Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ойықтың оғланы

0 655

Туған жері Ойық қандай киелі,
Жатыр сонда бабасының сүйегі.
Қара тауды арқа тұтқан халық тек,
Исе басын, Жаратқанға иеді.

Талас қандай таласа аққан кезеңдер,
Аса, Көктал, Тамды ғажап өзендер.
Бұл өлкеден туған талай дарындар,
Бұлақтары сырқатыңды тез емдер.

Билі, Ақкөл, Ақжар, Ащы, Тұздыкөл,
Қара таудан қыран ұшқан құзды көр.
Ойық деген аты ояңдау болғанмен,
Түлеп ұшқан жаны жайсаң ізгілер.

Қанжан әке болған екен мәрт адам
Ер мен Манның түпкі мәні, заты адам.
Ауылында ұлағатты ұстаз боп,
Облыста үздік журналист атанған .

Іні болып Бекжановтай ағаға,
Қалдырмаған арыстарын табаға.
Өзі туған жырламаса өлкесін,
Жазушының басына бақ қона ма?

Ұлылардың ұлағаттап есімін,
Ұмытпайды ұшқан ұя, бесігін.
Бұрын өткен ағаларды ұлықтап,
Кітап жазса, ерлік емей, несі мін?!

Зерделі ердің қолы қашан босаған?!
Бізге ағалар қарауыл ғой тасадан.
Ер еліне тірісінде қадірсіз…
Ал ездерден бір-бір тұлға жасаған.

Елу – ердің жасы емес пе, еңселі,
Өлкетанушы болу ойдың ең шегі.
Димекеңдей біртуарды ұлықтау,
Азаматтық ардың биік өлшемі.

Ғасыр жаса, қасқаюмен Ер-аға,
Ақ батасын берген саған Шер-аға.
Ұлы Баукең мұратындай асқақ бол,
Әрқашан да дайын Сізге төр, аға!

Көгедай Шәмерханұлы,
ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.