Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Орман» алқабы тұрғындарының қуанышы

0 347

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде сапасына айрықша мән берілген еді. Себебі ел мен елді бір-бірімен жалғап, тауар айналымы мен қарым-қатынас көзіне айналған жолдар экономикалық тұрғыдан маңызды нысан болып саналады.

Сондықтан да еліміз бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуді назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде көне шаһар Таразда жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Әсіресе жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының қарқыны көңіл көншітеді.
Жалпы егемендікке қол жеткізгелі 30 жылдан асса да, шаһарда әлі де жөндеу көрмеген жолдар баршылық. Қазіргі таңда осы олқылықтың орны толып, бірінші кезекте бұрын-соңды асфальт төселмеген жолдарға айрықша назар аударылуда. Мәселен, «Орман» алқабындағы алты көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұлардың қатарында Ақыртас 1,2,3 және Көктерек, Ақбота, Лесхоз көшелері бар. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 1 шақырым 830 метрді, ені 4-6 метрді құрайды. Негізгі жұмысты жүргізіп жатқан мердігер – «КАTSA» ЖШС, ал нысанның техникалық қадағалаушысы – «ALILFE» ЖШС. Енді аталған барлық көшеге арнайы жол белгілері қойылады. Бұл іске тұрғындар да дән риза.
– Біз тұратын Лесхоз көшесіне соңғы 25 жылдан аса уақытта асфальт төселмеген. Бұл талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі еді. Жолдың нашарлығынан көліктер жиі бұзылып, тіпті жедел жәрдем машинасының да қатынауы қиынға соғатын. Енді міне, биыл осы мәселенің шешімін тапқаны бәрімізді қуантуда, – дейді Лесхоз көшесінің тұрғыны Жәнібек Тәжібаев.
Жалпы Тараз қаласында салынып жатқан барлық жолдар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалының арнайы зертханасы арқылы тексеріліп, қабылдануда. Сондықтан құрылыс жұмыстарында ешқандай ақау болмайтыны анық. Сондай-ақ шаһардағы Братская көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Құрылысы жүріп жатқан тротуардың ұзындығы
1 700 метрді құрайды. «КАTSA» ЖШС мердігерлігімен қолға алынып жатқан құрылыс жұмыстары келесі айдың ортасында аяқталады деп жоспарлануда.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.