Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қолтумасы қазақтың жан сырындай

0 3  918

Жалпы қазақ халқының ежелден өнерлі ел екенін әлемнің көптеген аузы дуалы алыптары сан қырынан мойындап, жүрекжарды ой-тілек арнағанын көзі қарақты қауым жақсы біледі. Осы бағытта ой өрбітсек, кәсіпқойлығы кенжелеп жетілген демесек, көркем бейнелеу өнерінің де түп-тамыры тереңде жатқанын даламызда сақталған ескерткіштер айғақтайды.

Қазақтың кәсіпқой көркем бейнелеу өнері ХХ ғасырдың басында Әбілхан Қастеевтен бастау алады. 2024 жылдың алғашқы күні туғанына 120 жыл толған ғаламат суретші кәсіпқой бейнелеу өнерінде өзінің бір халықтың тұңғышы болуына қарамастан, шексіз шеберлігімен осы күнге дейін жұртты таңдандырып келеді.
Қазақстанға келген Италияның қазіргі замандағы атақты суретшісі Ренато Гуттузо Әбекеңнің «Талас алқабы» атты картинасын көргенде: «Біздің суретшілер алыс қашықтықты бейнелегенде екі шақырымдай жерді көрсете алса, мұнда ұшы-қиыры жоқ жүздеген шақырым қамтылыпты», – деп таң-тамаша болған екен. Cуретшіні алыптар қатарына қосатыны да – қайталанбас қолтаңбасы. Ал атажұрты, барша қазақ халқы оны шеберлігімен қатар кедей отбасында өмірге келіп, жастайынан жетімдіктің зарын тартқан батырақ баланың ерінбес еңбекқорлықпен қойшы таяғын еліне мүлде беймәлім қылқаламмен ауыстырғанын қастерлейді, табиғи талантына тәнті болады. Көркем бейнелеу өнеріндегі тұлғаны тұңғышым деп сүйеді.
Болашақ суретші Әбілхан Қастеев жазиралы Жаркент өңіріндегі Арқас тауының баурайындағы табиғаты әсем Шежін ауылында дүниеге келіп, осы ауылда ержетті. Тарихи оқиғаларға толы аумалы-төкпелі заманда байға жалданып қой баққан жетім баланың бойындағы туабітті табиғи таланты буырқанып, сүйектен түйме түйіп, тасқа сурет салып, ауылдастарын таңдандырған. Қашанда жеткіншек бала бойындағы өнерді танып, қадірлеп, қабылдай білген халқымыз еңбекқор, ісмер бозбаланы «алдыңнан жарылқасын» деп ауылынан қалаға аттандырғанда жүздеген жылдар бойы жатжұрттықтардың бодауында жүріп, бұйығыланған қазақ халқы үшін өнердің кенжелеп қалған бүтіндей бір саласын әлем танитындай биікке көтеретінін білмеген де болар.
Тума талант иесі алдымен Жаркент қаласына келіп, қала тіршілігіне бейімделіп, уезд орталығындағы жол жасау жұмыстарына араласады. Бұл Кеңес өкіметі орнығып, шаруасын оңдай бастаған 20-шы жылдардың аяғы болатын. Осы тұста Жетісу жері арқылы Түрксіб теміржолы салынып, оған ел ішінен жұмысшылар шақырылады. Көппен бірге Әбілхан да осы теміржол құрылысына аттанды. Жол құрылысында 3 жыл еңбек етеді. Қолы жұмыстан қалт еткенде сурет салумен машықтанды. Оның шеберлігін байқаған айналасындағылар жас таланттың оқығаны жөн екенін жиі айтатын. Қара тануға, сауат ашуға өз бетімен талаптанып, білгендерден ерінбей үйреніп, сауат аша бастайды. Түрксіб түйіскеннен кейін құрылыс басшыларының қамқорлығымен жасы 20-дан асып кеткен Әбілхан алғаш рет Алматыдағы №2 мектеп партасына отырады. Зіңгіттей жігіттің өзінен әлдеқайда кіші балалармен оқуы, әрине, өзіне де, өзгелерге де оғаш көрінгені анық. Осыны ескерген қалалық оқу бөлімінің басшылары Қазақстанға келіп, алғаш рет суретшілер студиясын ашқан Н.Г.Хлудовтың қамқорлығына тапсырыпты. Сурет салуға құштар жас қазақ баласы бейнелеу өнерінің әліппесін осы кісіден үйренеді. Бұл студияда ол 2 жыл сурет өнеріне машықтанады.
Әбілханның «Қазақ кемпірі», «Кесте тігу», «Тігінші», «Қойшылар», «Көкпар» сынды тырнақалды туындылары ұстазына үлкен әсер беріп, шәкіртінің Мәскеуге барып білімін жалғастыруына қамқорлық жасады.
Әбілхан Қастеевтің бастапқы шығармашылық кезеңінде салған картиналарында дала мен ауыл иісі аңқып тұрды. Оларды көрген жан көзайым ләззатқа бөленді. Сондықтан болар, Мәскеудегі Н.Крупская атындағы көркемсурет студиясының кешкі бөлімін тәмамдаған орта білімді суретшінің «Мектепке», «Түрксіб түйіскенде», «Қарындастың портреті», «Шөп шабу», «Бие сауу», «Қыз ұзату» сияқты жұмыстары жоғары бағаланып, 1937 жылы Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады. Ал 1942 жылы Алматыда жалпы шығармашылығының 15 жылдығы атап өтіліп, ол «Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері» атағын алды. 1944 жылы өнерге сіңірген еңбегі мен Амангелді Имановтың бейнесін жасағаны үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, сол жылы «Қазақстанның Халық суретшісі» деген атақ еліміздегі суретшілер арасында тұңғыш рет Әбілхан Қастеевке берілді.
Бұл атақ Әбекеңе әбден лайық еді. Өйткені қандай картина салса да, туған халқының мінез-құлқын, әдет-ғұрпын, ұлттық нақышын, шынайы бейне-бітімін шеберлікпен көрсете білді. Бұған мысал ретінде бірер еңбегін талдасақ, суретшінің алғашқы қалыптасу кезеңінде 1930 жылы салынған «Мектепке» атты картинасын қараңызшы. Ондағы адам келбеті, қазақи киім үлгісі, қимыл-қозғалысы қандай нақты! Қара камзол киген қыздың омырауындағы қатар-қатар түймелер, сылдырмақты әшекейлер аса сүйіспеншілікпен бейнеленген. Картина композициясының ортасындағы қыз баланың қолындағы кітап, 30-шы жылдардағы қазақ жастарының сауат ашу мектебіне беталысын көрсету арқылы сол кезеңдегі қоғамдық өзгерістерді меңзейді.
Дарынды суретші Ә.Қастеев халқының адал, ұлтжанды ұлы бола білді. Ол аңызға айналған талай адамның бейнесін айнытпай салды. Ел жігері мұқалған Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында халқының ерлік рухын көтеруді ойлаған суретші қысы қақаған Торғай даласына барып, ел ішінен Амангелді батырға ұқсайтын жандарды іздеп тауып, онымен бірге жүрген көнекөз сарбаздарынан дерек жинап, қазақ даласындағы көтеріліс көсемінің бейнесін сомдады. Амангелді Имановтың портретін көрмеден көрген Әліби Жангелдин: «Мына суретке қарағанда досымды еске аламын. Кел, бауырым, құшағыма қысып, сүйейін. Әкел қолыңды, бәрекелді, досымды іздеп таптым. Басқалардан гөрі сенің Амангелдің көзіме оттай басылды», – деп суретші еңбегіне жоғары баға беріпті.
Тағы бірде Әбілхан Қастеев жыр алыбы Жамбылға Абайдың жас кезіндегі портретін салып, апарып көрсеткенінде, Алғадайынан айырылып мұң басып жатқан 99 жастағы ақын қария басын көтеріп:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың келбетіне, – деп толғай жөнеледі.
Суретшінің еңбектеріндегі өрнекті нақышты, қанық бояулары мен ұлттық ұстаным үрдістерін жан-жүрегі халқым деп соққан дарындар айнытпай аңғарды. Кезінде де, кейін де лайықты бағаларын берді. Солардың бірі, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің: «Қазақты танығың келсе, Әбілхан Қастеевтің суреттерін көр, Әміренің әнін тыңда», – дегені бар. Әлемдегі екі саяси жүйенің арасында қырғиқабақ соғыс меңдеп тұрған 1962 жылы мұхит асып Мәскеуге, Алматыға келген Американың әлемге әйгілі суретшісі Рокуэлл Кент Әбілхан Қастеев картиналарына тәнті болып, солардың арасынан Алатау аясындағы күміс алқа іспетті әсем «Медеу» деп аталатын суретіне қолқа салыпты. Айта берсек, Әбекеңнің талантына тәнті ететін мұндай мысалдар аз емес.
Қазақ бейнелеу өнерінің дарабозы Әбілхан Қастеевтің суреттері тек еліміздің көрмелері мен мұражайларында ғана емес, Америка, Мексика, Бразилия, Канада, Франция, Венгрия, Болгария, Үндістан, Индонезия, Италия сияқты бейнелеу өнерін қастерлей білетін елдерде басқалардан бұрын танылды. Суретші бар өмірін Қазақстан бейнелеу өнерін дамытуға жұмсады. Он жылға жуық Қазақстан Суретшілер одағын басқарды. Тіршілігінде шаршамай-талмай атқарған еңбегінің нәтижесінде 200-ден астам ірі-ірі көрмеге қатысты. Оларда қылқалам шеберінің еңбектері жоғары бағасын алды. Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қазақстанның Халық суретшісі Ә.Қастеев «Октябрь революциясы», екі «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне тақты.
Халық суретшісінің 100 жылдық тойын ЮНЕСКО пәрменімен дүниежүзінің өнер сүйер халқы атап өткен болатын. Осы мереке үстінде 2004 жыл жазда Жаркент қаласында «Әбілхан Қастеев көркемсурет галереясы» салтанатты жағдайда ашылып, өнер шаңырағы содан бері өңірдегі өнерлі жастардың талпынысына демеу болып, жыл сайын бірнеше мәрте өткізілетін жас суретшілер көрмелерін ұйымдастыру арқылы таланттарының ұшталуына игілікті ықпал жасап келеді.
Әбілхан Қастеевтің немере қарындасы Қализа Нұрғазықызы суретшінің сүйікті ісі жайлы ауылдағы оқушылар мен жастарға көптеген естеліктер айтады. Соның бірін Қализа Нұрғазықызының өз аузынан естідік.
– Мен 1965 жылы мектепті тәмамдап, Алматыдағы медициналық училищеде оқығанымда, Әбілхан әкемнің үйінде тұрдым. Бұл кісінің ең сүйікті ісі – сурет салудан кейін гүл баптау болатын. Үйінің ауласына райхан гүлін сәндеп өсіріп, босаса болды, қолына қайшысын алып, гүлдерін бұтап, түбін қопсытып, шөбін отап жүруші еді. Өте қарапайым киінетін. Үйге келген танымайтын адам оны қызметші екен деп қалып, «Әбекең үйде ме?» деп өзінен сұрағанына сан мәрте куә болдым, – дейді ол.
Аудан азаматтары өз қаржыларына осыдан 20 жыл бұрын Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық тойы қарсаңында Шежін ауылының іргесінен ашық аспан астындағы этникалық парк жасаған болатын. Оған үлкен тастар әкелініп, Әбекеңнің «Түрксіб түйіскенде», «Мектепке барған қыз», «Ана», «Сағымбек Құсықбаевтың портреті», тағы басқа атақты картиналары мүсінші қолымен көшірілген. Сонымен қатар мұнда Әбекеңнің түп атасы Елшібек бабаға кесене, XVII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында ерекше ерлік көрсеткен Бағай батырға ескерткіш қойылып, ауылдың Екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болған және 30-шы жылдардағы қуғын-сүргін көрген азаматтарының есімі жазылған ескерткіш тақта жасалды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.