Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыста 401 отбасы аңсаған сәбиін сүйе алады

0 215

Кез келген отбасының қызығы мен шыжығы – бала. Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Дегенмен мұндай қуаныштың барлық отбасында бола бермейтіні өкінішті-ақ, әрине. Әйел болып жаратылғаннан кейін өмірде баласыз өту ең үлкен бақытсыздық сияқты. Елімізде бір балаға зар болып, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген жандар көп. «Әйтеуір бір баланың иісіне тұшынсам» деген аңсарына жету үшін көбінің бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Кейбіреуі ақыры болмаған соң, үмітін де үзеді. Ал бірі квота арқылы болсын, ақылы болсын ЭКҰ-ға жүгінгенді жөн көреді. Мемлекет басшысының Жолдауы жүктеген «Аңсаған сәби» бағдарламасы биыл іске қосылып, Тәңірден дұға тілеген талай ата-анаға үміт сыйлады.

Статистикаға сүйенсек, елімізде 10 мыңға жуық келіншек бедеулік диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын бұл көрсеткіш көбейіп барады. Осының кесірінен әрбір алтыншы отбасы екіге айырылысуға мәжбүр. Бедеулік бо-йынша ең тиімді емдердің бірі ЭКҰ болып табылады. Елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы сәбилі болу 1995 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында 16 мыңнан астам бала жарық дүние есігін ашқан. Ал мамандардың айтуынша, «Аңсаған сәби» бір перзентке зар болған талай отбасының көмескіленген үміт отын жағып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенер болсақ, өңірде 401 квота «Аңсаған сәби» бағдарламасына берілген. Оның ішінде 133 нәзікжанды бүгінде ана болуға дайындалып жүрсе,  156 келіншектің құжаттары қаралуда. Ал 112 квота теріс нәтиже көрсеткен. Ана болуға дайындалып жүргендердің ішінде төртеуі егіз, біреуі үшем.
– Маман ретінде осы бағдарламаның арқасында квота кезегінде тұрған мыңдаған әйелдің 60-70 пайызына көмек көрсетуге болатынын айтқым келеді. Нәтиже күтетін топқа аналық ұрығы бар әйел, аталық ұрығы бар ер адам жатады. Егер оларда ұрық болмаса, әрине, нәтиже болмайды. Біз маман ретінде болжам жасап, бұл жұптың бала сүю көрсеткіштеріне қараймыз. Мемлекеттік квотаның сұрауы қатты болғандықтан, нәтижесіз топтағы адамды ЭКҰ-ға ала алмаймыз. Онда ақшаны желге шашқандай боламыз. Қазір елімізде ЭКҰ-ға квота беру бойынша біркелкі кезек жоқ. Әр облыстың денсаулық сақтау басқармасы арқылы тізім жасап, жолдаманы бөледі. Тұрғылықты мекенжайы арқылы емханада кезекке тұрып, жолдама алған нәзікжандыға біз қорытынды шығарып береміз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №207 бұйрығына сәйкес хаттама толтырылып, әйелді толық зерттеуден өткіземіз. Еліміз бойынша жұмыс жасайтын біздің медициналық орталықтың Алматы, Шымкент, Тараз филиалдарында тараздық қыз-келіншектер қызмет алуда. Бүгінде саны артқан квотаның келер жылы да жалғасын табатындығы қуантады, – дейді «Экомед Тараз» медициналық орталығының басшысы Перизат Байқошқарова.
Бұл ем-шара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы (18-ден 42 жасқа дейін), қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет. Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық ауытқулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, ем-шараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. МӘМС бо-йынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ ем-шарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ-циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бас-тап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі  Алексей Цой «Facebook»-тегі парақшасында хабарлады. Министрдің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша сәтті жасалған экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) нәтижесінде 15 қазанда алғашқы нәрестенің кіндігі кесілді. Осылайша Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығы елімізде ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың саны 25 мыңға жеткенін мәлімдеді. Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылында тұратын Дана тоғыз жылдан бері бала сүйе алмай, репродуктивті медицина институтына жүгінген. Ол «Жас-Ай» медицина орталығында аға медбике болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Қуандықтың мамандығы – электрик. Жұбайлар ұзақ уақыт бойы қаржылық жағдайына байланысты ЭКҰ жасата алмай келген екен. Ерлі-зайыптыларға «Аңсаған сәби» бағдарламасының квотасы бойынша ЭКҰ көмегімен жүктілікті жоспарлау ұсынылды. Алғашқы талпыныстан кейін-ақ бойына бала біткен Дана қазанның ортасында №1 қалалық перзентханада босанды. Жарық дүние есігін ашқан нәрестенің салмағы – 3,156 келі және бойы – 52 сантиметр. Ал аңсаған сәбидің есімі Арман деп қойылды.
Бұл – сөз жоқ, үлкен бақ пен қуаныш. Арманның бауы берік болсын!

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.