Қалалық қоғамдық-саяси газет

“Ота жасатқаным рас”: 17 келі салмақ тастаған Ерболат Төлегенов қалай арықтағанын айтты

0 921

Шімән апаның образымен халық көзайымына айналған Ерболат Төлегенов 17 келі салмақ тастаған. Актердің мұндай өзгерісін біреулер “жаман ауруға” баласа, өзгесі артық майдың бәрін отамен алып тастаған деп болжап жүр. Ақиқатын білу үшін Stan.kz тілшісі актерден эксклюзивті сұхбат алды.

– Ерболат мырза, көпшілік артық салмақтан арылу үшін Стамбұлға барып, арнайы ота жасатты дейді. Осы сыбыс қаншалықты шындыққа жанасады?

– Адамдар “Қалай арықтадың? Ауырып қалдың ба?” деп айтып жатады. Жоқ, ауырмадым, бәрі жақсы. Денсаулықтың қадірін жасың үлкейген кезде білесің. Артық салмақтың адамға зиян екені тағы да белгілі. Ота жасатқаным рас. Мұрынға жасаттым. Оқушы кезде бір жерге ұрып аласың, біреудің қолы тиеді, сондай кездерде шеміршектерге зиян келген. Соның кесірінен жаздыгүні аллергия болады. Мұрынның шеміршегі сынғаннан кейін аллергия екі есе қиындық туғызады. Сол үшін мұрнымды жасаттым.

 Қазір сізге қойылатын ең тренд сұрақтың бірі шығар. Расында қалай арықтадыңыз?

– Бұрын “түу, не деген семізсің” деп айтатын. Қазір барлық жерде “Қалай арықтадың?” деп сұрайды. Біреулер “не жеп арықтадың?” дейді. Керісінше, ештеңе жемей арықтадым. Дұрыс тамақтануға көштім. Мысалы, нан жемеймін. Қамыр жемеймін. Әлі күнге дейін ұннан жасалған тамақтарды жемеймін. Картоп, күріш жемеймін. Ішетінім – сорпа, сүт өнімдері. Шыны керек, басында салмақ тастауым оңай болды. Себебі 1,5 ай ешқандай тамақ жеген жоқпын. Тек ет пен сорпа іштім. Сол кезде бірден салмақ кете бастады. Бәрі адамның өзінің қолында

Жиі тойда жүресіз. Қазекеңдер алдыңызға астаулатып асын ұсынғанда бас тарту қиынға соқпады ма?

– Иә, қонаққа барамын. Орамжапырақ жеймін, сәбіз жеймін, бешбармақтың етін ғана жеймін.

– Артық салмақтан арылған соң өзіңіз қандай өзгерісті сезіндіңіз?

– Негізі мен көп салмақ тастамадым. Көпшіліктің көзі толық кезіме үйреніп қалғандықтан шығар, бәрі “Ауырып қалдың ба?”, “Не болды?”, “Жаман аурумен ауырып жүрсің бе?” деген сұрақтарды көп қойып кетті. Жоқ, Алла сақтасын ешқандай ауруым жоқ. Мен қазір өзімді 100% дені сау адаммын деп есептеймін. Өйткені өзімнің бойым мен салмағым бірдей. Менің бойым 176 см, ал қазіргі салмағым 74 келі болып тұр. Мен әлі 4-5 келі салмақ тастау керекпін. Бұрын қалай жүргенімді білмеймін. Аяғым толық кезде 40-50 келі артық көтеріп жүріппін. Күнде бір қап ұнды арқалап жүрсеңіз қалай боласыз? Бұрын тізем ауыратын. “Ауру – астан” деп бекер айтпаған ғой. Тамаққа тойып алып, ұйықтап қалатын кездеріміз болатын. Қырыққа жақындағанда менің денсаулығым үшін өзімнен басқа ешкім уайымдамайтынын түсіндім. Басқа ешкімге менің денсаулығым керек емес, әркімнің денінің саулығы өзіне керек. Бір ғана алаңдайтын адам бар. Ол – сенің анаң, әйелің, бала-шағаң. Ал қалған адамға екі қойың бір сом. Артық майдан арылған соң мен жеңілдікті сезіндім. Бұрын қалай жүргенімді тіпті білмеймін.

– Енді Ерболат Төлегеновтің арықтауды үйрететін курсын ашуды жоспарлап жүрген жоқсыз ба?

– Ұсыныстар келіп жатыр. Біреулер “мына капсуланы ішіп арықтадым” деп жарнама жасаңызшы дейді. Жарайды, ақшасына қызығып жарнама жасайын. Бірақ ертең біреудің ажалы содан болып, өліп кетсе ше?! Жарайды, бұл дүниеде мен жауап беруден құтылып кетейін. Ертең Алланың алдында не деп жауап беремін?! Біреулер айтады “арықтау туралы” тренинг өткізейік деп. Жоқ, мен ешкімге арықтауды жарнама жасамаймын. Үгіттемеймін! Арықтау жолы туралы кеңес те бермеймін. Әркім өзі үшін. Шын ниеттенсе, арықтау әркімнің қолынан келеді.

– Шімән апаға өзгеріс әкелу, салмақ тастаған заманауи апаның образын халыққа ұсыну деген жоспарда жоқ па?

– Мәселе арық-толықтықта емес, адамның шеберлігінде деп ойлаймын. “Незаменимых нет” дейді. Маған дейін де әйел образын сомдаған. Құдайберген ағамыз ойнаған, менен кейін де Шімәнді ойнайтындар бар шығар. Бірақ кім қалай ойнайды? Кімдікі өтімді болады? Ол халықтың бағасына байланысты.  Біреулер “кемпірді қоясың ба?” дейді. Мен білмеймін. Болашаққа іштей жоспар-мақсатым бар. Бірақ оны қазір айтып, ертең болмай қалса күлкі болып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын.

– Қазақта “қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады” деген сөз бар. Сіздің ойыңызша жаман қатын қайдан шығады?

– Жаман қатын қайдан шығатынын мен айта алмаймын. Мүмкін, өзіңнен шығатын шығар. Мысалы, мен бәрімен ұрысатын болсам, ешкім жақпайтын болса ойлану керек шығармын?! Айналамда бір жақсы адам болу керек қой. Егер бәрі жаман болса, өзімде бірдеңе дұрыс емес деп ойлану керек сияқты. Жаман қатынның нақты қайдан шығатынын білмеймін. Әзірге бізден шыға қоймайды…

Сұхбаттың видео нұсқасын YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар: 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.