Жамбыл облысында 1 қазаннан бастап Ұлттық халық санағының негізгі кезеңі – интервьюерлермен тұрғындардың үйлерін аралау басталды. Бұл жұмыс 30 қазанға дейін жалғасады. Ал 31 қазан мен 6 қараша аралығында 10 пайыздық іріктелген бақылау жүргізіледі,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Талғат Мамаев ӨКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 12 қазан күні өңірде санақ персоналы ретінде 1 239 адам жұмылдырылды, оның 989-ы интервьюер. Олар планшетпен жұмыс істеу, сауал салу жүргізу әдістері бойынша оқыту курсынан өткен.
«Санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап бергендер санақтан өткені туралы хабарламаны көрсетеді. Интервьюер тұрғын үй-жайдағы барлық адамдар санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін, өз учаскесінің келесі мекенжайына барады. Бұл учаскелер халық санағының 1-30 маусым аралығында өткен бірінші кезеңі барысында қалыптастырылған болатын», – деді спикер.
Талғат Шариұлының айтуынша, интервьюерлер халық тұрып жатқан 272 мың тұрғын үй мен тұрғын емес үй-жайларды аралайды. Оларды сыртқы атрибуттарынан тануға болады: халық санағының нышанымен белгіленген көк түсті шарф пен портфель. Сонымен бірге әрбір қызметкер интервьюер фотосуретімен, тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және қолдану мерзімі көрсетілген, аумақтық статистика құрылымдарының мөрі мен қолы қойылған қызметтік куәлікті көрсетуі қажет. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі бар. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады, содан кейін сайттан интервьюердің деректері шығады. Сондай-ақ, интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады.
«Санақ парақтары 69 сұрақтан және 22 нақтылайтын қосалқы сұрақтан тұрады. Орта есеппен, әр адам 50 сұраққа жауап береді. Науқанды өткізу барысында азаматтардан алынған жеке мәліметтердің құпиялылығы толық қамтамасыз етіледі және бюроның орталық серверіне беріледі», – деген ол тұрғындар sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында немесе еgov порталы, Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы онлайн режимінде ағымдағы жылғы 15 қазанға дейін санақтан өтуге мүмкіндігі бар екендігін еске салды.
Брифинг барысында белгілі болғандай, 12 қазандағы жағдай бойынша онлайн санақтан 526 708 адам немесе облыс халқының 45,9 %-ы өткен. Оның ішінде 473 065 азамат sanaq.gov.kz сайтында жауап беріпті, еgov порталында 34 244 адам, тағы 19 399 респондент Aitu қосымшасын қолданып санақ сұрақтарына жауап берген.
«Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Тараз қаласы көш бастап тұр. Қаланың 151 998 тұрғыны санақтан өткені туралы хабарлама алды. Байзақ ауданында 68 018 адам тіркелген. Көшбасшылар үштігін Қордай ауданы түйіндейді. Мұнда халық санағының сұрақтарына 59 505 адам жауап берді. Осы көрсеткіш бойынша Мойынқұм және Сарысу аудандары соңғы орындарға тұрақтады. Бұл өңірлерде санақтан сәйкесінше 15 350 және 21 727 адам өтті», – деді Т.Мамаев.
Егер нақты онлайн санақпен қамтылған халықтың үлесі бойынша есептесек, онда Жуалы ауданы көш бастап тұр екен. Мұнда 80,2 % адам қамтылған. Екінші орында Байзақ ауданы тұр. Мұнда бұл көрсеткіш 61,5%-ға жеткен. Санақ жүргізу кезеңінде Жамбыл облысы бойынша 8 (726 2) 54 51 64 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.