Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отанға деген махаббат – ұлт құндылығы

0 328

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл облысының 80 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында халық педагогикасында қолданылатын әдіс-тәсіл жолдарын насихаттау мақсатында «Ақ қайың» балабақшасы «Мектеп жасына дейінгі балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру» тақырыбында семинар өткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тәрбиені талбесіктен бастаған халық үрдісімен балғындардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа баулу барысында халық педагогикасының мүмкіндігі зор. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың жан-жақты дамуына ықпал етіп, зейінін, логикалық ойлау қабілетін арттырумен қатар, балғындардың бойына ұлттық құндылықтың дәнін егуді мақсат тұтқан балабақша тәрбиешілері патриоттықтың озық үлгісін көрсету жолына бел шешіп, білек сыбана кірісіпті. Бұл сөзді қала баласы бола тұра, ауыл іргесінде өскендей-ақ ас атасы нанның шығу тарихын айтып, қонағын төрге оздырған қазақи қонақжайлықтың төресін көрсетіп, көсіле сөйлеп, киіз үйдің құрылысын шешіле айтып, жүн түтіп, сабап, ою ойып, ұршық иірудің әдістерін тәптіштеп, талдырмаш саусақтарының икемділігін көрсетіп, түсіндіре білгені айғақтап, сүйсіндірді-ақ.
Семинарды ашып, жүргізген балабақша әдіскері Әйгерім Жайлаубаева семинардың мән-маңызына тоқталып, қала әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Гульфайруз Естаеваға сөз берді. Ол өз сөзінде семинар тәжірибесімен алмасу барысында Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған эстафетаны қабыл алуға шақырды. Одан кейінгі сөз кезегін алған аталмыш балабақша меңгерушісі Дана Досмаханбет: «Көне Тараз» этнотарихи кешенінің жанында орналасқан «Ақ қайың» жеке меншік балабақшамызда «Мектеп жасына дейінгі балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру» тақырыбында қалалық семинарды ашық деп жариялаймын. Бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықты дарытып, балаларға Отанның отбасынан басталатынын ұғындырайық. Бүгінгі семинарға қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Семинарды алғашқы болып ашып, «Ұлттық асым – ырысым», «Ас атасы – нан» тақырыбында сөз алған ортаңғы топ тәрбиешісі Жанерке Оразбаева ұлттық тағамдар жайлы баяндай келе, балаларды дән тұқымымен таныстыра отырып, ертегі желісі арқылы ас қадірін білуге баулыды. Сондай-ақ тәрбиешінің сұрағына үш тілде жауап беріп, егіннің қай мезгілде жерге себіліп, қай уақытта пісіп жетілетінінен хабардар болды. Сондай-ақ «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген өлең жолдарымен, нанның – дүкеннен, дүкенге – наубайдан, наубайға – диірменнен, диірменге – Жер-Ананың төсінде өсіп, жетіліп жеткенін ойын түрінде жеткізілуі түсінікті әрі қызықты болғандықтан, бала жүрегіне жол тауып жатты.
Одан кейін мектепалды даярлық топ тәрбиешісі Назерке Рахымбердиева «Ата-баба мұрасы – киіз үй» тақырыбында балалармен жұмыс жасады. Керегесі кең, босағасы берік, киіз туырлықты үйдің уық, бау, кереге, есік, шаңырақ сынды керек-жарағы түгел қамтылды. Сонымен қатар «Сиқырлы қоржын» ойыны ұйымдастырылды. Балалар ойын барысында сары, жасыл, көк және қызыл орталықтарға бөлінді. Сары орталық киіз үй құрастырса, жасыл орталық фетрден ою ойып, көрпеше құрады. Көк орталықта балалар жүн түтіп, шүйкелеп, ұршық иіру процестерін үйренсе, қызыл топтағылар киіз басып, текемет жасау жолдарымен танысты.
Ал «Ботақан» ересектер тобының тәрбиешісі Алтынкүл Манибаева «Әдептілік және қонақжайлық» тақырыбында балаларды әдептілікке баулыды. Бұл ойын барысында балалар үлкенге қызмет көрсету кішінің міндеті екенін қызықты әрі түсінікті ойын түрінде жеткізе білді. Қарияның қолына су құйып, қымыздан ауыз тигізіп, төрге оздырып, қыздар құрт жасап, балалар қамшы өрудің әдістерімен танысып және қазақтың қонақжайлығы мен инабаттылығын әр іс-қимылынан танытуда бүлдіршіндер алдына жан салмады. Сонымен қатар жиын барысында балабақша психологы Жанар Омарова «Достық» тренингін өткізсе, хореограф Регина Мухаметжанова және музыка жетекшісі Дина Байзақова «Қазағым – менің айбыным, Көркіне жетпес байлығым» атты шығармашылық көрініс қойды. Осы орайда, қала символы алтын барыс өзінің кішкене бүлдіршіндерімен сахна аясында өздерін таныстырып, көрініс барысында қазақ қыздары мен ұлдардың киімдері балабақша тәрбиешілерінің қолынан тамған өнері екеніне тәнті етті. Қыздардың әсем көйлектері рухани жаңғырудың белгілерімен әсемделіп, үш жүздің бейнесі, көне заманғы тасқа қашап салынған суреттермен қатар ою-өрнектер де бейнеленген болатын. Сондай-ақ қонақтар балаларға арналған ұлттық кабинетті де тамашалады.
Қазақтың қонақжай пейілі мен өзгеше көңілін дөп басып, балғындардың бойына сіңірген семинар барысында бүлдіршіндер мен шақырылған қонақтар бұл кештен жүректеріне Отанға деген махаббаттың дәнін сеуіп қайтқаны анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.