Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс орталығында қоныстой көбеюде

0 502

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында еліміздегі тұрғын үй саясатына ерекше тоқталған болатын.

«Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Президент өз сөзінде.
Расында, бүгінде баспаналы болу әлеуметтік саланың ең басты мәселесіне айналды. Тіпті баспана мұңы қараша халықтың арқасына аяздай батқаны сонша, қазір отау құрған жастар ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде қоныс теуіп, қайда тұрақтарын ойлап, қамығады. Бір ғажабы, кешегі көшпелі елдің ұрпағына ғана тән қасиет бұл.

Себебі ежелден отырықшы елдердің тұрғындары үшін баспананы несиеге сатып алу немесе өмір бойы пәтер жалдап тұру сөкеттік емес, олар тіпті көп уақыт қонақ үйде тұрақтауды бойына ар санамайды. Ал қазақ үшін баспана – «өз үйім – өлең төсегім» ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, әулет айбары – қара шаңырағы, ал қазіргі заманда – әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы, тіпті капиталды көбейтер инвестициясы. Сондықтан да тұрғын үй – әлі талай жыр болар маңызды тақырып. Ол бұрын да солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болады. Ал қолма-қол ақшаға үй сатып алу көпшілік үшін арманға айналған. Себебі тұрғын үй бағасы күн санап артпаса, арзандамақ емес. Қоғамда тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналар тағы бар.
Әрине, мемлекетіміз жүзеге асырып жатқан тұрғын үй бағдарламалары жетерлік. Солардың бірі – «7-20-25» бағдарламасы. Аталған ипотекалық бағдарламаға еліміздің кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болатын адамның өз атында үйі болмауы керек. Ол азаматтың несие тарихына да мән беріледі. Және ипотекалық жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылған болатын. Ол – Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған. Бағдарлама шарты бойынша кредит мерзімі 25 жылға дейін беріліп, бастапқы жарна пәтердің кепіл бағасының 20 пайызын, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7 пайызын құрайды. Аталған бағдарлама аясында Тараз қаласында 2023 жылы 523 пәтер рәсімделген болса, «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі күнге 3 623 пәтерге сатып алуға келісімшарт жасалыпты. Оның ішінде 2023 жылға дейінгі аралықта жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж адам ретінде үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты – «Шаңырақ» бағдарламасы іске қосылып, 751 отбасы баспаналы болған.
Дегенмен биылдан бастап «7-20-25» бағдарламасының орнына «9-20-25» бағдарламасы іске қосылатын болды. «Отбасы банк» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл жаңа ипотекалық бағдарлама жас отбасыларға арналған. Қатысу үшін кезекке тұру шарт емес. Мемлекеттік қызметкер емес, әлеуметтік осал топқа жатпайтын, сондықтан кезекке тұра алмай жүрген жастар тарапынан сұраныс болғандықтан, осы бағдарлама дүниеге келген екен. Банк басшысы еңбек жолын енді бастап жатқан жас отбасыларға осылай қолдау білдіруге бел буғандарын айтып отыр. Әзірге ол бағдарламаның атауы мен 2024 жылдан бастап беріле бастайтыны ғана белгілі. Нақты шарттары жарияланған жоқ. Әйтсе де, шамамен мынадай болуы мүмкін деген болжамдар бар: пайыз мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20%, берілетін максимум мерзімі – 25 жыл.
Сонымен қатар көне шаһарда мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегінде «I, II топтағы мүгедектер», «Көпбалалы отбасы», «Мүгедек бала асыраушы отбасы», «Кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаттарында кезекте тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын, 1,5 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты берілуде. Осы арқылы аталған санаттардағы азаматтарға жалпы құны 4 млрд теңгеге 460 пәтерлі 6 үй берілмек.
Жалпы жоғарыда айтқан табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында бапаналы болған шаһар тұрғындары аз емес. Аталған бағдарламаның игілігіне кенелгендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Айшырақ Әлқуатова. Ол бағдарлама аясында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізген.
– Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Бұл сөздің терең астарын баспанаға жете алмай жүргендер жақсы түсінеді. Өзім көпбалалы әрі жалғызбасты анамын. Талай жыл бір бір тұрғын үйге зар болып, әркімнің жалдамалы пәтерінде күніміз өтті. Пәтер иесі де жыл сайын ақысын көтеретіні тағы бар. Бүгінгідей нарық қос бүйірден қысқан уақытта пәтерақыны төлеп тұру да оңай емес. Бұған ай сайынғы коммуналдық қызметтің ақысы да қосылады. Осы мәселе отбасымызды әбден қажытты. Содан «Отбасы банкінің» Тараздағы бөлімшесіне барып, кеңес алдым. Содан соң бірден банктен депозит ашып, қаржы жинай бастадым. Нәтижесінде, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы былтыр баспаналы болып, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Мемлекетіміздің баспанаға мұқтаж жандар-дың осындай бағдарламалар арқылы үміт-ін жаққанына шынайы алғысымызды білді-ремін. Әр қазақ баспаналы болсын! – дейді көпбалалы ана ағынан жарылып.
Сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдар-ламасы бойынша 2019 жылдан бастап үй кезегінде «Толық емес отбасы», «Көпбалалы отбасы», «Мүгедек бала асыраушы отбасы» санаттарында кезекте тұрған 288 отбасы баспаналы болып отыр. Бұл ретте «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларына бастапқы жарнасы 10% болатын, 1 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты берілуде. Нәтижесінде, 2019 жылы – 24 азаматқа 18 957 867 теңгеге, 2020 жылы – 38 азаматқа 31 865 112 теңгеге, 2021 жылы 20 азаматқа 18 170 460 теңгеге сертификат берілген. Ал 2022 жылы – 10 адам 9 191 158 теңгенің, 2023 жылы 198 адам 200 млн теңгенің сертификатын алған.
Ал 2022 жылдан бастап республика көлемінде біздің өңір екінші болып пилоттық жоба негізінде Жамбыл облысы жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске қосқан болатын. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, бұл бағдарлама жамбылдық талай жастың баспаналы болуына зор көмегін тигізген.
– Аталған жоба басталған жылы бағдар-ламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 млн теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды. Олардың қатарында Тараз қаласынан 35 жас баспана бақытына кенелді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласынан – 18, білім беру саласынан – 10, журналистика саласынан – 3, спорт саласынан – 2, мәдениет саласынан 3 жас үйлі болды. Сондай-ақ өткен жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы көлемі 2 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен болса, 1 млрд теңге «Отбасы банк» тарапынан бөлінген болатын. 2023 жылы өтінім қабылдаудың төрт кезеңі бойынша 677 өтінім қабылданып, комиссия шешіміне сәйкес 226 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді. Ал 451 өтінімнен талаптарға сай келмеуіне байланысты бас тартылды. Берілген 226 жолдама бойынша 82 қатысушы банк іріктеуінен өтпей, 144 азамат тұрғын үй алды. Қоян жылының қорытындысы бойынша көне шаһардан 132 адам баспана кілтіне қол жеткізген. Тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау саласынан – 69, білім беру саласынан – 21, журналистика саласынан – 18, спорт саласынан – 10, мәдениет саласынан – 9 және дін саласы бойынша 5 азамат өз үйінің иесі атанды, – дейді басқарма басшысы.
Әрине, мемлекет тарапынан жастарға үнемі қамқорлық жасалып келеді. «Әулиеата жастары» бағдарламасы – соның айқын көрінісі. Жастарды баспанамен қамтуға арналған жоба өз жемісін беруде. Бұл сөзіміздің айқын дәлелі, №15 «Ұлы дала» ықшамауданынан баспаналы болған, білім саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген Самат Бекболатовпен тілдескенімізде, оған тағы да көзіміз жетті.
– Қазір тұрғын үй тауқыметін тартып, пәтер жалдап жүрген жастар өте көп. Осындай бағдарламалар сол олқылықтың орнын толтырып, көпшілікті шаттыққа кенелтуде. Іріктеуден іркілмей өтіп, баспаналы болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл үшін облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Отбасым да жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатындарына шексіз риза болды. Бағдарламаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін, – дейді қоныстой иесі.
Шынымен де, 2023 жылы көне шаһардың біраз тұрғыны баспаналы болғаны анық. Айталық, қоян жылы Қала күніне орай «Жаңа жай» тұрғын үй кешені пайдалануға берілген болатын. Жаңа, заманауи 7 қабатты тұрғын үйді Ғазизбек Бекбердиев басқаратын «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды. Үйдің жалпы алаңы 17 875 шаршы метр алқапты алып жатыр. Мұнда барлығы 205 пәтер бар. Тұрғындар үшін үйдің астында арнайы көлік қоятын паркинг орналастырылған. Айналасы қоршалып, жаңа үлгідегі балалар ойын алаңы да салынған. Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің ауласында 20х34 көлемді футбол алаңшасы мен 15х15 көлемді «Street workout» алаңшасы да қамтылған екен.
Бүгінгі күнде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151-і барак типтес үй болса, 1 287-сі – екі және одан жоғары қабатты үйлер. Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында, барак типтес үйлерді қоспағанда, 1 227 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтанмахмұт Өтешовтің айтуынша, қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 477 үй күрделі жөндеуден өткізіліп, қалған 626 үйді жөндеу жоспарланып отыр екен.
– Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражатты қоса алғанда 16, 610 млрд теңгеге 477 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы 53 көппәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ол үшін 5, 086 588 млрд теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды. 2024 жылы 30,420 млн теңгеге 52 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін «Күмбез-Тас» ЖШС жобалау-сметалық құжаттарды әзірледі, – дейді Сұлтанмахмұт Әмірұлы.
Оның айтуынша, мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға түгендеу жұмыстарын жүргізу бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Алайда 50 азаматтан аспау лимиттік шектеуі қойылған. Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімін ашық түрде жариялау, электрондық жүйе арқылы қарау және қадағалау үшін арнайы «ZhilFondTaraz» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Бұдан бөлек, кезек тізімі Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылған.
– Сонымен қатар өткен жылы 80,91 млн теңгеге №13 «Бәйтерек» шағынауданындағы коммуналдық меншікте тұрған №36, 37 тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «АКМ Group» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Мердігермен келісімшарт жасалып, жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ өткен жылдың 16 сәуірінде Тараз қаласы, Төле би даңғылы №4 үйдің шатыры өртенген еді. Салдарынан 5-ші қабаттағы пәтерлер зардап шеккен болатын. Осыған орай «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою туралы» қала әкімінің шешімі қабылданды. Қазіргі таңда шатырдың күрделі жөндеу жұмыстары толығымен орындалып, қалпына келтірілген 28 пәтердің кілттері иелеріне тапсырылған. Осындай төтенше жағдайлар есебінен Тараз қаласы, Абай даңғылындағы №170 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн, – дейді С.Өтешов.
Тараз қаласы тұрғындарының саны артуынан тұрғын үй мен жер телімдеріне деген сұраныстың еселеп артқаны бәрімізге мәлім. Осыған орай шаһар аумағындағы алқаптарға инфрақұрылым тартып, оларды тұрғын үй құрылысына дайындау жұмыстары да қарқынды жүруде. Айталық, өткен жылы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқабына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жұмыстары басталған. Ағымдағы жылы аталған тұрғын алқапқа қосымша 30 үй салу жоспарлануда. Сол секілді «Хамукат» алқабын электр және газ желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл мақсатпен «СМУ-Шығыс» ЖШС-мен 675 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен Жиренше шешен жыртық лашығынан аяғы шығып жатып. Сол айтпақшы, тұрғылықты тұрғын жайыңның болғанына не жетсін?! Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай, баспаналы болуға екінің бірінің шамасы келмейді. Сондықтан жұртшылық мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп, сол негізде баспанаға қол жеткізіп жатыр. Мұның өзі елімізде тұрғын үй саясатының жемісін беріп жатқанын айғақтайды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.