Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқушылар өнер байқауында бақ сынады

0 357

8-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық «Ақберен» өнер  байқауының облыстық кезеңі тартысты өтіп, өнерімен оза шапқан дарынды жастар жеңімпаз атанды.

Аталмыш байқауды Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып өткізді.  «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында бас қосқан оқушылар өнерлерін ортаға салып, нағыз мықтылар анықталды.

Байқауға аудандық, қалалық білім беру ұйымдарының және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 79 оқушы қатысты. Облыстық іріктеу кезеңінде оқушылар алты аталым бойынша сынға түсті. «Шешендік, білгірлік сайысында» оқушылар қазылар алқасы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. «Көркемсөз  оқу» аталымында қатысушы өзі таңдаған шығармадан үзінді оқыса, «Эссе жазу» аталымы бойынша қазылар алқасы тарапынан ұсынылған тақырыпқа балалар эссе жазды. Сондай-ақ, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» аталымында өнерпаз бір шығарманы ұлттық аспапта орындауға тиіс болды. Байқаудың тартысты тұсының бірі – Ақындар айтысы. Қатысушылар жеребе арқылы жұпқа бөлініп, берілген тақырып бойынша суырыпсалма ақындық қабілетін көрсетті. «Ақындар мүшәйрасында» жас ақындар өз шығармашылығынан өлең оқыды.

Байқаудың мақсаты – дарынды оқушылардың  шығармашылық қабілетін шыңдау. Тапқырлық қырын, дарынын танытуға қолдау көрсетіп, ары қарай дамуына жол ашу. «Ақберен» өнерлі жастар арасындағы байқауға Есет Досалы, Қасқырбай Нарбатыров, Айтмұханбет Исақов сынды ақын, сөз зергерлерімен қатар жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері де төрелік етті.

Қызықты әрі тартысты өткен сайыста «Ақындар айтысы» аталымы бойынша Тараз қаласы №3 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабай жеңімпаз атанды. «Шешендік білгірлік сайысында» Меркі ауданы Т.Қожекеев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Жанайым Есеналы сөз саптаудың озық үлгісін көрсете алды. «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша Талас ауданы Ақкөл орта мектебінің  11-сынып оқушысы Алдияр Жүзбай жеңіп шықты. «Эссе жазуда» Т.Рысқұлов  ауданы Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Алина Тойлыбай  жеңімпаз атанды. «Ұлттық аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Ахмет Зейін өз өнерімен озды. «Ақындар мүшәйрасы» аталымы бойынша Тараз қаласы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының 8-сынып оқушысы Іңкәр Жаңабайдың жыры үздік деп танылды.

Облыстық байқауда оқ бойы озық болған оқушыларымыз ендігі кезекте республикалық деңгейде өз өнерлерін көрсетеді.

Жастардың бойына ұлттық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті жете меңгеру, сөз өнерінің қадір-қасиетін түсініп, ақындық шеберлікті шыңдауды мұрат еткен байқауда ұлтымыздың өнерін ұлықтайтын, талантты да талапты, жігерлі де жалынды жастар өнер көрсетті. Әділқазы алқасы да балалардың өнеріне жоғары бағасын, ақ батасын беріп, жүрекжарды тілектерін арнады.

Альбина Орақова

«Жамбыл  дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының  «Дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қолдау»  бөлімінің әдіскері

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.