Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қордай ауданында инфрақұрылым жүйелі жаңғыртылып жатыр

Ауызсу, газ және жол сапасы – басты назарда

0 44
Қордай ауданында 2025 жылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігі ауыз сумен қамту, елді мекендерді газдандыру, жол желісін жаңарту және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде қолға алып, бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты серпін беруде.

Бүгінде аудан бойынша 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл – ауылдардың 90,2 пайызы таза сумен қамтылғанын білдіреді. Соңғы уақытта Шарбақты ауылында су жүйесінің құрылысы толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Күнбатыс-2 ауылында су құбыры желісін тарту жұмыстары 100 пайызға орындалған. Ал Гвардейск пен Алға ауылдарында ауыз су жүйесін жаңғырту шаралары кезең-кезеңімен жалғасуда. Сонымен қатар Көгадыр ауылында су тазартудың кешенді блок-модулі орнатылып, бұл жоба 2025 жылғы аудандық бюджет есебінен толық жүзеге асырылды.

Күнбатыс-2 елді мекеніндегі су құбыры құрылысының тапсырыс берушісі – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Жобаны «Темір-Строй Сервис и КО» серіктестігі іске асырып отыр. Мердігер ұйым заманауи технологияларды қолдана отырып, тұрғындарға қауіпсіз әрі тұрақты ауыз су жеткізуге басымдық берген. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін сумен қамту сапасы жақсарып, экологиялық және санитарлық қауіпсіздік деңгейі артады деп күтілуде.

Ауданда газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бәйтерек ауылын көгілдір отынға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданған. Гвардейск кентін газдандыру бойынша «Бақыт таңы» ЖШС-мен 42,5 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жобаның І және ІІ кезеңдеріне қажетті құжаттар дайындалып, сараптамадан өткен. Ал Бел, Мұзбел және Аңырақай ауылдарына ауылішілік газ құбырларын тартуға қатысты жобаларды «АРС проект» серіктестігі әзірлеп, тиісті бюджеттік өтінім облыстық басқармаға жолданған. Бұл бағыттағы жобалардың жалпы сметалық құны 604,8 миллион теңгені құрайды. Жобалар толық іске асқанда аудан елді мекендері 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.

Жол инфрақұрылымы да назардан тыс емес. Қордай ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1343,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 308 шақырым – республикалық, 275,5 шақырым – аудандық маңыздағы жолдар, ал 760 шақырым – елді мекен ішіндегі көшелер. Жергілікті жолдарды күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілген. Жақында «Отар – Сұлутөр – Көктөбе» бағытындағы аудандық жолда орташа жөндеу аяқталып, пайдалануға берілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында 10 елді мекенде 18 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылып, толық іске қосылды. Камералар Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы ауылдарында орналастырылған. Орнату орындары жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін және қауіп деңгейі жоғары аумақтар ескеріле отырып айқындалған.

Жалпы алғанда, Қордай ауданында іске асырылып жатқан бұл инфрақұрылымдық бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып отыр. Таза ауыз су, табиғи газ, сапалы жол және қауіпсіз орта – өңірдің тұрақты дамуының негізгі тіректеріне айналуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.