарулы Күштеріміздің бір бөлігін әскери кафедралар толықтыруда. Қайран жастығын казармада өткізген, әскери өмірдің ыстық-суығын сезінген кадрлық офицерлердің әскери кафедра бітіріп келгендерді «пиджак» дейтіні сонау Кеңес кезінен қалған екен. Расында, университетте оқып, студенттік шақтың қызығына кенелген, ойын-сауықтың ортасында жүріп-ақ офицерлік шен алған жандардың білім-білігін, тәжірибесін көргені көп «кительдермен» салыстыруға келмейтіні түсінікті. Қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 7 мыңнан аса адам әскери кафедраларды тәмамдап, офицерлік шен алып шығады екен. Республика бойынша соңғы 6 жылда 11 жоғары оқу орнында әскери кафедра ашылған. Қазір олардың жалпы саны 36-ға жетіп отыр. Әрине, бұл асқақ сезіммен айтуға болатын-ақ цифр. Алайда осы әскери кафедралардың әлеуеті қандай? Ел басына күн туғанда «пиджактардың» біліктілігіне сенім арта аламыз ба?
Ауған соғысының ардагері, отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязовтың айтуынша, әскери кафедралар белгілі бір жағдайда бізге қажет екен.
– Кафедралар ең алдымен соғыс жағдайында адам шығынының орнын толтырып, мобилизациялық резерв құру үшін қажет. Бірақ мұнда даярланатын мамандар Қорғаныс министрлігінің сұранысына қаншалықты сай келеді? Соған мән берген жөн. Сондай-ақ материалдық-техникалық базасына да көңіл бөлінуі қажет. Қазір барлығы бұл талапқа сай деп айта алмаймын. Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде бұл мәселелер алдыңғы орында тұратын. Тәуелсіздік жылдары, өкінішке орай, көп нәрседен қол үзіп қалдық. Әрине, кафедралардың әлеуетін әскери оқу орындарымен салыстыруға келмейді. Әскери өмірдің қыр-сырына баулитын білім ордаларын тәмамдаған жастарды жолдамамен жұмысқа жібереді. Олар сонда қабілеттерін одан әрі шыңдайды. Алайда кафедраларда мұндай мүмкіндік берілмейтінін көзіміз көріп жүр, – дейді Әлімжан Қанағатұлы.
«Жамбыл облысы мен Тараз қаласының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермековтің де пікірі осыған ұқсас.
– Кеңес Одағының кезінде де жоғары оқу орындарының жанынан әскери кафедралар ашылған болатын. Оларды арасынан іріктеп әскери қызметке алып қалатын. Ал қазір мұнда білім алатындардың басым бөлігі тиісті құжатын төс қалтасына салысымен әскери формадан құтылуға асығады. Олай болса екі жыл не үшін оқыды дерсіз? Ондағы мақсат – әскери билет пен шен алып шығу. Бұл екеуінің тигізетін пайдасы да аз емес. Бірінші кезекте, ішкі істер саласына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, төтенше жағдайлар қызметіне кетуге мүмкіндігі артады. Бір қызығы, әскери кафедраны бітірсе де, Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаруға запастағы офицерлердің көпшілігі құлықсыз екен. Сол себепті Қорғаныс министрлігі жыл сайын өздеріне керекті әскери мамандарды тиісінше тапсырыс беру арқылы ғана алдыруға мәжбүр болып отырғанын білемін. Сондықтан кафедраға түскендерді сол салаға бейімдеп, тіпті оларды әскери өмірге араласуға міндеттеу керек. Себебі осындай мүмкіндік берілген соң, оның қайтарымы да болуы керек қой. Ол қайтарымның бір белгісі – әскери дайындықтан өткен жастардың Отан қорғауға әзір болуы, бойында патриоттық сезімнің ұшқыны сезілуі. Ал әскери билет қолға тиісімен шаңын көрсетпей кететіндердің бойында патриоттық сезім ұшқыны бар ма? Әуел баста кафедрада тек билет үшін оқығандар кейін отаншыл болып кетеді дегенге кім сенеді? Жыл басындағы қаралы оқиғада Туды сүйіп, ант бергендердің, кейіннен сөзінен жалт бергендерін көрдік қой. Олардың арасында да қолдан жасалған «офицерлердің» болуы әбден мүмкін. Бұл дегеніміз барып тұрған опасыздық қой. Қазір оның үстіне әскери-техникалық мектептер де ашыла бастады. Небәрі 40 күн сонда тәлім алған жастар осынша аз уақыттың ішінде не үйренеді? Ол тіпті автоматтың бөлшектерін де жаттап үлгермейді ғой. Мынау байтақ Қазақстанымыз тек өзімізге ғана керек. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ ел шетіне жау тисе егемендігімізді ешкім келіп қорғап бермейді. Оны қорғайтын – өзіміз. Сол үшін қорғаныс саласында жоғарыдағыдай кемшіліктерге жол беруге болмайды, – дейді Дүкенбай Сайлаубекұлы.
Өзіміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде де әскери кафедра жұмыс істейді. 1963 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының негізінде құрылған кафедрада 2012 жылдан бастап әскери даярлықтың негізгі бейіні – жоғары оқу орындарының азаматтық техникалық мамандықтары бойынша алған білімдеріне негізделген инженерлік-техникалық мамандықтар. Әскери даярлыққа тартылатын студенттердің саны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін қабылдау жоспарымен айқындалады. Мұнда оқу үшін студенттерді іріктеу конкурсы медициналық куәландырудан өту, кәсіби-психологиялық тестілеу өткізу, дене дайындығын тексеру, рейтингтік балл есебіне сәйкес конкурстық іріктеу сынды төрт кезеңде жүзеге асырылады екен. 2018 жылдан бастап мұнда автомобиль техникасын пайдалану және жөндеу командирлері, инженерлік-саперлік бөлімшелер, бөлімдер мен құрамалардың командирлері, инженерлік жол-құрылыс және көпір құрылысы бөлімшелері мен бөлімдерінің командирлері, арнайы және көп мақсатта пайдалануға арналған шынжыр табанды тартқыштар мен тасымалдауыштарды пайдалану және жөндеу командирлері және қару-жарақ пен әскери техниканы метрологиялық қамтамасыз ету мамандары даярлануда. Әскери даярлықтың толық курсын бітірген және бітіру емтихандарын тапсырған студенттер жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «запастағы лейтенант» әскери атағына ұсынылады.
Осында тәлім алған әріптесіміз Сәндібек Піренов әскери кафедралар, бір жағынан, жастардың азаматтық мамандықпен қатар әскери өнерді игеріп, шен алуына мүмкіндік беретін таптырмас тетік болып тұр деп санайды.
– Университетте оқып жүргенде 1-курстың соңына таман құжаттарымды жинастырып, спорттық дене дайындығынан тест тапсырып, кафедраға оқуға түстім. Ол жақта автоматты шашып-жинаудан бастап әскери бұйрықты қалай беруге дейін түгелдей үйретті. Кейін полигонға барып, әскери өмірдің қыр-сырына бойладық. Университеттегі сабақ кестесі де кафедраға ыңғайланып жасалған. Сол үшін ол жағынан еш кедергі болған жоқ. Әрине, әскермен салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей. Бірақ мен бұған оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Өйткені көп нәрсені санама сіңіріп, біраз дүниені меңгердім. Мұнда тәжірибелі, тісқаққан, әскери шендері бар мамандар сабақ бергенін де айта кеткен жөн. Кафедрада «әскери инженер» мамандығын алып шықтым. Алайда жаныма шығармашылық жақын болғандықтан, тілшілік тіршілікке бет бұрып, негізгі мамандығым журналистика бойынша еңбек етудемін, – дейді Сәндібек Асанәліұлы.
Әр ел қазір әскери әлеуетін күшейтумен әбігер. Әлемдегі қырғи-қабақ қақтығыстар да бұл процесті жеделдетуді талап етуде. Осы ретте әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жасақтау – міндетті іс. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін халықаралық тәжірибемен ұштастыру да маңызды.
Жалпы елде запастағы офицерлер жыл сайын мерзімді әскери қызметке шақыртылады. Биыл 190 маман тартылған. Оның ішінде 150 лейтенант Қарулы Күштер қатарына барса, қалғаны шекарада қызмет етуде. Басым бөлігі әскери кафедраның түлегі. Осы сандардың өзі көп нәрсені аңғартады.

«Қарабет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» дейді Бауыржан Момышұлы. Ата Заңымыздың 34-бабында: «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті», – деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Тіпті хадистің өзінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екінші-сі – Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», – деген екен. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер әрдайым керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.