Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ойшыл атындағы оқу ордасы

0 227

Абай Құнанбайұлы ғалым, ойшыл, ақын, ағартушы, жаңа ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы, аудармашы және композитор ретінде еліміздің тарихында өшпес із қалдырды. Оның өлеңдері мен прозасында ұлттық сана, тұрмыс, дүниетаным, мінез, жан, сенім, тіл, дәстүр және халықтың рухы көрініс тапты.

Ойшылдың есімімен аталатын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ғасырға жуық тарихы бар. Облыстағы арнаулы кәсіптік білім беретін ең ірі мамандандырылған оқу орындарының бірі. Колледждің тарихы 1920 жылы қазанның бірі күні Шымкент қаласында педагогикалық техникум болып құрылудан басталған. Ғасырға жуық тарихы бар терең тамырлы білім ордасының түлектері – біздің халқымыздың өнері мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан тұлғалар. Олар: ақын Сырбай Мәуленов, көрнекті ғалым, академик Төлеген Тәжібаев, филология ғылымдарының докторы, академик Мәулен Балақаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақыш Әміров, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нығметолла Киікбаев, әдебиеттанушы, фольклоршы Балтабай Адамбаев, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Адибай Табылдиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Мейірхан Қуанышбаев, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, Жамбыл облыстық халық ағарту басқармасының бастығы Жатай Жұмаділов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Арғынбай Бекбосын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, білім беру саласының құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Қалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР білім беру саласының үздігі Тұяқбай Рысбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Лесхан Байсерке және т. б.

Абайдың 175 жылдығына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылу жоспарланғандығы белгілі. Мерейтойға орай еліміз бойынша түрлі форматтағы мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Абайдың 175 жылдығына орай біздің колледжде ауқымды іс-шаралар жоспарланды. Осы жылдың 7 ақпанында Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде колледж ұжымы Тараз қаласының әкімдігімен бірлесе отырып «Ұлы Абай әлемі – халықтың мәңгілік өшпес мұрасы» атты театрландырылған концертпен ақынның мерейтойын атап өтті. Дана Абайдың тау сілеміндей мол мұрасын насихаттау арқылы қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, студенттердің ақын поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілігі мен құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған театрландырылған концертте Абайдың өлеңдері мен қарасөздері оқылып, әндері мен күйлері орындалып, М.Әуезовтің «Абай» спектаклінен үзінді сахналанды.

Уақыттың, қоғамдық сананың өзгергеніне қарамастан, Абай шығармалары оқырмандар үшін өзекті болып қала береді. Оның шығармашылық мұрасы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін байытты. Абай өзінің маңыздылығын жоғалтпайтын халықтың нағыз рухани игілігіне айналды. Осы күнге дейін оның шығармашылығын зерттеумен жер шарының барлық елдерінен ғалымдар, әдебиеттанушылар, лингвистер айналысады. Ұлы қазақ ақыны, ойшыл, композитор, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы студенттердің білімін кеңейту мақсатында колледжде «Әлем таныған Абай» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Ақынның шығармалары ғана емес, сонымен қатар қазіргі уақытта да танымал, талантты және бірегей композиторлардың әндері де орындалды. Кештің ұйымдастырушылары мен қатысушылары Абайдың шығармаларына деген құрмет пен қызығушылық, «бұл ұлы адам – біздің отандасымыз» деп мақтанышпен айтып, сезіне білді, ақынның әділдікке, адалдыққа, парасаттылыққа шақыратын еңбектері де таныстырылды.
Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына қосқан үлесі мен еліміздің байлығына шек жоқ. Ұлы қазақ ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай колледж студенттері мен оқытушылары «Абай мұрасы – халықтың рухани тірегі» атты Абайдың шығармаларынан үзінді оқу челленджіне де белсенді қатысты. Қазақстандық қоғамды жаңғырту кезеңінде ұлы ағартушының рухани мұрасын зерттеудің маңызы зор.

Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында «Атасы асыл сөздің – ақын Абай» тақырыбында облыстық колледжаралық Абай оқулары байқауы дәстүрлі түрде өткізілуде.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, классик ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттап, ұрпағымыздың рухани болмысын Абай мұрасы арқылы үнемі нәрлендіріп отыру мақсатында колледжде «Абайтану» мұражай-кабинеті ашылды. Басты міндет – Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосып, мұражайда жинақталған кітаптармен, электронды ақпараттық ресурстармен таныстыру.

Абайдың мерейтойлық жылы – бұл мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің, сөз өнері шеберлерінің, шығармашылықпен айналысатын барлық адамдардың, бүкіл халықтың мерекесі. Ұлы ақынның, философтың және ойшылдың бай мұрасы қазақ халқының игілігі болып табылады.

Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Өмірде рухани құндылықтарымызды толықтыру үшін де ұлы хакімді оқуымыз керек. Ақылымыз нұрлы, қайратымыз ыстық, жүрегіміздің жылы болуы – өмірдегі ең маңызды қағида. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы болып қала бермек.

Айдархан БИНАЗАРОВ,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.