Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі шаһар жұртшылығымен жүздесті

Көптің көкейіндегі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады

0 366

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» ықшамау- данына арнайы ат басын бұрып, құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап тынысымен танысты. Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Жалпы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, ықшамауданда 5 қабатты 150 тұрғын үй, 20 пентхаус, 5 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана және оңалту орталығы салынады деп жоспарланыпты. Сонымен қатар жастар орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық мұрағат, аудандық әкімдік, сот, прокуратура және 20 коммерциялық нысан бой көтереді деп көзделген. Мұнан бөлек тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 10 гектар аумақта саябақ соғылады деп күтілуде. Қазіргі таңда саябақты сумен қамту жұмыстары басталған. Күз айларында саябақ аумағына 5 мың ағаш егіліп, келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталады. 2025 жылы саябақтың құрылысы толықтай бітіп, пайдалануға берілмек.
Ықшамауданның жобасымен танысып шыққан Ербол Шырақпайұлы жолдың жағдайына, тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесіне назар аударды.
– 2015 жылы ықшамауданның құрылысы жоспарланғанда бар-жоғы 60 көпқабатты тұрғын үй соғылады деп көзделген. Алайда қазіргі таңда 150 тұрғын үй салынды. Сондықтан да жылу жүйелерін кеңейту мәселесі туындады. Тұрғындарды толғандырған мәселе бойынша жоба жасалды. Жоба екі кезеңді қамтиды. Жалпы 5 мың шақырым жылу жүйесін кеңейту керек. Өткен жылы жобаның бірінші кезеңі аясында 1 500 шақырым жылу жүйесі кеңейтілді. Биылға 3 500 шақырым жылу жүйесін кеңейту жоспарланған. Алайда өткен жылы республикалық бюджеттен қолдау таппай, келесі жылға қалып отыр. Яғни, алдағы жылы жылу жүйелерін кеңейту жұмыстары толық аяқталады, – деді аймақ басшысының сауалдарына жауап берген Бақытжан Әмірбекұлы.
Мұнан кейін Е.Қарашөкеев құрылысы жүргізіліп жатқан 4 мектепке арнайы барды. Аймақ басшысы қала әкіміне, мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
– «Ұлы дала» ықшамауданындағы тұрғындардың саны күн санап көбейіп келеді. Сол себепті халықтың барлық қажеттілігін өтеу мақсатында кешенді жұмыстар атқаруымыз керек. Бүлдіршіндерді балабақшамен, оқушыларды мектеппен қамту – ең өзекті мәселе. Оқушылар облыс орталығындағы басқа мектептерге сабылып жүрмеуі қажет.
Дегенмен асығыстыққа салынып, сапасына немқұрайды қарауға болмайды. Қандай жағдай болмасын құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы аяқталуы керек, – деді облыс әкімі.
Ал қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда ықшамауданда 4 мектептің құрылысы басталған. Екі білім ошағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Мердігер компаниялардың өкілдерінің айтуынша, білім ошақтарының құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Қолбайлау болып тұрған ешқандай мәселе жоқ.

Сондай-ақ аймақ басшысы бірқатар тұрғын үйді аралап, халықпен кездесіп, пікірлеріне құлақ түрді. Тұрғындар ойын алаңдарының жоқтығын, аулалардағы жолдың тарлығын, жылу жүйесіндегі ақауларды айтып, базынасын жеткізді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған Ербол Қарашөкеев қала әкіміне нақты тапсырмалар берді.
– Көзбен көргеніміздей, балалар ойын алаңшаларының әбден тозығы жеткен. Халықтың сыны өте орынды. Тұрғын үй соғып берумен мәселе шешілмейді. Айналасын абаттандырып, заман талабына сай балалар ойын алаңшалары, басқа да халықтың қажеттілігімен толықтай қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, әр үйдің алдына бір-бір футбол алаңшасын соға алмайтын шығармыз. Бірақ ықшамауданда кемі 5-6 футбол алаңшасын салып, балаларымыздың спортпен айналысуына жағдай жасау – басты міндетіміз.
Одан кейін байқағанымдай, бірде-бір тұрғын үй пәтер иелері кооперативіне мүше емес. Демек, әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Халыққа ұдайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Егер әрбір пәтер кооперативке мүше болса, бірқатар мәселе өздігінен шешімін табатын еді, – деді Е.Қарашөкеев.
Келесі кезекте аймақ басшысы әлеуметтік дүкенге ат басын бұрып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына назар аударды. Сондай-ақ ықшамауданға екі әлеуметтік дүкеннің аздық ететінін, сондықтан санын арттыру керектігін айтты.
«Бүркітәлі» мектебінде «Бурыл» алқабының және «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындарымен өткен кездесуде көптеген мәселелер көтерілді. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған, сұрақ-жауап түрінде өрбіген басқосуда жиырмаға жуық тұрғын сұрақ қойып, оған қала әкімі тұщымды жауаптарын берді.
–Тұрғындардың көтеріп отырған әрбір мәселесі орынды. Дегенмен өздеріңізде күнделікті көріп жүргендей сең қозғалып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы «Ұлы дала» ықшамауданының егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Шешімге сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тоқтаттық. Сөйтіп ықшамауданда салынатын 16 үйдің құрылысын Асанбай Асқаров көшесінің аяғына ауыстырдық. Ал енді босаған 16 үйдің орнына алдағы уақытта ат шаптырым аумақты алатын саябақ ашылады.
Ықшамаудан тұрғындары тарапынан жол мәселесі өте жиі көтеріледі. Биыл мұндағы 4 негізгі көшеге асфальт төселеді. Ең бастысы қаржы мәселесі шешілді. Бір жарым айда құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Осы жылы жылу жүйелерін кеңейту жұмыстары біткен соң барлық көшелер асфальтталады.
Сонымен қатар өткен жылы ықшамауданды жылумен қамту бойынша мәселелер туындағанын жасырмаймыз. Уақытша тұрғын үйлердің жертөлесіне насос қойылды. Бірақ бірінші қабатта тұратын тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Биыл мәселе толығымен шешіледі. Ықшамауданға кіреберісте станция салынып жатыр.
Ал «Бурыл» алқабында мектепке баратын және қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелерге асфальт төселеді. Биыл мердігер жұмысын бастап кетті. Жол төселсе қоғамдық көлік мәселесі де шешіледі. Жақында қалаға 50 жаңа қоғамдық көлік келеді. Оған дейін алқапқа жол салынса, қоғамдық көліктердің жүру жиілігі де қысқарады.
«Түйте» каналына биыл тазалық жұмыстары басталып, ағаш егіледі. Келесі жылы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. 2024-2025 жылдары каналдың бойын абаттандырып, демалыс орнына айналдыру жоспарымызда бар.
Сол секілді байланыс және интернет сапасының нашарлығы тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін сұрақ десек те болады. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, «Бурыл» алқабында екі жер учаскесін бөлдік. Жуық уақытта қосымша байланыс мұнарасы қойылады.
Сіздердің әрбір ұсыныстарыңыз, сұрақтарыңыз біздің назарымызда. Әрбір мәселе бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дегенмен мәселенің бәрін бір жылда шешу мүмкін емес. Кезең-кезеңімен жоспарға сай шешімін табады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы әр тұрғынның сұрағына жеке-жеке жауап беріп.
Жиынды қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша қала әкіміне тапсырмалар берді.

Талғат НҰРХАНОВ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.