Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ойнап жүріп, от баспа!

0 419

Біз өмір сүріп жүрген қоғамымызға дүниенің о шеті мен бұ шетінен қылаң берген жаңа үрдістер, тосын технологиялар, өзгерек пайым мен көзқарастың әсер етіп жатқанын аңғарып-ақ жүрміз. Оның арасында зияны бар, пайдалысы бар, бағамдап шешімін айту әркімнің өз түйсігіне жүктелген. Ал сіз бен біз қоғамға дерт болып жабысқан кесапаттың ертең өз баламыздың етегіне жармасуы мүмкін екенін ойландық па?

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ақырын аңдасақ, абайламай от басудың түр-түрі аждаһадай алдымызды кескестейді. Сондай кесапаттың бірі – ерте жүктілік. Кесапат демей не дейміз? Баланың болашағын, дүниетанымын түбегейлі өзгертіп, психологиялық апатияға ұшырататын жайтты кесапат деудің сөкеттілігі жоқ. Бұл – тек қазақ қоғамын ғана емес, адамзатты алаңдатқан індет. Бірақ біз бұл жағдайға өзіміздің ой дүрбімізбен талдау жасамақпыз.

Деректер сөйлейді
Қазақстандағы аналардың ең жасы 13-те. Бұл – ресми дерек. «Он үште отау иесі» деген өлшем баяғыда ескірген. Өзіңіз ойлаңызшы, мүшелге жаңа толған шағыңызда сіз немен айналысушы едіңіз? Көп болса қуыршақ ойнап, ата-анаңызға еркелеуді ғана білдіңіз. Ал бүгінгі іңгәлаған сәбиін бауырына алған 13 жастағы жасөспірімнің жанарынан нені ұға алар едіңіз? Ең қорқыныштысы, бұл факт дәл біздің шаһарда тіркелген. Ойланбай от басқан балауса қыздардың мұндай халге душар болу себебін бір жақты пайымдау үлкен әбестік. Бұған алып келетін факторлар шаш етектен. Алдымен тәрбие, жастайынан жәбір көру, алдану, тағысын тағы.
Медицинада 18 жасқа дейінгі сәби сүю ерте жүктілік болып табылады. Жүктілік кезінде адам ағзасы әдеттегіден бірнеше есе жылдам жұмыс істейтіні белгілі. Ал 15-16 жастағы жас ағза бұл өзгерістерге төтеп бере ала ма? Бұл сауалға арнайы маман жауап берді.
– Жалпы 16-17 жастағы жасөспірім қыздар бала көтергенде түсік жасатпай, дені сау сәбиді дүниеге алып келеді. Бұл – біздің өңірде байқалған жағдай. Медициналық тұрғыдан алғанда, бұл жаста дүниеге сәби әкелу ағза үшін қауіпті. Құрсақта пайда болған тіршілік иесіне ешқандай қауіп төнбеген күннің өзінде жас ананың дене мүшелеріне зақым келуі жиі тіркеледі, – дейді облыстық перинаталдық орталықтың жүкті әйелдердің патологиясы бөлімінің меңгерушісі Бұлбұл Рахымбекова.
Денсаулық сақтау министрлігі көпшілікке дабыл қаға ұсынған мына дерекке көз жүгіртіңіз. Қазақстандағы 15-19 жастағы жастардың 30 пайызы жыныстық қатынасқа түскен. Ал олардың алғашқы тәжірибесі 14 жаста.

Ұсынылған заң жобасы: кімге зиян, кімге пайда?
Былтыр жыл аяғында осындай деректердің күн санап көбеюіне алаңдаған жауапты сала мамандары 16 жасқа толған бойжеткендердің ата-ана келісімін алмай-ақ түсік жасатуына рұқсат беру туралы ұсынысты қоғам талқысына тастады. Қазақы һәм мұсылмандық ұстанымдармен шектесек, әрине, құрсаққа біткен сәбиді өмірге әкелу уәжіп. Жарық дүниеге келуге оның толық хақы бар. Ал ана сүті аузынан кетпеген балауса қыз ол баланы тәрбиелеуге, бағып-қағуға қауқарлы ма? Бұл сәби оның құрсағына өз қалауынсыз біткен болса ше?
Қоғамның қызу талқысына түскен ұсынысқа Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева айтқан уәж мынадай: «Жасөспірімдер 16 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдай алады. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Қазір аяқ асты бала көтеріп қалған қыздар көбейіп барады. Ал осы заң арқылы жүктіліктің ерте кезеңінде медициналық көмек алуға мүмкіндік беріледі», – дейді маман. Мұндай ұсыныстың салмақты себебі де бар. Жастар арасындағы ерте жыныстық қарым-қатынастың қаупін мына деректер айғақтайды. Мамандардың тексерісінен өткен қыз балалардың 25 пайызында гинекологиялық аурулар анықталған. Кәмелетке толмай жатып балалы болған аналар арасында өлім көрсеткіші 20-30 жастағы әйелдерден 50 пайызға артық. Соңғы жылдары күрт артқан дағдарыс орталықтары мен Аналар үйін паналайтын өрімдей жас арулардың саны да азаймай отыр. Бұл аруын ардақтап, қыз тәрбиесіне ерекше мән берген ұлт үшін де үлкен қасірет. Осындай мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың пайымдауынша, оң босағада отырып, дүниеге сәби әкелген жасөспірімдер көбіне туғандарының қолдауына емес, қудалауына ұшырайды. Сол себепті де орталықтың көмегіне жүгінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл мәлімдемесі заң жүзінде әлі күшіне енген жоқ. Бұл ереженің бекітілуі де екіталай. Алаңдауға негіз көп-ақ. 2016 жылы бір топ халық қалаулыларының сол тұстағы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында бұл жағдайдың ұлттық деңгейдегі мәселе екендігі тайға таңба басылғандай жазылған. «Ерте жүктіліктің пайда болу себептерін зерттеу нәтижелері жасөспірімдер арасында жыныстық қатынастардың басталуы контрацептивтік мәдениеттің төмен және жасөспірімдерге арналған арнайы медициналық, консультативтік, психологиялық қызметтер санының аз болуы жағдайында орын алатынын көрсетті», – делінген хатта. Расында, мемлекетте жасөспірімдердің жүктілігін, түсік жасау, кәмелетке толмаған аналардың өз нәрестелерінен бас тартуын болғызбауға бағытталған бірде-бір бағдарлама жоқ. Кәсіпкерлердің қолдауымен салынған дағдарыс орталықтары мен «Аналар үйі» желісінің жұмыстары құқықтық негізде толықтай қорғалмаған дейді депутаттар.

Әлемдегі ахуал
Жуырда демократияның отаны саналған АҚШ-тың бес бірдей штаты жүктіліктің 6-шы аптасынан кейін түсік жасатуға тыйым салатын заң жобасын қабылдады. Медицина тұрғысынан жүктіліктің 6 аптасында сәбидің жүрек соғысы естіле бастайды. Көптеген кино түсіруші компаниялар дәл осындай заң қабылданған штаттарда түсірілім жұмыстарын жүргізуден бас тартқан. Соңғы жылдары бұл елдегі түсік жасату көрсеткіші тарихи шегіне жеткен. Бүгінгідей ырғақпен біз де АҚШ-тың кебін кимесімізге кім кепіл?! Ал ата-ана рұқсатынсыз 16 жастан бастап түсік жасатуға мүмкіндік беру турасындағы заң қабылданса, ана болу бақытынан мүлде айырылған бойжеткендеріміздің қатары көбеймей ме? Бұл да үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселе. Қай жағынан алып қарасаңыз да, қасіретті тартатын – жап-жас қыздар. Қалай болғанда да түсік жасату немесе жасатпау, заң жүзінде рұқсат беру не бермеу жас сананы психологиялық қысымдардан арашалап қалмайды. Бұл тұста салмақ осындай жағдайды әу баста алдын алуға ықпал ете алмаған ата-анаға түседі. Дәстүріміз бен ой-ұстанымдарымызды қанша алға тартқанымызбен, қоғамда бар келеңсіздікті болдырмау үшін әрбір ата-ана балаға жастайынан дұрыс тәлім беруі керек-ақ. Мойындауымыз керек, ерте жүктілік фактілерінің орын алуына жыныстық тәрбиенің жоқтығы тікелей әсер етіп отыр. Мұндай жауапкершіліктен бас тартқан ата-ана балаға ғаламторды еркін қолдануға мүмкіндік беріп қояды. Нәтижесінде ашық ақпарат көздерін пайдаланған жасөспірімнің сана түйсігі түрлі деңгейдегі деректермен уланады. Маңдайы тасқа соғылған сәтте өткенге опыну кеш болады. Алысқа бармай-ақ, өңірдегі көрсеткішке көз салайық. Соңғы 6 айда Жамбыл облысында 18 ерте жүктілік фактісі тіркелген. Бұл өткен жылғы дәл осы уақыттағы көрсеткіштен 10 адамға аз. Ал 2018 жылы 15 жаста 1, 16 жасында 5 жасөспірім ана атанған. Көрсеткіштің төмендегеніне қол соғып, масайрай алмаймыз. Жүктілікті түрлі дәрі-дәрмекпен тоқтатуды ойға алған жасөспірімдердің де саны артқанын ескерсек, оларға тәрбие беруден бөлек, медициналық консультациялар жүргізу қажеттілігі де туындайды.

Ата-анаға да тәрбие керек
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың оқушылар мен жастар арасында имандылық және жыныстық тәрбиелеудің профилактикалық шараларын жүргізуі турасында және оның нәтижелері бойынша елімізде нақты мәліметтер жоқ. Болған жағдайдың өзінде белгілі бір жүйеге енбеген. Ақсап тұрған тұсымыз да осы. Мектептегі мамандардың қатысуымен ұлдар мен қыздарға бөлек өткізілетін түрлі тәрбие сағаттарының ауыз толтырып айтарлықтай әсері жоқтығын көріп, біліп, түсініп жүрміз. Тәрбиенің талбесіктен екенін, балаға ең алдымен ата-ананың белгілі бір дәрежеде үлгі көрсететінін, бар ғұмырына азық болар тәлімнің қайнар көзі екенін еріксіз мойындау керекпіз. Ал бүгінгі ата-аналарымыздың әрекеті қандай? Әлеуметтік зерттеулер бойынша әлемде кемтар, ағзасында түрлі ақауы бар балалардың дені қолайсыз ортада дүниеге келген. Бала тәрбиесін әлеуметтендіру тек белгілі сала мамандарының тарапынан ғана емес, әрбір ата-ананың тікелей әсер етуімен жүзеге асуы тиіс. Қазақы қоғамда отбасылық институт ұғымы – ертеден тереңге тамыр жайған құндылық. Ғылыми негіздерге сүйенбей-ақ, әр ана немесе бала болашағына жауапты отбасы мүшесі өз перзентінің тәрбиесін әлеуметтендіруі тиіс. Яғни балаға оның жеке индивид екені әрі қоғамда өзінің орны бар екені түсіндірілу керек. Тәрбиенің жоқтығы да – тәрбие. Бірақ қандай? Қараусыз қалған бала әдетте қоғамға өкпелегіш, ашуланшақ, долы болады. Өзіне жетіспеген назарды өзгелерден іздейді. Әсіресе, табиғатынан нәзік келетін қыз балалар үшін бұл өте күрделі әрі ауыр құбылыс. Олардың ата-ана бақылауынан тыс қалып, опық жеп қалуының негізгі себебі де осында. «Қыздың жолы жіңішке» деген аталы сөздің астарын осындайда ұғасыз. Рас, қазақтың данышпандығында сөз жоқ. «Қыз үйде, қылығы түзде» деген тағы бар. Жас арудың қылығы неге түзде болатынын түсіндірдік. Салқын түйсікпен бағамдар болсақ, бүгінгі қоғамда отбасылардың өзін қайта тәрбиелеу қажет секілді. Психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан ата-ана сауатын ашу артық етпейді. Көптің көзі ашылады. Балаға төнер қауіпті ерте кезден алдын алатын әке-шешелердің саны көбейеді. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Тек елімізде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілмей жатқаны жанға батады.

Біз әлімсақтан қыздарына тектіліктің асқан үлгісін дәріптеп, тәлім берген ұлтпыз. Тек ана ретінде ғана емес, шашбаулы арулардың бойына отаншылдық рухты да сіңіре алған халық едік. Қазір кімбіз? Ертең кім боламыз? Екінің бірі Томирис, екінің бірі Бопай болмай-ақ қойсын. Тек қоғамдағы қасіреттің, анасыз балалардың, панасыз арулардың көз жасы мен обалы кімге? Қай жерден мүлт кеттік? Ендігі әрекетіміз қандай? Жауабы тұманды, ертеңі күмәнді тақырыпты тарқата келе шешілмеген түйіннің, қарғып өтіп кете алмайтын тығырықтың көптігіне көзіміз жетті. Тап осы сәтте мәселенің ақ-қарасын ажыратып, ұлт үшін алаңдамайтын халге жету үшін Үкімет нақты шаралар қабылдамаса, ұлттық тәрбиемен ұзаққа бармайтынымызға көзіміз анық жетіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.