Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Онлайн» ұрпақ опық жегізбей ме?

0 254

Ғаламтор! Ғаламтор… Кейде жақсы, кейде… жаман тор! Техниканың дамып кеткені сондай, уақытымыздың көбі жанымызға жақын жандардың жанында емес, ғаламтордың алдында мониторға телмірумен өтіп кететін күндеріміз болады.

Арайлым Шабденова

Ой-санасы, жеке пікірі қалыптасқан, ерік-жігері мен таңдау мүмкіндігі бар адам болсақ та, дәл осы ғаламтор алдында дәрменсіздік танытып жатамыз. Біздің әрекетіміз осындай, ал ой-санасы қалыптаспаған, ақ пен қараны ажырата алмайтын балаларымыздың әрекеті қандай болмақ? Ақиқатымен қоса жалған ақпараты қатар жүретін ғаламтор балаларымызды жақсылыққа да, жамандыққа да итермелеуі мүмкін. Ғаламтор бетінде әдемі өле білуді, ашығу арқылы арықтауды және басқа жаман әдетке үйрететін сайттар қатары қаншама?! Сананы улайтын дұрыс емес ақпараттар ой-пікірі қалыптаспаған баланың денсаулығына, жан дүниесіне, тұлғалық дамуына кері әсерін тигізеді.


Бүгінгінің жасын да, жасамысын да смартфонсыз, компьютерсіз елестету қиындап барады. Жақсылықты да, жамандықты да интернетпен байланыстыратын кезге жеттік біз. Тіпті компьютер ойындарын спорттың қатарына қосатындар да бар. Әлем оны «киберспорт» деп атайды. Әдетте бүгінгінің ата-анасы балаларының компьютер ойындарымен ойнағанын құптай қоймайды. Мұндай ойынның зияны туралы масс-медиада жиі жазатынымыз да содан. Ұстаздар да ата-ана жағында. Бәріміз бала-шағаның интернет ойынын емес, далаға шығып қар атысқанын, доп тепкенін құп көреміз. Бірақ бәрібір бұл ойындар жаһанда өз тұтынушыларын тапқан, ірі қаржы салынатын, тез дамып келе жатқан салаға айналды. Оны «киберспорт» деп атап, түрлі жарыстар ұйымдастырушылар бар. Демек, бұған көзқарас та өзгерді деген сөз.

Даму қарқыны жоғары сала

Баршаға мәлім соңғы жылдары жаһандық экономиканың өсуі тежеліп, біраз қиындықтар туған-ды. Дегенмен түрлі салалардағы даму тоқтаған жоқ. Біздің әңгімеге арқау болып отырған киберспортта да тоқырау болған емес. Керісінше, қарқынды дамып келеді. 2015 жылы дүние жүзі бойынша видеоойындар нарығы 91 млрд доллар болса, 2016 жылы 99,6 млрд долларға жетті. Кәдімгідей өсім бар. Осы соманың 46,6 миллиард доллары Азия құрлығы мен Тынық мұхиты аралдарының үлесінде. Демек, нарықтың 47 пайызы Азия-Тынық мұхиты аймағына тиесілі болғаны. Бұл нарықта азиялықтардың салмағы басым деген сөз. Қисынға сүйенсек, осы нарықтан Қазақстан да өзіне тиесілі үлесті алуы тиіс еді. Алайда әзірге біз ойын нарығында өнім ұсынушы емес, тұтынушы ғанамыз. Тұтынушы болған соң, біз компьютерлік ойындарды сатпаймыз, керісінше, өзгенің дүниелерін пайдаланамыз деген сөз, яғни тапқан-таянған қаржымыздың біразы өзгелердің қалтасына түсіп жатыр. Өйткені ойындар қазір кез келген құрылғыда, компьютерде, смартфонда, планшетте бар. Арнайы ойын құрылғылары да сатылады. Интернет арқылы да, офлайн ойнауға да болады. Мәселен, әу баста Белоруссияда құрылған «Wargaming.net» компаниясының бір ойынына әлемде 150 млн адам тіркелген екен. Компания 2015 жылы тек «World of Tanks» ойыны арқылы 590 млн доллар пайда тапқан. 2016 жылғысына қатысты дерек жоқ. Ал «Activision Blizzard», «Inc» компаниясы 2016 жылды 1,57 млрд долларлық табыспен аяқтапты. Айта берсек, компьютерлік ойындар арқылы да мол табысқа кенеліп жатқандар аз емес әлемде. Қазақстандық ойындар қайда? Біздің елде ойын жасау арқылы дәулеті артқан пенде жоқ. Өйткені компьютерлік ойын жасау ісінде табысты емеспіз. Білетіндер Қазақстанда жасалған ойынның саны онға да жетпейтінін айтады. Ұзаса 6-7 ойын ғана жасалған. 2009 жылы «AstanaRacer» деген ойын шыққан. Бұл ойын қазақстандықтар жасаған алғашқы жарыс симуляторы еді. Ойынды «ARTA» компаниясы жасады. Бірақ бұл ойын коммерциялық тұрғыда өзін-өзі ақтамаған. Компания ойынға кеткен 7,5 млн теңгені толығымен қайтарып ала алмаған. Одан кейінгі ойын «Динаның хикаясы» деп аталған болатын. Оны «Sanasoft» компаниясы жасады. Мектеп жасына жетпеген балаларға арналған ойынның сюжеті Бәйтерек пен Самұрық аңызының желісіне құрылған еді. Бірақ компания 1000 диск қана шығарды. Бұл ойынның да нарықта сұранысқа ие болғанына күмән басым. Табысты болса жұрт атын еститін еді. Оны ешкім білмейтін болып шықты. Жалпы, компьютерлік ойындар жасау идеясының біздің елде айтылып жүргеніне біраз жыл өтті. Түрлі стартап байқауларда ойын жасайтындарын, сол арқылы табысқа кенелетіндіктерін айтып, гранттар ұтып алғандар аз болмаған. Бірақ жарқ еткен дүние көрмедік. Әрі отандық компьютерлік ойындардан жаңалық күту де қисынсыз. Өйткені көбі дүниеде бар ойындардың атын өзгертуден әріге аса қоймайды. Мәселен, «Тамерлан: апокалипсис» пен «SuperBaiga» деген ойындар – соның дәлелі. Ал «AngryAssyk» деген ойын шығатыны туралы 2013 жылы айтылған. Сол жылы атышулы «AngryBirds» ойынына ұқсаған ойын жасалып жатқаны туралы масс-медиа жарыса жазған еді. Алайда «AtamekenStartup» конкурсында таныстырылып, құны 24,6 млн теңгеге бағаланған ойын әлі жоқ. Ойын авторлары жым-жырт әзірге.

Киберспорт: спорт деуге келісесіз бе?

Иә, сөз басында киберспорт туралы бірер ауыз сөз айтқанбыз. Компьютер ойындарын тек демалыс ретінде ғана емес, спорт деп бағалайтындар бас қосатын сала бұл. Тіпті сол арқылы табыс тауып жүргендер де бар. Бірқатар қазақстандық командалар ірі халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Кей жарыстың жүлде қоры да қомақты. Мысалы, өткен жылы «Dota 2 The International – 2016» жарысының жүлде қоры 20 млн 770 мың 460 долларды құрады. Жеңімпаз команда 8 млн доллардан астам табыс тапты сол жарыста. Мұндай жүлде қоры бар спорт та сирек. Тек теннис турнирлерінде ғана жүлде қоры киберспорттан асып түсуі мүмкін. Өзгелерінің жүлде қоры оған жетпейді. Тағы бір мысал, 2014 жылғы әлем чемпионатында жеңімпаз болған Германия командасы 35 млн долларға ие болды. Командадағы әр адамға 408 мың доллардан тиген. Ал «Dota 2» чемпионатында жеңіске жеткен команданың әр ойыншысына 1 млн 600 мың доллар бұйырыпты. Осыдан кейін киберспорт саласына қызығатындарды да түсінуге болатын сияқты, яғни көзін тапқанға бұл сала табысты. Айтпақшы, киберспорт жарыстарын ұйымдастырумен біраз жыл айналысқан Артем Одинцов елімізде «Dota 2» ойынын ойнайтындардың саны 90 мыңнан асатынын айтады. Ал «Wargamıng.net» компаниясының арнайы жобалар кураторы Константин Никифоров тек танк ойынын ойнайтын қазақстандықтар саны 1,5 млн адам деп есептейді. Енді оған өзге ойындарды қосыңыз. Сонда шамамен 2 млн-ға жуық қазақстандық компьютерлік ойындарға әуес деген сөз. Демек, одан сақтануымыз керек пе, жоқ әлде оны да өз пайдамызға жаратқанымыз дұрыс па?!

Партадағылар «онлайн»

Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін смартфон қарайтыны жасырын емес. Бұрын жылаған балаға емізік берсек, бүгінде қолына телефон ұстатамыз. Демек, баланы телефонға телміруге өзіміз бейімдеп жатырмыз десем артық айтқандық емес. Ал мектеп жасындағы балалар әрқашан «онлайн». Техниканың дамыған заманында интернет желісін пайдаланбайтын бала жоқтың қасы. Түрлі гаджеттердің бала омыртқасының дамуына, көру қабілетіне, психикалық және толығымен физикалық денсаулығына тигізетін зияны туралы бәріміз білеміз. Сондықтан баланы интернеттен қалай алыстатуға болады деген сұрақ көптің көкейінде.


«IHSMarkit» зерттеу компаниясының деректері бойынша 2 жылдан кейін әлемде смартфонды белсенді қолданатын адам саны 6 миллиардқа дейін жетеді. Бұл дегеніміз, әлем халқының 75 пайызы смартфон қолданады деген сөз.


Смартфон неғұрлым көп болса – интернетте де материал саны артады. http://www.internetlivestats.com/сайтында интернетте болып жатқан оқиғалардың бір секундтық санағы жүргізіледі. Осы ресурстың деректері бойынша интернетте қазірдің өзінде шамамен 1,9 млн сайт бар. Әр секунд сайын адамдар «Instagram»-да 849 фотосурет жариялап, «Youtube»-да 74 мың бейнеролик қаралады екен. Бұл статистиканың ішінде сіздер мен біздердің балаларымыз да бар. Мамандардың айтуынша балалармен жақсы қарым-қатынас жасау арқылы олардың интернетке деген тәуелділігін жоюға болады екен.
– «Касперский зертханасы» екі жыл бұрын халықаралық зерттеу жүргізіп, интернет пайдаланатын балалардың мінез-құлқын зерттеді. Нәтижесінде, ресейлік балалардың жартысынан көбі желідегі белсенділігін жасыратыны анықталған. Бұл зертеуде балалардың 92 пайызы жасөспірімдер жасына сәйкес келмейтін материалды қарайтынын анықтаса, қалғандары бейтаныс адамдармен сөйлесіп, кибербуллингке қатысатындығы белгілі болған. Алғашқы реакция әрине, интернетке кіруге тыйым салу. Бірақ тыйым әрдайым қорғауды білдірмейді. Ол керісінше баланың қызығушылығын және әуестігін арттырады. «Касперский зертханасының» зерттеуі бойынша, сауал қойылған балалар мен жасөспірімдердің басым бөлігі ата-аналарымен киберқатер туралы сөйлескісі келетінін жеткізген. Сондықтан балаға интернеттің күнделікті өмірдің бір бөлігі екенін айтыңыз. Онда пайдалы және қызықты, бірақ қауіпті ақпараттың да көп екенін әңгімелеңіз. Әртүрлі мазмұнда (бейне, сурет, мақала) мысалдар келтіріңіз және олар көңіл-күйдің өзгеруіне, өзін-өзі бағалауға, әлемді қабылдауына қалай әсер ететінін түсіндіріңіз. Баламен смартфонды белгілі бір уақытта ғана пайдаланатындығын және тек кейбір сайттарға кіре алатынын келісіп алыңыз. Оның оқу, үй жұмысына көмектесу және т.б. міндеті барын түсіндіріңіз. Интернетте не істей алатынын, ненің қауіпті екенін талқылаңыз. Мысалы, жеке деректерді (телефон нөмірі, мекенжайы, фотосурет, жеке парақ паролі, PIN-код және т.б.) бейтаныс адамдарға бермеуге, виртуальды танысу арқылы кездесуге баруға болмайтынын, алаяқтық қатерден аулақ болу үшін баннер мен қалқымалы терезені басу керексіз екенін түсіндіріңіз. Әрбір бала ерте ме, кеш пе әлеуметтік желіде тіркеледі. Оған виртуальды дос болуға тырысыңыз. Балаңыздың жариялаған материалын, қызығушылығын қадағалаңыз, бірақ барлығына лайк басып, оны үнемі бақылап отыратыныңызды көрсетпеңіз. Әлеуметтік желідегі қауіп және виртуалды кеңістіктегі мінез-құлық ережелері туралы әңгімелеп беріңіз, – дейді балалар психологі Әйгерім Нысаналиева.

Түйін: Қорыта айтқанда, компьютерлік ойындар баршамыздың өмірімізден өз орнын алып үлгерді. Біреу ойнап текке уақыт өлтірсе, тағы біреулер қалтасындағы қаржысын салуда. Үшінші біреулер оны кәсіп ретінде бағалайды. Өзгелерге қарағанда жетік ойнайды, сол арқылы ақша табады. Тағы біраз азаматтар ойындарды өздері жасап, кәсіп қылғысы келеді. Киберспорт және компьютерлік ойын тақырыбы сан қырлы. Бірақ белгілі бір жайт – оған қызығатындар көп. Біз киберспорт турнирлерін тамашалауға жиналған жанкүйердің Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын толтырғанын көргенбіз. Ал Оңтүстік Кореяда алып футбол стадионын толтырған жанкүйерлер де болды. Киберспорт турнирлерінен атақты BBC телеарнасы да трансляция жасап жүргенін ескерсек, түбі осы сала озатын шығар, кім білсін?!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.