Қалалық қоғамдық-саяси газет

Орынды сауал – оңды шешім

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

0 561

Кеше Тараз қалалық мәслихаты мен қала әкімдігінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Алқа мәжілісіне қала әкімі Бақытжан Орынбеков, қала әкімінің орынбасарлары, облыс әкімдігі басқармаларының, қалалық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде мәслихат депутаттары тарапынан қойылған сауалдардың орындалу барысы қаралды. Жиынды қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай ашып, жүргізіп отырды.
– 2023 жылы өткен сайлау нәтижесінде, қалалық мәслихаттың VIII шақырылымына депутаттар сайланған болатын. Сол уақыттан бері халық қалаулылары тарапынан 106 сауал жолданды. Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлының қолдауымен барлық сұрақ жинақталып, 2023-2025 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары құрылды. Қазіргі уақытта 34 сауал орындалып үлгерсе, 31-і бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал 29-ының орындалу мерзімі 2025 жылға бекітіліп отыр. Жалпы алғанда, депутаттық сауалдардың 60 пайыздан астамы өз шешімін тауып отыр деуге болады. Ендігі кезекте біздің алдымызда орындалған мәселелерді қарастырып, алдағы уақытқа жоспарланып отырғандарын талқылау міндеті тұр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.
Келесі кезекте халық қалаулылары жолдаған сауалдар бойынша қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасап, әр мәселеге жекелей тоқталды. Оның айтуынша, сауалдардың 80-і тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына қатысты болса, 6-ауы – құрылыс, 7-еуі – тұрғын үй қатынастары, 8-і – білім, 5-еуі – спорт және дене шынықтыру бөліміне қарасты болып отыр екен.
Кеңейтілген отырыс барысында тараптар тұрғындар көтеріп, мәслихат мінберінде қойылған сұрақтарды жеке-жеке талқылады. Онда қала аумағындағы алқаптар мен саяжайларды ауызсумен қамту, жолдарға асфальт төсеу, көшелер мен аулаларды жарықтандыру, аялдама орнату, мектептерді жөндеуден өткізу, шаһарды абаттандыру, футбол және балалар ойын алаңшаларын салу секілді аса маңызды мәселелер сөз болды.
Әр сауалды мұқият тыңдап шыққан Б.Орынбеков әрқайсысына нақты жауаптарын қайырып, жауапты тұлғаларға тапсырмаларын берді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.