Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқ пен оттың ортасындағы ғұмыр

0 455

«Ажалдан бұрын өлмессің, жалаңаш бар да жауға ти» деп ұрандатқан Махамбет Өтемісұлының өлеңінде түйінді шындық жатыр. Жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысында небір жүрек жұтқан батырлардың өзі ажал құшты. Біздің кейіпкеріміздің тартысқа толы тағдыры «Қырық жыл соғыс болса да, ажалы жеткен өледі» дегенді растап тұрғандай. Махмұт Бесімбаевтың өмірі шым-шытырыққа толы шығарма секілді. Біз мұны майдангердің үйіне барып әңгімелескенде білдік.

Сәндібек ПІРенов

Атақ, даңқ, дәреже, билік, мансап деген нәрсеге адамзат баласы жетуге талпынады. Себебі баяғы зұлмат күндерді көрмек түгіл, естімегендер де бар. Біздің кейіпкерімізді мұндай сұрақтар алаңдатпайды. Ол өзінің азаматтық парызын адал орындады. Жарақат алды, бірақ ол жарақаты жанның жарасынан ауыр емес те еді. Махмұт Бесімбаев өткен күндерді еске алғысы келмейді. Біз де ескі жараның орнын тырнамауға тырысып бақтық. Ол 1924 жылы 1 қаңтарда Талас ауданы, Бостандық ауылында туған. Балалық шағы ашаршылықпен тұспа-тұс келіп, кейіпкеріміздің «қос қанатын» өзімен бірге алып кетті. Содан ол қалаға, нағашыларына баруға амалсыз мәжбүр болған.
Дала тас қараңғы, аспан асты, жер үстінде дүрбелең басталғандай. Қатқан нанның өзін сағынып жеуге мәжбүр болған күндер. Тек ертелі-кеш ойын қуып жүрген балалар ғана алаңсыз. Олардың өзі ас іздеуге шығады. Бала Махмұт араға уақыт салып өзінің бүгінге дейін жететінін білмесе керек, бірақ адамның басты қаруы сенім ғой. Содан ол жиенімен сыртқа шығып тамақ іздеуді әдетке айналдырған.
– Сол Төрткөлде жүргенде, жиенім екеуміз аштықтың зардабы қатты тартқаннан болар, көшеден тамақ іздеуге шығатынбыз. Сөйтіп жүргенде, кім екенін білмеймін, біреу (милиционер болса керек) ұстап алып, қазіргі орталықта бір үй болған, сонда бізді әкеліп қамап қойды. Біз баламыз ғой, қайда баратынымызды, не істейтінімізді де білмедік. Жиенім маған қарағанда еті тірілеу болды ма, әйтеуір қамаудан қашып кетті. Мен қалдым. Арада неше күн өткенін білмеймін, әйтеуір бір күні ас-ауқат әкеліп берді. Сөйтіп, мені басқа да балаларға қосып, пойызбен алып кетті. Қанша күн жүргеніміз есімде жоқ, әйтеуір Ақбұлақ деген жерге алып келді. Оны кейін білдім, сөйтсем, Ресеймен шекаралас орналасқан аймақ екен. Балалар үйіне келіппін. Ақырында сол жердің тәрбиесін алып, сол жерде оқыдым, – деп еске алады ардагер.
Иә, бұл оқиғадан бұрын Махмұт атаның ауыл молдасынан әуелі арабша, кейін латынша хат танығаны бар. Онда да жазуға арналған парақтар жоқтың қасы. Сол дүрбелең шақта жазуға арналған қағаз-қаламға тек балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ғана емес, жалпы үйінде тұратын балаларға да жеткіліксіз болыпты. Қалам болған күннің өзінде бүтіні екінің біріне бұйыра бермейді. Әйтеуір сол мүжілген қаламдарды қолынан тастамайтын Махмұт сурет салуға қызығушылық танытып, тіпті жазуға арналған парақтардан бос орын қалдырмаған. Сөйтіп жүргенде, бір күні жас өреннің өнерін байқаған тәрбиешілер оң қабақ таныта бастайды. Ақыры солардың көмегімен Махмұт 1940 жылы Украинаның Киев қаласына училищеге оқуға барады. Уақыт өте сурет салудың түрлі тәсілдерін меңгере бастайды. Ашаршылықтан кейін жағдай тіктеле бастаған кез, араға бір жыл салып алаңсыз халықтың басына үлкен нәубет келеді. Ол 1941 жылы басталған соғыс еді.
Жастық шақ, түрлі бояулармен көмкерілген тұмса табиғат бозбала суретшінің қаламымен тіпті көркем көрінетін. Кешқұрым серілік құрып, қыздармен серуенге шығатын күндер. Сұлудың сол қолынан ұстап кинодан қайтып келе жатқан жастардың ішінде Махмұт та жүр. Кенет жаймашуақ сәт бірден ғайып болып, дүрбелең басталды да кетті. Кинодан қайтқан екі жас алып ұшып училищеге де жетті. Жүрегі шайлығып қалған адамдардың зәресін алған бәлекет соғыстың басталғаны туралы хабар екен. Мұның бәрі тегін емес екенін Махмұт та іштей түсініп болғанша, училищенің жертөлесіне жиылған бозбалаларға әскери адам келіп: «Ал, жігіттер, әскерде борыштарыңды өтегілерің келе ме?», – деді. Бала кезде сол офицерлердің формасын киюге құмартқан жастардың басым көпшілігі өз өмірінің желісі осылай өзгеретінін түсінбеген де.
– Содан жедел жеткен әскери адамның айтуымен қыз балалар мейірбикелікке барса, ал біз өз еркімізбен борышымызды өтейміз дестік. Содан бірер күннен кейін қаладан шамамен 30 шақырымдай жердегі әскери дайындық жүргізетін аймаққа жеттік. Қару-жарақ ұстауды үйрене бастадық. Мен бала кезімнен ширақ әрі епті болып өскенмін. Қысқасы, сол жерде бір аптадай оқу-жаттығудан өттік. Содан не керек, бізге бұйрық келіп, отқа оранған майданның артқы шебінде жүретін болдық. Окоп, блиндаж қаздық. Сонда бір жыл, екі айда Киевтен Сталинградқа дейін жаяу өттім. Шегініп жүрген сарбаздарға жағдай жасалмады. Тіпті жарытып ас ішу де арманға айналған. Жемеген нәрсеміз қалмады, әйтеуір жан бақтық, – деген ардагердің көзіне жас келді.
Махмұт ата Сталинградқа жеткенде, онымен бірге қасында 17 адам ғана қалыпты. Қалғандары тірі ме, әлде жарық дүниемен қоштасып кетті ме, белгісіз. Сталинградқа жеткен сарбаздардың саны аз болғандықтан, Махмұт Бесімбаевтардан күдіктеніп, сұрақтың астына алып, қамауда ұстаған. Бұл тосыннан қосылған топты тек төрт күннен кейін сол уақытта шегіне жүріп ұрысқа түскендер екеніне нақты сеніпті.
Махмұт ата майдан даласында мотоатқыштардың құрамында болған. Сонда жүріп полк командирі Николай Ковалевпен танысады. Екі жылдай сонымен емен-жарқын араласып, серігіне айналып үлгереді. 1942 жылы күз айында Махмұт ата екінің бірі тап бола бермейтін оқиғаны бастан кешіреді. Ас-ауқат ішіп алған соң, «Сталинград маңындағы трактор шығаратын зауытты қорғаймыз» деген бұйрық келеді. Жауынгерлерге сан тарапқа шашырап, тығылып отыру керек болған. Махмұт сол маңдағы бір үйге тығылып, жау келсе, жаншып қаламын деген оймен отырады. Осы сәтте жарты сағаттан кейін енді қозғала берген Махмұтты үйдің үстіңгі қабатынан сәбидің жылаған дауысы кілт тоқтатады. Шыр-пыр болып екінші қабатқа көтерілсе, қанға шомылған боп-боз баланы көреді. Жарақат алған болар деп денесін тексерсе, бала дін-аман екен. Сәлден соң ол бөлмеде мерт болған баланың анасын байқайды. Сөйтіп, көк көз баланы жуындырып,, командирге барып, болған жайды баяндайды. Командир Махмұтты іркімей 2-3 шақырым жердегі санбатқа апаруды тапсырады. Кім ойлаған? Сөйтіп, есімі белгісіз баланың тегін Бесімбаев, есімін Бақыт деп Махмұт атаның өзі қояды.
Оқ қарша борап жатқан майданда қашан ажал құшады екенмін деген оймен емес, елімді азат етемін деп соғысқа кіру – нағыз батырға тән қасиет. Бірақ қараңғы түскенде снарядтар мен жалт еткен оқтың жарығы жүректі шайлықтырып жіберетіні сөзсіз. Махмұт ата сондай бір соғыста жарақат алып, госпитальге түседі. Жау жағадан алғанда, омалып отыру да жігітке сын. Қазан қаласында 7 айдай жатып, қайта жауынгерлердің қосына қосылады. Сол өзі шегініп жүріп ұрысқан Ленинградқа қайта барады.
1943 жылы, Махмұт атаның айтуынша, жоғары жақтан шенділер келіп, жастардың барлығын жинап, 20-30 жауынгерді іріктеп, ұшақпен алып кетеді. Кейін сұрастырып білсе, іріктелген сарбаздар Мәскеу түбіндегі Скоп деген қалаға барыпты. Онда парашютпен секіретін сарбаздарды (десант) дайындайтын көрінеді. Жауынгерлер 2 айда 25-30 рет парашюттен секіріп машықталған.
– Дайындық бітті-ау дегенде, бізді қайта ұшаққа отырғызып алып кетті. Қайда баратынымызды бір Құдай біледі. Сол кез 1943 жылдың қысы еді. Тағы да ұшақтан секірдік. Ішімнен 10-ға дейін санап, тартқышты тартып қалдым, парашют ашылмады. Екінші мәрте тарттым, көзімді тарс жұмдым, бәрі бітті дедім. Бір кездері тасырлаған дауыс шықты. Есімді жоғалтып алдым. Кейін сұрастырсам, бір апта ес-түссіз жатыппын. Құлаған сәтте ағашқа ілініп қалып, 7-8 жерімнен жарақат алыппын.
Махмұт Бесімбаев сол оқиғадан кейін ауыр жарақат алмаған соң, госпитальге бармаған. Олардың мақсаты Ленинградқа азық-түлік жеткізу болған. Арада екі ай өткен соң, 1943 жылы Сталинградқа дивизия келіп, қаланы азат ету басталады. 1944 жылы шабуылды күшейтіп, 100-ден аса шағын ауылды жаудан босату, соның ішінде Харьков, Минск, Киев қалаларын азат ету кезінде Махмұт ата да сарбаздардың шебінде болған. Олар шекара асып, Румынияда болып, кейін Германияға кірген. Бірақ Берлинге 72 шақырым қалғанда, Одер өзенінің бойында жарақат алып, Польшаның Варшава қаласында госпитальге жатады. Сол жерде әзер сөйлеп, тілге келіп жатқанда, Кеңес әскері Берлинге кіріп, «соғыс бітті» деген хабар келеді.
– Соғыс біткеннен кейін, Польшадан Новосибирскіге бардым. Сол кезде бізді Жапонияға жібермекші болған екен. Бірақ мен бармадым. Сөйтіп, Томскіге жіберді. Онда тұтқынға түскендерді қарауылдауға қатыстым. 1953 жылға дейін сонда жүрдім. Сосын елге оралғанда, 21 жыл орыстың ішінде болған соң, қазақшаны ұмытып қалғанмын. Елге келіп, сол баяғы Төрткөл көшесіндегі әжемнің қыздарын іздеп таптым. Бәрі қазақша сөйлейді, түсінемін, бірақ жауап қайтара алмаймын. Соғыстан келген жылы өмірлік жарым Тойған Сәтбаеваны кезіктіріп, отау құрдым. Екеуміз 5 бала, 4 қыз тәрбиелеп өсірдік. Бір қыз, бір ұлым өмірден өтті. Әйелімді де 3 жыл бұрын ақтық сапарға шығарып салдым, – дейді Махмұт Бесімбаев.
Майдангердің шытырманға толы өмірі шағын бір әңгіме тәрізді. Әңгіменің ең қызық жері – 1943 жылы бөлініп кеткен полк командирі Николай Ковалевпен 1953 жылы Жамбылда жолыққан шағы.
– Содан не керек, сол кездегі Ленин атындағы парктың маңында суретшілер шеберханасына барсам, басшысы Николай Ковалев екен. Дәл өзі. Ол мені қарамағына алып, сурет салуды үйретіп, шебер суретші болдым. Менің ұстазым, туан әкемдей болды, – деп қарулас досымен өмірінің соңғы сәтіне дейін болғанын айтты.
Махмұт Бесімбаев ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдерімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдарында халық шаруашылығының әртүрлі салаларында қызмет атқарған. 27 жылдан астам уақыт суретші болған. Өзінің 96 жасында да қимылы ширақ, денсаулығы жақсы. Батырдың өмірі тек отбасына ғана емес, барша қазақ халқына үлгі боларлық. «Батыр туса – ел ырысы» деген осы екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.