Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қос қарияға құрмет

0 378

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы сұрапыл соғыс жылдарында адам жанының арашашысы болған ҰОС ардагері Зинаида Вострикова мен Анна Беляеваға құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ұсынды.

Толғанай АТАБАЙ

«Әйел және экономика» секциясы бойынша құрылған топ мүшелері 2015 жылы қаһарман әйелдермен танысып, өз қамқорлығына алуға шешім қабылдаған. Сол уақыттан бері кәсіпкер әйелдер ардагерлерді назарынан тыс қалдырған емес.

Оқ пен оттың ортасында жүріп, небары 16 жасында жараланған жауынгерлерді емдеуге атсалысқан Анна Беляева бүгінде 92 жаста. Ол Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келгенімен, майдан даласына Жамбыл облысынан аттанды. Бастапқыда Ленинград майданында болып, кейін Шығыс Еуропа жеріне дейін барды. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Ұрыс даласындағы қилы кезеңдер оның әлі көз алдында. Кездесу барысында ардагер соғыс жылдарындағы күндер мен жеңісті сәттер жөнінде әңгіме айтты.

– Соғыс жалыны шарпыған тұста жап-жас қыз едік. Бірден майдан даласына алып кетті. Алғашында қорықтық. Бірақ оған да үйреніп кеттік. Қазір бейбіт заман. Әрдайым осындай тыныштық болсын деп тілейміз. Мені елеп-ескеріп құттықтап келіп отырғандарыңызға алғыс айтамын, – дейді ардагер.

Көзі тірі ардагерлердің ең кішісі де осы Анна Беляева. Майдан даласындағы жанқияр еңбегі еленіп, кеудесіне тағынған медаль, ордендерін дәрігер сарбаз бізге таныстырып отырды. Тоқсанның төріне шыққан ардагер әлі тың. Өзін арнайы құттықтап келгендерге алғысын айтып шығарып салды.

Одан кейін кәсіпкерлер 96 жастағы Зинаида Вострикованың үйінде болды. 18 жасында майданға аттанып, Мәскеуді қорғауға атсалысқан ардагер соғыс даласында жараланған сарбаздарға медициналық көмек көрсетіп, талай жауынгерді аман алып қалыпты. «Соғыс басталды. Әкем әскери адам болатын. Ол уақытта әскерилер майданға бірінші аттанатын. Сол кісіні шығарып салуға Орынборға бардым. Кейін өз еркіммен сұранып, сол жерде қалдым. Осылайша, бүкіл соғысты көріп шықтым ғой. Бір мәрте жараландым», – деген сарбаз бүгінгі буынның қамқорлығына шексіз риза. Құттықтаушыларды жылы жүзімен қабылдаған қарт ана есінде қалған соғыс тақырыбындағы өлеңдерді де қайталай айтып берді. Қос қарияның да тілегі – қиын-қыстау заманды ұрпағының көрмеуі.

– Жеңісті жақындатуға атсалысқан майдан шебіндегі сарбаздарға құрмет ортаймауы тиіс. Бүгінде сұрапыл жылдардағы тарихтың тірі куәгерлерінің саны күн санап сиреп барады. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жыл сайын көнекөз қарияларды құттықтауды ұмытқан емес, – дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығы Тараз қаласы бойынша төрайымы Әмина Қайназарова.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.