Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады

0 335

Тараз қаласы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Игі шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, конкурстың маңызы мен мақсатына тоқталып, барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға ризашылығын жеткізді.

– Бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында: «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.

Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс»,-дей келе отбасының рөліне айрықша тоқталғаны белгілі.

«Отан – отбасынан басталады»!

Демек, Мемлекеттің мықтылығы – әр отбасының беріктігінен, әр әулеттің татулығынан, ондағы түзу тәрбиенің негізінен өзек алады.

Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы дәстүрге айналып, биыл оныншы рет өтуде.

Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мен некенің жағымды үлгісін көрсету, отбасы мәртебесін арттыру, мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы – өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу.

Ел ішінде құрметке бөленген ардақты да берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар аз емес.  Қазыналы қариясын қадірлеп, ата-анасын ардақтаған, балалары бақытқа бөленіп,  жарасымды жанұя атанып отырған отбасылар – бүкіл  қоғамның айнасы,-дей келе Нұржан Нұржігітов конкурс жеңімпаздарын құттықтады.

«Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлдені (500 мың теңге) Шу ауданынан Мадалиевтер жанұясы жеңіп алды.

Мадалиевтер отбасы Шу  ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан белсенді, меценат жанұя. Отбасындағы 5 ұл, 5 қыздан 30 немере, 21 шөбере өсіп келеді. Отбасы Шу ауданындағы тұрмысы төмен 3 отбасыға демеушілік көрсетіп, баспана сатып алып берген. Отанасы Мадалиева Шымшық «Қайырымдылық керуені» V республикалық конкурсының «Туған жер» номинациясы бойынша ІІ орын иегері болса, ұлы Мадалиев Сағадат 2019 жылғы «Жомарт Жүрек» байқауының облыс бойынша жеңімпазы.

Ал, бірінші орынға (400 мың теңге) Мойынқұм ауданынан Исабековтер отбасы ие болды.

Сондай-ақ, ІІ орынға (300 мың теңге) тараздық Сметовтар және Утеповтар, III орынға (200 мың теңге) жуалылық Сұрымбаевтар және таластық Иманбаевтар отбасылары ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және сертификаттармен марапатталды.

Жеңімпаз атанған Мадаливтер отбасының отанасы Шымшық Мадалиева игі шараның тағлымды тұстарына тоқталып, өз әсерімен бөлісті.

Айта кетейік, жыл сайын шараға қатысушылардың қатары артып келеді.

Облысымызда 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін байқауда 1800-ден астам отбасы бақ сынады.

Олардың 60 пайызынан астамы көпбалалы, 195-і интернационалдық отбасы.

Биыл байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 301 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.