Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті

0 490

Қазіргі таңда халықтың азаматтық секторға деген сенімі күннен күнге арта түсуде. Жергілікті билік аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде бірлескен сәтті жұмыстар мен азаматтық бастамаларды қолдауды одан әрі жалғастыруға ниетті.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және өкілдерімен өткен еркін форматтағы кездесуде осылай деді. Басқосуда ҮЕҰ өкілдері тарапынан облыс әкіміне бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер сараланды.

Кездесуде аймақ басшысы алдымен азаматтық сектор өкілдерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне тоқталып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен болашақтағы жоспарлар жөнінде қысқаша айтып өтті.

Басқосуда қоғамдық бірлестік өкілдері өңірдегі түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған 30-дан аса ұсыныс-пікірлерін облыс әкімінің назарына ұсынды.
Мәселен, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нілзия Рахишева ұлттық идеологияның мазмұнына аса зор мән беру керектігін жеткізсе, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің  Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекшісі  Нәзима Жұбандықова Тараз қаласындағы қазандықтар мен жылу құбырларын жөндеу және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттерді спорт бөлімдерінің балансына беру жолдарын қарастыруды сұрады. Сондақ-ақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қауымдастығы»  қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Жанна Мамашева облыстық және қалалық мәслихат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына мән беріп, кері байланыс қағидатының іс жүзінде орнығуына ықпал етуін өтінді. Ал, «Жамбыл облысының Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бердалиев жергілікті билік тарапынан желтоқсаншыларға тиісті көңіл бөлінуі қажеттігі мен өңірдегі мал базарларының жұмысы халыққа тиімсіз екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анар Бексұлтанова мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмауы мен ұлттық қол өнерге тиісті қолдауға көрсетуді сұрады.

Облыс әкімі көтерілген барлық мәселелер аймақ үшін маңызды екенін атап өтіп, алдағы уақытта заңға сәйкес жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын атап өтті.

Ұтымды ұсыныс-пікірлерді оң бағалаған аймақ басшысы олардың жүзеге асуын қамтамасыз етудегі мәселелер бойынша жауапты тұлғаларна нақты міндеттер жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.