Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы

0 1  942

Қоршаған ортаға көңіл бөлу арқылы ұлттың басты міндеті табиғатпен үндесе өмір сүруі қағиданың алғашқысы болды. Бұл сөздің ауқымды мағынасы – қоршаған ортаны кесапат жағдайлардан, кейбір көлденең оқиғалардан сақтауға, табиғатпен арадағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды мемлекеттік және әлеуметтік шара.

Экология – бүкіл адамзат баласының шалыс басқан әрбір іс-әрекетіне келешекте шек қоятын, оның тыныс-тіршілігіне тікелей атсалысатын ғылымның жаңа саласы. Адам баласы өз ақыл-ойымен дүниеге әкелген техникалық, технологиялық өзгерістің негізінде талай апаттың келгені және оның адам баласына тигізген кері әсерін соңғы жылдары бәріміз де байқап келеміз. Әлемдегі экологиялық жағдайдың төмендеп кету мәселесі туралы ғалымдар дабыл қағуда.
Қай кезеңде болмасын қоршаған ортаны қорғау проблемасы әр кезеңде де өткір қойылып отырды. Тірі табиғатты күйзелтпеу, оны асқындырмау, су көзін ластамау, жер байлығын орнымен пайдалану көшпелі өркениеттің тұрмысы мен тіршілігінің жоғары деңгейде қалыптасуына әсер етті. Мәселенің талқылануы түркі жұрты табиғатпен тікелей қарым-қатынаста өмір сүргендіктен, табиғатқа деген қамқорлыққа үлкен жауапкершілікпен қараса, ұлы ақын Абай табиғаттың ерекше құбылыстарын өз туындыларына арқау ете отырып, ұлттық экологиялық мәдениеттің негізін қалады. Мысалы:
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Қазақ халқы мал шаруашылығымен айналыса жүріп, жазда жайлауын, қыста қыстауын дайындаған. Табиғаттың баурайында жүріп, табиғатпен үндесе тірлік жасаған. Қазақтың экологиялық білімі және мәдениеті сол кезеңде қалыптасқан.
Экологиялық мәдениет ұлттық сананы қалыптастырушы факторы ретінде, яғни табиғатқа қамқорлықпен қарау, әр заттың өз бағасы, құны бар екенін біліп, баға беріп отырған. Міне, осы ұғымдар қазақ халқын қасиетті болуға әкелді. Ал ұлттық білімнің негізін салушылар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және тағы басқалар қоршаған ортаны аялау, салауатты өмір сүру салтын құрудың ғылыми алғышарттарын жасады. Алғышарттарын жасап қана қоймай, мерзімді баспасөзде жариялап отырған. Ұлттың саналы қоғам, жаңа мемлекет дәрежесіне көтерілу үшін мәдениет, әдебиет, оқу ісінің өркендеуіне жол ашатын баспасөздің дамуы керек дегенді Алаш зиялылары айтты. Мерзімді баспасөзге қазақ қоғамының нағыз жанашырлары сол кезеңде болып жатқан өзекті оқиғаны жариялап отырды. Ұлт зиялылары ұлт болашағына алыстан қарап, сенім білдірді.
Жалпы бүгінгі қоғамда адам баласы өзі ойлап тапқан техникалық дүниенің өзімізге қарсы қызмет жасап жатқаны бәрімізге аян. Сол технологияның әкелген зардаптары ауаға, өсімдікке, топыраққа, қазба байлықтарына да зиянын тигізуде. Зерттеуші ғалымдар бұл зардаптың астарын адам баласының табиғатқа салғырт қарауынан деген тұжырымға келді.
Экологиялық білімді қалыптастыру – әр азаматтың парызы. Азамат туған жеріне, қоршаған ортасына деген қамқорлығын аямау керек. Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жерді сақтау, аялау – бәріміздің азаматтық парызымыз. Өмір сүріп жатқан айналамыздың, ауамыздың, суымыздың таза болуы өзімізге керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында экология тақырыптарын қозғай отырып, азаматтарды туған жеріне құрметпен қарауға, жер ресурстарын, су, орман және жайылым жерлерін тұрақты пайдалануға бағыттаймыз. Біз экологиялық білімді қоршаған ортадан алдық. Дала тіршілігінің тамыры болып табылатын экология туралы мәселе қозғауды бұқаралық ақпарат құралы үздіксіз жариялап келеді. Нәтижесін де көріп келеміз. Экологиялық тақырыпта жарияланған мақалалардың басым көпшілігі жер, су көздеріне, ауа райына, тұқымы жоғалып бара жатқан өсімдіктерге арналған. Қазақ халқының экологиялық мәдени танымын, тәрбиесінің негізін ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным және ұлттық дәстүр құрайды. Олай болса, әлеуметтік мемлекеттік құрылым идеологиялық ағымдар, халықтың мәдени дәстүрі мен салтын сақтай отырып, экологиялық мәдениетті және ұлттық сананы бұқаралық ақпарат құралы арқылы қалыптастырайық.

Жанар УЙСИМБАЕВА,
«Экология және ТӘҚ» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, (доцент м.а.)

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.