Қалалық қоғамдық-саяси газет

Онлайн-оқу кезінде қалай эмоционалдық шаршаудың алдын алу керек? Психолог кеңестері

0 162

Психология ғылымдарының кандидаты әрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, психикалық денсаулық РҒПО психологы Сандуғаш Құдайбергенова ата-аналар мен мұғалімдерге онлайн-оқу кезінде эмоционалдық шаршаудан құтылу жолдарын айтып, кеңес берді,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Психолог эмоционалдық тұрғыда шаршауды азайту үшін тайм-менеджментті сақтап, күн тәртібін реттеу керегін айтады. Сонымен қатар, базалық физиологиялық қажеттілік, оның ішінде, ұйқы, тамақтану және демалысты реттеу керек.

Одан бөлек, психолог әрбір ата-анаға басымдық беру керегін айтады. Егер онлайн-оқу кезінде балаға қолдау қажет болса, басқа жұмыстарын екінші орынға қою керек.

«Егер баламның мектептегі үлгерімі мен үшін ақша табудан да маңызды болса, өзіміз туралы айтар болсақ: мен ақшаны азырақ табуды таңдап, жұмысқа аз уақыт жұмсаймын, есесіне баламның үлгерімі жақсы болуына атсалысамын», – деп мысал келтіреді психолог. 

Мамандар көмегіне жүгіну. «Егер ата-ананың қалтасы көтерсе, әрине, үйретуші жалдауға болады. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсініп алу керек: проблема баланың білімінің таяздығында ма, әлде балада ынта болмауында ма? Егер бала қаламаса, оған 10 үйретуші жалдасақ та оқымайды. Ынта – мектепте бала мен мұғалімнің әңгімесі, баланың «оқығысы келмеуінің» себебін анықтау», – дейді Сандуғаш Құдайбергенова.

Онлайн-оқу кезінде жүйкенің тыныштығына себеп болатын тағы бір жақсы құрал, психологтың айтуынша, алдағы жұмыстар тізімін жасап, ереже қалыптастыру. Маманның сөзінше, ережелер қысқа әрі түсінікті жазылған жағдайда орындау оңайырақ.

«Баламен қалай сөйлесетініңізге мән беріңіз. Кішігірім ереже болса да сақталсын. Бала біз оған ақыл айтқанда емес, нақты қадам туралы айтып, ұсыныс жасағанда оқиды», – дейді психолог.

Отбасы мүшелері арасында жауапкершілік пен міндетті бөлу. Сандуғаш Құдайбергенованың сөзінше, жанұяларда жауапкершілік анасына көбірек артылады. Сондықтан баланың сабақ оқуы да, үйге байланысты басқа да міндеттер де аналардың мойнында болады. Міндеттерді дұрыс бөлген жағдайда эмоционалдық тұрғыда шаршаудың алдын алуға болады.

Психолог бала бір жыл онлайн оқығаннан кейін нашар нәтиже көрсетіп жатса, ата-ана өзін кінәламау керегін айтады.

«Ата-аналар көбіне өзін кінәлап жатады. Жауапкершілік бәліші деген әдіс түрі бар, ол сен қаншалықты кінәлі екеніңді және ол басқаға қаншалықты тәуелді екенін анықтауға көмектеседі. Ол жағдайға әділ түрде талдау жасап, жауапкершілік тек бір адамға байланысты емес екенін, оған әсер ететін нақты жағдайлар барын түсінуге мүмкіндік береді», – дейді психолог.

«Мен әрекетімнің себебін түсінсем, ашу мен қызбалық барынша аз болады. Оған балалар да, біз де кінәлі емеспіз, солай болып қалды. Дүние жүзіндегі жағдай осы. Оған жағдай да, интернеттің дамуы да кінәлі», – дейді маман.

Психологтың айтуынша, адам эмоционалдық тұрғыда шаршаған кезде стресс пайда болады. Бұл кезде жағдайды бақылауға алатын копинг-стратегия (яғни стреске үйрену – еск.) қосылады.

«Мысалы біреу отырып жылайды, біреу өзіне іштей жейді. Өзіңіз сенім артатын адамдармен – жанұяңызбен, достарыңызбен бөлісуге болады. Жалпы өзіңізге ұнайтын нәрсе, неден рахат алатыныңыз туралы, өзіңізге сол нәрсемен айналысуға кішкене болсын мүмкіндік беру», – дейді психолог.

Сонымен қатар, психолог аналар эмоционалдық тұрғыда шаршаудың алдын алуы маңызды екенін айтты.

«Өзіне қарап, мониторинг жасап, бұған дейін болған өрескел жағдайлардың алдын алу керек. Егер сол толқын басталып кетсе оның жолын кесу керек. Мысалы қыдыруға шыққанда құрбымызға хабарласып, бір нәрсеге ойың кетуі. Біз бір жұмысқа қарай алмайтындай жағдайға жеткенде жақындарымызға айғайлай бастаймыз ғой. Яғни сондай кездерде ескерткен дұрыс. Жақындарымыздан, достарымыздан, тіпті мамандардан көмек сұрауға ұялмауымыз керек. Сонымен қатар, позитив сәттерге ауысуға тырысу керек. Иә, басында қиын болуы мүмкін, бірақ ол әдетке айналуы керек», – дейді психология ғылымдарының кандидаты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.