Қалалық қоғамдық-саяси газет

Округтердегі олқылықтар қашан түзеледі?

0 832

Бүгінде Тараз қаласы кеңейіп, тұрғындардың да саны артуда. Бұл өз кезегінде шешімін күттірген мәселелер тудыруда. Әсіресе аумақтық округтердегі түйткілдер күн тәртібінен түспей тұр. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы аумақтық округтердегі ахуал жіті қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Аймановтың айтуынша, қазіргі таңда шаһардағы 11 аумақтық округте 25 өзекті мәселе туындап отыр екен.
– Қордаланған мәселелердің 2-і шлюздар бойынша болса, 8-і жол жөндеу, 3-і су, кәріз жүйесі және 3-і тал кесу мен бұталау бойынша қалыптасып отыр. Одан бөлек, лоток орнату және арық су мәселесі бойынша – 3, түнгі шамдар орнату бойынша – 1, аялдама орнату бойынша – 1 және қоқыс мәселесі бойынша 4 сауал туындауда. Қазіргі таңда көтерілген мәселелердің 8-і шешімін тапса, қалған 17-сі орындалу барысында, – деген бөлім басшысының міндетін атқарушы әр округ бойынша шешімін күткен мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Мысалға, Бөлтірік шешен көшесінің 3-бұрылысы мен Е.Ниетқалиев көшесінің қиылысындағы «Үшбұлақ» каналының шлюзін «Сұңқар» мекемесі қалпына келтіреді. Сондай-ақ қазіргі таңда мердігер «Абди Строй» мекемесі тарапынан Тараз қаласындағы көпқабатты үйлердің аулалары мен кіреберіс жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде («Аса», «Жансая», «Мыңбұлақ», «Алатау» шағынаудандары). Құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында «Астана» ықшамауданының кіреберіс жолдары жөндеуден өтеді.
– Тағы бір атап өтері, «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамту қолға алынған болатын. Бұл жұмыстардың мердігері ретінде «Сауда Сервис» серіктестігі танылған. Алайда бүгінгі таңда сот процестері жүріп жатқанына байланысты жұмыстар тоқтап тұр.
«Қайнар» алқабы көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары су құбыры толығымен жүргізілген соң қарастырылады деп күтілуде, – деген Д.Айманов округтердегі өзге мәселелер бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы әр округ инспекторынан жеке-жеке жауап алып, тапсырмаларын жүктеді. Шаһар басшысы округтердегі санитарлық тазалық жұмыстары, жарық, жол, тұрғын үй құрылыстары мен тал кесу сынды тірліктерде олқылықтар көп орын алып жатқанын ашып айтып, жауаптыларға келеңсіздіктерді жақын арада қалпына келтіруді міндеттеді. Ең бастысы, шаһар басшысы округ инспекторлары өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін қатаң ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.