Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Омикрон» жаңа штаммына дайынбыз ба?

0 454

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тағы бір штаммын қауіпті деп таныды. Бұл жаңалық қаржы биржаларындағы бағаны түсіріп, сондай-ақ көптеген мемлекет шетел азаматтарын елге кіргізу шарттарын өзгертіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. «Омикрон» деп аталған бұл штамм туралы дерек аз, бірақ мамандар мутацияның ауқымы елеулі дейді. Бұл штамм адам ағзасы үшін қаншалық қауіпті?

B.1.1.529 штаммы Оңтүстік Африка Республикасынан, 9 қараша күні алынған сынамадан анықталған. 24 қарашада ел Үкіметі ДДСҰ-ға жаңа штамм жөнінде баяндаған. Ұйым жанындағы арнайы кеңес (TAG-VE немесе Technical Advisory Group on SARS-CoV-2 Virus Evolution) екі күн ішінде бар ақпаратты саралап, ДДСҰ-ға мутацияны «алаң тудырған штамм» деп атауды ұсынған.
«Reuters» агенттігінің жазуынша, омикрон әзірге оннан астам елден анықталған. Олардың қатарында Оңтүстік Африкадан бөлек, Австралия, Бельгия, Ботсвана, Ұлыбритания, Дания, Германия, Гонконг, Израиль, Италия, Нидерланды, Чехия, Франция және Канада елдері бар. Ал күні кеше елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ер адамның осы штаммды жұқтырғаны белгілі болды. Соңғы күндері еліміздің бірнеше аймағында жағдай нашарлап, вирус жұқтырушылардың саны бірнеше пайызға артып отыр. Тіпті «қызыл» аймақта тұрған Нұр-Сұлтан қаласының қатарына Шымкент шаһары қосылған. «Сары» аймаққа Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары енсе, қалған өңірлер «жасыл» аймақта тұр.
ДДСҰ жаңа штаммның иммундық реакцияны айналып өтіп, жұқпалығы жоғары болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ұйымның сөзінше, індет ошағы қай жерден шығатынына қарай аурудың ауыр салдары болуы мүмкін.
ПТР-тесттер жаңа штаммды анықтай береді, бірақ оның дәл осы омикрон екеніне көз жеткізу үшін қосымша зертханалық талдау қажет. Мамандардың айтуынша, омикронның жағдайында ПТР-тесті көздейтін үш геннің бірі (S гені) көрінбейді, осыны маркер ретінде қарастыруға болады.
Өңірде «Омикрон» штаммының жаңа толқынына дайындық шаралары бойынша, облыста төсек-орындары 3 сценарийге (жасыл, сары және қызыл) сәйкес дайындалуда. Жасыл сценарийде жалпы 1 200 инфекциялық, оның ішінде 145 реанимациялық төсек-орын бар. Сары сценарийде қосымша 300 инфекциялық, оның ішінде 30 реанимациялық төсек қойылған. Қызыл сценарийде қосымша 1 260 инфекциялық, оның ішінде 126 реанимациялық төсек- орын жұмылдырылатын болады.
Оған қоса «Омикрон» штаммының эпидемиологиялық жағдайы ушығар болса, қосымша резерв ретінде 2 000 инфекциялық, оның ішінде 200 реанимациялық төсек-орын дайындау көзделуде.
Жалпы 3 сценарийге 783 дәрігер, 1 566 орта буын қызметкері және 1 566 кіші буын маманы жұмылдырылатын болады. Қажет болған жағдайда қосымша мамандар тартылады.
Облыс бойынша денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5 пайызды құрайды. Дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар және емдеу-диагностикалау хаттамаларына сәйкес қосымша тапсырыс жасалуда.
– «Омикрон» штаммының көбінесе жеңіл түрде өтетіндігін ескере отырып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының дайындығы күшейтілуде. Облыс бойынша барлығы 214 мобильдік бригада жасақталған, қазіргі таңда 164 бригада жұмыс атқаруда, әр бригада да арнайы оқудан өткен дәрігер мамандар бекітіліп, жұмыс жасауда. Эпидемиологиялық жағдай ушыққан жағдайда аудандық, қалалық әкімдік және басқармалар тарапынан мобильдік бригадаларды көлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі туындауы мүмкін, – дейді облыстың бас дәрігері Әсет Қалиев.
Емханаларға «Омикрон» штаммына ұқсас шағымдармен қайырылған кезде арнайы фильтр кабинеттері жасақталған, оның ішін қажетті дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныш құралдарымен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдарда инфекциялық қауіпсіздік және медициналық персоналды қорғау (аймақтарға бөлу, визуализация) шаралары ұйымдастырылған. Ал жұмылдырылатын инфекциялық стационарларда бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.