Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ол керемет жан еді ғой

0 222

Ол ішіндегі ауыр мұңдарын кез келген адам түгілі досы – біздерге де білдірмейтін…
…Сәуір айында зейнетке шығып, Бөкеңнен жұмыстан кететінімді, жастарға орнымды босататынымды айтып, рұқсат сұрағандай болдым…
– Әбеке, сенің бұл өтінішіңді жақсы түсініп отырмын, сен кетсең, мен кетсем, мына жастарға кім жол көрсетіп, ақсақал болып ақыл айтады? Бұларға қазір үлкендердің жүріп өткен өнер жолы жайлы тағылымды әңгімелер айтатын қариялар өте қажет… Үлкендерсіз жастар қалың тұман ортасында жүрген жандай емес пе, досым?! Алла бұйыртса, мен келесі жылы зейнетке шығам. Сол кезде тағы бір әңгімелесерміз. Мен доссыз мұнда жалғызсырап қалмаймын ба? Сол жағын сен ойладың ба? – дегені.
Досымның осы әңгімесі маған кәдімгідей ой салды. Мен сахнадан кетпеуге Бөкеңе сөз бердім сол жолы.
…Туған жерден бір кездері жырақтау жүріп, елді сағынып келген кездерімнің бірінде Болатқа «Туған жер» туралы өлең жазып беруін өтіндім.
– Армысың елім, армысың аймақ!
Қабыл ал, бейбақ – ерке едім.
Желіккен едім, жел айдап бейуақ,
Желпілдеп кеткен желкенім…
Армысың, елім, қанайын аунап,
Мейірімге, байтақ, иен тегін… – деп басталатын сағынышқа толы тараздық сазгердің ән-толғауы осылай өмірге келіп еді сонда. Одан кейін де «Өмір», «Достарым» деген терең мәнді әндерді бірлесе отырып жазып едік.
Дүкенге соқсам, ылғи да досыма арнап оттықтың неше түрін сатып алатынмын. Мұндайда: «Жанам деген жігітке от беремін» деп жатыр Әбекең», – деп әзілдеуші еді, жарықтық!
Ауырып, қиналып жүрген кездерінің өзінде: «Жай, «укол» алайын деп жатырмын», – деп маған жалған айтып жүргенін мен кейін білдім ғой. Кетеріне аз-ақ күн қалғанда мен жары Жалғатқа хабарласып, досыма барып, көңілін сұрап қайтуымды ескертуін өтінген едім. Өзінің халін көріп, қиналып қалатынын ойлады ма екен, мен онымен «хош» десе алмай қалдым… Тек телефонымда Болат досымның өзара сөйлескен жылылыққа толы, кісіні өзіне баурап алар әңгімесі ғана қалыпты…
Ал мен досымды тағы кездесіп қалардай дүкенге кірген сайын соған арнап оттық алуымды тоқтата алар емеспін. Бір ауылда тұрдық. Бір мектепте оқыдық. Оқу орнында бір бөлмеде жаттық. Жарты нанды бөліп жедік… Ал сенің жеке телефон нөміріңді өшіріп тастау менің қолымнан келмейтін іс, Бөкебай! Бақұл бол, досым деуге аузым барса да, басқаға оны қия алар емеспін…

Әбиірбек ТІНӘЛІ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.