Жаз айларында балалардың демалыс уақытын тиімді өткізу үшін мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмыстарын маусым айының 1-нен бастап қолға алған болатын. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мен тұлғалық дамуы қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі. Төтенше жағдайлардың болмауы үшін елімізде Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен арнайы жоспарлар бекітілген. Облыс аумағында оқушылардың жазғы демалыстарының ұйымдастырылу ахуалы қандай? Осы мәселелер Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.
Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Орынбекқызы биылға жоспарланған лагерьлердің жай-күйі бойынша баяндама жасады.
– Мектеп жанындағы бір мезгіл тамақтанумен 390 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеді. Жалпы 31 940 бала қамтылды. Оның ішінде 29 314 көп балалы және аз қамтылған отбасының балалары тегін тамақпен қамтылған болса, 2 626 бала ата-анасының демеушілігімен легерьге демалысқа жіберілді. Сонымен қатар, 11 қала сыртындағы сауықтыру орталығының 8-і жұмысын жүргізуде. Оның ішінде 4 мемлекеттік, 4 жекеменшік лагерьлері көп балалы, аз қамтылған отбасының жоспарланған 7 683 баласының 5135-і немесе 66,8%-ы қамтылды. Сондай ақ, бүгінгі күнге дейін тосын оқиғалардың тіркелмегенін, балалардың қауіпсіздігі бойынша барлық қызмет түрлерінің жасалып жатқанын мәлімдеді. Барлық лагерьлерге күн сайын сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, жан-жақты бақылау болатынын жеткізді.
Лагерьлердің жұмыстарына оң баға бере отырып, кеңес мүшесі Әйкерім Дәулетбаева өз ұсынысын айтты. Бүгінгі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі балалар жазғы лагерьмен қамтамасыз етілмеген. Бұл балаларда басқа оқушылар секілді демалуға құқылы. Ерекше жаратылған жандар қоғамнан шет қалмауы қажет. Осы мәселені қолға алып анықтауды және шешім шығару керектігін атап өтті.
Президент Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді. Осыған орай әр облыс өз деңгейінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, мейлінше қолдау көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында 1348 іс-шара мен акция ұйымдастырған. Жасалып жатқан жұмыстар өз кезегінде нәтижесін береді деген үміттеміз. Сөз соңында ұсынылған ұсыныстар мен айтылған ескертпелерді шешу қолға алынатыны айтылды.
Облыстағы дін істеріне қатысты мәселелер талқыланды
Басқосудың екінші спикері облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Сәрсенбайұлы алқалы жиында облыстағы атқарылған шаралар есебін көрсетіп баяндама жасады. Сондай-ақ, облыста құрамы 125 мүшеден тұратын дін саласындағы 17 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жасайтынын атап өтті. Жыл басынан АТТ мүшелерімен офлайн форматта 576 іс-шара өткізіліп, оған 16 мыңнан астам мақсатты топ өкілдері қамтылса, онлайн форматта АТТ-мен 109 іс-шара өтіп, оған 8 мыңнан астам контингент жұмыс атқарылған.
Жаңа нұсқа бойынша ҚМДБ тарапынан бекітілген оқу-ағарту, уағыз-насихат, қайырымдылық және теріс ағыммен күрес бағыттары бойынша жалпы мәлімет беріліп, арнайы «Студия» арқылы «Әулие-Ата» діни танымдық бағдарламасының 11 шығарылымы түсіріліп, ютуб видеохостингінде орналастырылып көпшілікке ұсынылған.
Жиналыс барысында айтылған шаралар есебіне қатысты кеңес мүшелері сұрақ-жауап қойып, ұсыныстарын білдірді. Кейбір құлшылық ордаларындағы кемшіліктер жайы ескертіліп, келесі жылғы жоспарға енгізу жайттары айтылды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ.