Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ортақ Отан – Қазақстан

0 243

Қазақ елі қасиетті тәуелсіздікке қол жеткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттықтың алғашқы күнінен бастап қандас бауырларды қара шаңыраққа қайтаруды мықтап қолға алды. Тек қана қайтару емес, оларға іс жүзінде қол ұшын созып, қолдау білдіріп, қамқорлығына алды. Қаншама үміт пен сағыныш сейіліп, сенім ақталды.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Міне, Елбасы құрған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – бізге осындай риясыз қуаныш сыйлап, тағдырдың басқа салғанын жақынын жатқа қалдырмайтын текті ұйғарыммен өткерген парасатты ұйым. Алыстағы ағайын мен атамекеннің арасын жалғап тұрған ардақты алтын көпір. Қауымдастықтың құрылуымен қатар әр облыс орталығында филиалдар ашылып, түрлі жағдайда ел ауып кеткен қандас бауырларға көмек көрсетілді. Сондай филиалдың бірі біздің өңірде де құрылғанына 1 жылдың жүзі болды. Бұл орайда, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Арқабек Төлебаевтың ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен Достық үйінде форум өтті. Жиынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, «Әулие Ата» қазақ этномәдени орталығының жетекшісі Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова шараның маңыздылығына тоқталды. Ал «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков тарихқа үңіліп, жастарға тәрбиелік мәні зор хабарламаны ортаға салды.
– Дүниенің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақты бүгін көшіріп алмасақ, ертең жоғалтып алуымыз мүмкін. Мәселен, Қытай мен Ресейдегі қазақ балалары осыдан он жыл бұрын ана тілінде, яғни қазақ тілінде білім алып келді. Қазір бұл үрдіс азайды. Ресейдегі қазақтар орыс тілінде, Қытайдағылар қытай тілінде оқуға көшіп жатыр. Ондағы қазақтардың тілден, ділден, дәстүрден айырылу қаупі туындап отыр. 2018 жылдың желтоқсанында Ресейдің Омбы қаласында Кіші құрылтай өткіздік. Ондағы қазақтардың мұңын тыңдадық. Көпшілігі ана тілін түсінбейтін халге жетіпті, тіпті 20 жасқа дейінгілер ұлттық болмыстан айырылып бара жатыр. Осылайша, Ресейдегі қазақтардың тілі мен ділін сақтау жөнінде арнайы пилоттық жобаны қолға алдық. Соның ішінде Ресейдегі қазақ балаларына екі жасынан бастап ана тілін оқыту туралы жоспар бар. Оған волонтерлерді тартамыз. Оның үстіне, 2020 жылды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер жылы деп белгіледі. Еріктілер де балаларға жастайынан қазақ тілін, дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тарихты үйретуі керек. Сондай-ақ қазақ мектептерінің бірқатар елдерде жабылуына байланысты біз өз елімізде шетелде тұратын қазақтарға тіл үйрететін білім орталықтарын дамытуымыз керек. Бұл тұрғыда қазақ диаспораларының балаларын ана тіліне оқытуға еліміздің интеллектуалды мектептері мен жоғары оқу орындарының зор мүмкіндігі бар. Биылдан бастап жазғы демалыс кезінде шетелден келетін 4 000 балаға қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы лагерьлер ұйымдастыруды қолға алдық. Биыл «Балдәуренге» Еуропа, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 288 қазақ баласы демалып қайтты. ЭКСПО, Бәйтерек, «Алжир», «Бозоқ» сынды елорданың маңызды нысандарын аралады. Көпшілігі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев Университетіне қызығып кетті. «Қалай түсеміз?» деп сұрап жатыр. Міне, біздің көздеген мақсатымыз – осы. Білімге ынтасы зор балаларды қуана-қуана қабылдаймыз. Сол секілді біз «Қастерлі қалам» жобасын ұсындық. Бұл интерактивтік формада әріптерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үйретеді және қазақша ертегілер мен өлеңдерді тыңдап өсуге мүмкіндік береді, – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы.
Соңғы 2019 жылдың дерегіне сәйкес, 10,7 мыңнан астам этникалық қазақ елге оралған. Әсіресе, олардың 48,5 пайызы – Өзбекстаннан, 36 пайызы – Қытайдан, 6,2 пайызы – Моңғолиядан, 5,4 пайызы – Түрікменстаннан, 1,1 пайызы – Ресейден және 0,5 пайызы – Ираннан көшіп келген. Олардың басым бөлігі Ақмола облысына (27%), Маңғыстау (14%), Жамбыл облысына (9%) және Нұр-Сұлтан (8,9%), Шымкент (8,5%) қалаларына қоныс тепті.
Ал жалпы әлемде 16 миллионнан астам қазақ бар десек, соның үштен бірі, яғни шамамен бес миллионы сыртта жүр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтарды атажұртқа шақырған 27 жылдың ішінде елімізге 1 миллион қазақ көшіп келді. Тағдырдың жазуымен әлемнің қырықтан астам еліне шашырап кеткенімен, олардың түп негізі, байланысы еш үзілген жоқ.
Жиын барысында «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұмабек Әсемов пен «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Жанна Сейтқұловалар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Бір жылдық мерейтойға орай жиында бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.