Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқушылар жазда қайда демалады?

0 322

Еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, кезекті оқу жылы өз мәресіне жетті. Алда – жазғы демалыс. Осы орайда жамбылдық оқушыларға қандай жағдайлар жасалуда? Сауықтыру шаралары жоспарланған ба? Карантин кезінде демалысқа кімдер бара алады? Тамылжыған жазда балалардың демалысы үйде өтеді ме деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Арайлым Шабденова

Елімізді ғана емес, әлемді жаулаған індеттің салдарынан бірқатар мекемелер онлайн қызмет көрсетуге көшкені белгілі. IV тоқсанды онлайн оқып, соңғы қоңырауға бармаған оқушылар күні кеше кітаптарын өткізіп, жазғы демалысқа да шықты. Иә, жазда ойын баласын үйде ұстай алмайтынымыз белгілі. Еліміз төтенше жағдайдан шыққанымен, карантиннен шықпады. Бұл орайда қалалық білім бөлімінің мамандарымен хабарласып, алдағы жаздың жоспарын білген едік.

Биыл 11 қала сыртындағы сауықтыру лагері, оның ішінде 4 мемлекеттік, 2 сенімгерлік басқаруға берілген, 5 жеке меншік лагерінің жұмыс істеуі жоспарлануда. Демалыс нысандарын маусым айында ашу жоспарда екен. Мемлекеттік лагерьлер жоқ Байзақ, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарының және Тараз қаласының білім бөлімдері қала сыртындағы лагерьлерде балаларды сауықтыру бойынша конкурстар өткізеді екен. Жалпы биылғы жылы 8,5 мыңға жуық бала лагерьлерде демалуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар көптеген балаларды жазғы демалысқа қамту үшін биыл 360 бала өңір мектептерінің аумағында 17 шатырлы лагерьде демалады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте жетім және қамқорсыз қалған балалар, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ олимпиада, конкурс жүлдегерлері қамтылады. Санитарлық талаптардың сақталуы қатаң және тұрақты бақыланады. Күніне 2 рет (таңертең-кешке) ультракүлгін кварцтау және күніне 2 рет балалардың температурасын өлшейтін болады. Күніне 5 реттен кем емес ылғалды жинау қатаң бақылауда. Сондай-ақ лагерьге бөгде адамдардың кіруіне шектеу қойылады.

Әдетте қаланың баласы далаға, ауылдағысы қалаға қашады. Ондағысы – мектеп пен үйдің арасында өткен тоғыз айдың есебін түгендеу. Ал биыл бұл жоспар қалай болатындығы алдағы уақыт еншісінде. Әзірге тек үйде болып, балаларыңыздың бос уақытын тиімді жоспарлаңыздар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.