Қалалық қоғамдық-саяси газет

Обырға қарсы онкүндік өтуде

0 1  379

Бүгінде онкологиялық сырқаттардың тек қана денсаулық сақтау саласының емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік және экономикалық мәселесіне де айналып отыр. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, облыс бойынша өткен жылы 7777 адам қатерлі ісікпен есепке алынған. Ал биыл алғашқы рет анықталған аурулар саны – 1514, аурушаңдық көрсеткіші – 133,1 адамды құрайды.

Халықаралық обырға қарсы одақ бастамасымен жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аталып өтеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы бойынша 2022 жылы 1-10 ақпан аралығында Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне арналған онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау туралы онкүндік өтуде.
– Облыс бойынша өткен жылы 784 ауру қайтыс болып, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 68,3-ті құрады. 2020 жылы 768 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 67,4-ті түзді. Өлім көрсеткішінің көтерілуі есепте тұрған аурулардың көбеюіне байланысты. Өткен жылы өңірімізде қатерлі ісікпен алғашқы рет ауырған 1514 адамның 57,5 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл осынша науқастың қажетті емді уақытылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін аурудың алдын алу және аурудың ерте сатыда анықтау қажет. Қатерлі ісіктің ерте 0-I сатысында анықталуына келсек, 2021 жылы бұл көрсеткіш 21,9 пайызды құрады. 2020 жылы 21,2 пайызды, яғни осы сатыда қатерлі ісіктен толық емделіп кетуі мүмкіндігі өте жоғары деген сөз, – дейді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлжан Тайтелі.
Тұрғындарға облыс орталығында 160 төсектік, оның ішінде 105 төсек тәуліктік стационар, 55 төсек күндізгі стационар, облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде. Айта кететін жағдай, 2017 жылы қаңтар айынан бастап «Сахпоселок» аумағында 30 төсектік хоспис ашылды. Бұл жалпы ауыр жағдайдағы науқастардың тіршілігін уақытша жақсартуға арналған.
– Негізі, әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны абзал. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден ушыққан кезде айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте I-II сатысында анықталса, тез сауығып кетуі бек мүмкін. Бірақ науқастардың басым бөлігі дерттің ушыққан кезінде, яғни III-IV сатысында ғана емделуге келеді. Скрининг – бұл ауруларды және қауіп факторларын ерте сатыда анықтау үшін дер кезінде емдеу, асқынудың алдын алу мақсатында белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық-медициналық тексерулерден өткізу, – дейді дәрігер Гүлжан Әбдіхалыққызы.

Зере ҚУАНЫШ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.